Референдумға елдегі саяси партиялар да белсенді қатысып жатыр. Өйткені жаңа Конституцияда партиялардың Парламент, яғни Құрылтайдағы фракциясының жұмысына қатысты баптар бар.
Дауыс берген саяси партиялардың өкілдері тәуелсіздік пен ұлттық бірлікті Конституция деңгейінде бекіту, Құрылтай бақылауын күшейту, білім мен ғылымды дамыту басымдығы, әлеуметтік кепілдіктер, меншік құқығын қорғау, мемлекеттің экологиялық жауапкершілігі, азаматтардың цифрлық құқығы және негізгі шешімдер қабылдау елімізді жаңа тарихи кезеңге бастайтынын жеткізді. «Еліміз үшін Конституциялық жаңғыру уақыт талабы. Бұл өзгерістер мемлекеттің ашықтығын арттырып, азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтеді. Сөз жоқ жаңа Конституция тұрақты даму мен әділетті қоғам құруға бағытталған маңызды қадам деп санаймын. Әсіресе, адам капиталына, әлеуметтік кепілдіктерге және қоғамдық диалогқа басымдық берілуі болашақ ұрпақ үшін берік негіз қалыптастырады. Бұл оң өзгеріс бизнес үшін ең маңыздысы тұрақтылық пен түсінікті ережелер. Конституциялық өзгерістер осы бағытта нақты нәтижеге әкелсе, кәсіпкерлік ортаға оң әсер етуі мүмкін. Елімізде заң үстемдігі артқан сайын кәсіпкерлер болашаққа сеніммен қарап, инвестиция салуға дайын болады. Сонымен қатар мемлекеттік институттардың тиімділігі артса, әкімшілік кедергілер азаюы ықтимал. Бұл шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді. Мен бұл процесті жаңашылдыққа ұмтылыстың белгісі деп қабылдаймын» – деді өз таңдауын жасаған «Respublica» партиясының Алматы облыстық филиалы төрағасы Ержан Дүйсекенов.
Ерзат Асыл
Қонаев қаласы




