Референдум күні тұрғындардың денсаулығына ерекше көңіл бөлу мақсатында Іле ауданындағы бірнеше дауыс беру учаскесінің маңында «Денсаулық – зор байлық» атты медициналық акция ұйымдастырылды. Шара аясында арнайы жабдықталған көшпелі медициналық автобус қызмет көрсетіп, учаскеге келген азаматтарға тегін алғашқы медициналық тексерулер жүргізілді.
Акция барысында медицина қызметкерлері тұрғындардың қан қысымын өлшеп, жалпы денсаулық жағдайына қатысты алғашқы тексерулер жасады. Сонымен қатар азаматтарға скринингтік тексерулердің маңыздылығы, түрлі аурулардың алдын алу жолдары және салауатты өмір салтын ұстанудың пайдасы жөнінде кеңестер берілді.
Медицина мамандарының айтуынша, мұндай профилактикалық шаралар денсаулық мәдениетін қалыптастыруға, аурудың алдын алуға және азаматтардың өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Акцияға қатысқан тұрғындар да бастаманы оң бағалады. «Бүгін еліміз үшін маңызды күн. Мен де өз дауысымды бердім. Сонымен қатар денсаулығымызды да тексертіп, пайдалы кеңес алдым. Мұндай шаралар халыққа өте қажет», – деді Өтеген батыр ауылының тұрғыны, зейнеткер Гүлмира Сауданова.
Осылайша, референдум тек саяси маңызды оқиға ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың денсаулығына көңіл бөлінген, қоғам игілігіне бағытталған пайдалы бастамалармен де есте қалды.
Іле ауданы




