Ұйғыр ауданына қарасты Бахар ауылы тұрғындары бүгінгі референдумда асқан белсенділік танытуда. №921 дауыс беру учаскесінде 1288 дауыс беруші бар. Бес сағат ішінде олардың 40 пайыздан астамы учаскеге келіп, өз таңдауларын жасады.
Солардың арасында 72 жастағы қария Айдархан Ақмолда да бар. Аталмыш референдум учаскесіне 500-ші болып келген қарияға комиссия мүшелері шағын сыйлықтарын табыстады. Ойламаған жерден олжалы болған атамыз алғысын айтып, батасын берді. «Бар ғұмырым мал бағумен өтті. Қазір балаларым білім алып, сүйікті жұмыстарын істеп жатыр. Тұрмыстары да жақсы. Олардың осындай бейбіт күнде, тәуелсіз мемлекетте өмір сүруі саясатымыздың дұрыстығынан. Ал бүгінгі референдум да ел дамуына өз үлесін қосары сөзсіз. Сондықтан балаларымның, немере-шөберелерімнің болашағы үшін, олардың заңды, ашық, тәуелсіз мемлекетте алаңсыз өмір сүруі үшін таңдау жасадым», – деп ойын ортаға салды. Атамыз балаларына да «барып дауыс беріңдер, ол сендерлдің болашақтарың» деп учаскеге алып келгенін де айтты.
Байқағанымыз, бахарлықтардың жас-кәрісі де белсенді екен. Отбасымен бірге келіп, мәре-сәре болып естелікке суретке түсіп жатқандар да болды. Қарт ата-анасын алып келіп, бірге дауыс берген жас жұбайлар да кездесті. Барлығының көздегені бір мақсат. Ол – жарқын болашаққа үлес қосу.
Анар Дүйсенбайқызы
Ұйғыр ауданы




