Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылындағы Сейдахмет Бердіқұлов атындағы орта мектебінің ауласын бұл күні ұлттық киімдегі қыз-жігіттер думанға бөледі. Домбырамен әуелете ән айтылып, ұлттық нақыштағы қызылды-жасылды әсем көйлек киген қыздар мың бұрала биледі. Бір шетте орнатылған алтыбақанның айналасында көңілді жастар тербетілді. Енді бір шетте тігілген киіз үйде наурызкөже таратылды. Ақ жаулықты әжелер ансамблі де осыннан табылып, жастарға үлгі-өнеге көрсетті.
Аталған мектептің мұғалімдері ұлттық нақышта киініп, жыл басында жасалатын көрісу амалын атап өтті. Бұл мектептің бір ерекшелігі -көпұлттылығында. Педагогикалық ұжымына қоса оқушылары да көпұлтты. Мұнда әсіресе түрік және ұйғыр этномәдени бірлестіктерінің мүшелері көптеп саналады. Мұндай шарадан олар ешқашан тыс қалған емес. Бүгін де ұлттық киімдерін киіп, ұлттық музыкалық аспаптарында өнер көрсетіп, қолөнер көрмелерін де ұйымдастырып жіберді. Осыннан зейнеткерлікке шыққан ардагер-ұстаздардың бірқатары аталған этномәдени бірлестіктердің белді мүшесі. Олар да мереке көрігін қыздыра түсті. Осылайша белгілі қаламгер Сейдахмет Бердіқұловтың атындағы білім шаңырағында саяси шарамен қоса мәдени-көпшілік мерекелік көңіл-күй салтанат құрды.
Бұл мектептің ғимаратында № 267 референдум учаскесі орналасқан. Референдум комиссиясының төрағасы Ақмарал Аққұлиева дауыс берушілер белсенді қатысқанын атап өтті. Мұнда 2627 сайлаушы тіркелген. Жасы 18-ге толған алғашқы дауыс беруші ретінде 11 жас өз таңдауын жасайды. Денсаулығына байланысты 6 адам үйден дауыс береді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы




