Іле ауданының Байсерке ауылындағы №401 референдум учаскесінде дауыс беру ерекше мерекелік форматта ұйымдастырылды. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өткізілген «Шұбат Party» шарасында ауыл тұрғындары тек өз таңдауын жасап қана қоймай, ұлттық сусыннан дәм татып, мерекелік көңіл-күйге бөленді.
Таңертеңнен бастап ауыл тұрғындары дауыс беру учаскесіне ағылды. Кейбірі отбасымен ертерек келсе, қалғаны үй шаруасын реттеген соң жетті. Дауыс бергеннен кейін әркім бір-біріне ізгі тілектерін айтып, ұлттық сусын –шұбаттан дәм татты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастама қазақ халқының қонақжайлық дәстүрін паш етеді. Ауылдың жергілікті шаруалары әзірлеген шұбат бәріне ұнады. Әсіресе, таңғы уақытта адамдарға сергектік сыйлады.
Сайлау учаскесінде комиссия мүшелері азаматтарды тіркеп, дауыс берудің заңдық тәртібін қатаң сақтады. Байсерке тұрғындары маңызды шараға белсене қатысты.
Осындай ерекше форматтағы дауыс беру ұлттық дәстүр мен азаматтық жауапкершіліктің үйлесімін көрсетті.
Іле ауданы




