Жамбыл ауданының Ынтымақ ауылындағы Сағындық Оспанов атындағы орта мектебінің ғимаратында орналасқан №277 референдум учаскесінде мыңнан астам сайлаушы тіркелген.
Аталған референдум комиссиясының төрайымы Қарлығаш Нәдірбекованың айтуынша, таңғы сағат 7-де басталған саяси науқанға ең алдымен үлкендер келіпті. Дауыс берудің басталған сәтіне куә болып, алғашқы таңдауларын жасаған да ауылдың қадірлі қариялары екен. Ауылдың ардагерлері бұл науқанның еліміз үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді. Олар тұрғындардың мұндай істен қалыс қалмай, әркім өз қалауын білдіру керектігін жастарға үнемі айтып жүреді. Бұл ретте сайлау орнына бірінші болып келулерінің өзі де сол айтқандарын ісімен дәлелдеудің бір жарқын көрінісіндей. Артта өсіп келе жатқан жас ұрпақ олардың мұнысын көріп, олар да ел тағдырына қатысты шарадан қалмауға тырысатыны сөзсіз.
Аталған референдум учаскесіндегі жеті адамнан құралған комиссия мүшелері мұнда таң бозынан келіпті. Алтыдан аса олар жұмысқа сақадай сай тұрған. Сағат жетіде комиссия келушілерді қабылдай бастады. Бұл ауылда халықтың саяси науқанға қатысу белсенділігі жоғары екенін көрсетеді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы




