«Алатау арайы» газетінің №66 (83) 10 маусымдағы санында Ерзат Асылдың «Құжаты жоқтың құқығы да жоқ па?» деген мақаласы жарық көрген еді. Онда Еңбекшіқазақ ауданында қандастарымыздың ел азаматтығын ала алмай, әуре-сарсаңға түскені, Шелек ауылындағы көші-қон бөлімінде істеген Дәулет Қожанов есімді азаматтың өз қызметін дұрыс атқармағандығы салдарынан қаншама қандасымыздың жапа шегіп жүргені туралы жазылған болатын.
Осы мақалаға орай облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасынан арнайы жауап келді. Хатта былай делінген: «2023 жылдың 11 мамырында Еңбекшіқазақ аудандық полиция бөліміне қарасты Шелек полиция бөлімшесі ғимаратының алдына 25-ке жуық шетел азаматы жиналып,Шелек полиция бөлімінің көші-қон қызметі бөлімшесінің жұмысына наразылық білдірді. Соның негізінде облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері істің мән-жайын анықтаған. Белгілі болғаны: шетел азаматтары 2022 жылы Қазақстан Республикасының азаматтығын алу және Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алу үшін Шелек полиция бөлімінің көші-қон қызметі бөлімшесіне құжаттарын тапсырған.
Аталған құжаттарды Еңбекшіқазақ аудандық полиция бөлімі көші-қон қызметі бөлімшесінің бұрынғы бастығы, полиция майоры Дәулет Қожанов қабылдаған, алайда ол 2022 жылы 10 наурыздағы полиция департаменті бастығының №119 ж/қ бұйрығымен атқаратын лауазымынан босатылып, резервке жіберілген, одан кейін Еңбекшіқазақ аудандық ПБ ЖПҚБ учаскелік полиция инспекторының көмекшісі болып қызмет атқарған.
Жоғарыда аталған дерек бойынша, 24.05.2023 жылғы ақпаратқа сәйкес, жиналған 25 шетел азаматының 9-ның өтініші қабылданып, қарастырылуда, 2 азамат Қазақстан азаматтығын алды,14 адамның тапсырған құжаттарының бар-жоғының белгісіз болуына байланысты олардың арызы қабылданып, соның негізінде жұмыстар атқарылып жатыр.
Аталған дерек бойынша істің мән-жайын жан-жақты және мұқият тексеру жүргізу мақсатында облыстық полиция департаментінің жеке құрам жөніндегі инспекциясы және көші-қон қызметі басқармасымен 2023 жылдың 15 мамырында №159 бұйрығымен қызметтік тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде Құқық қорғау қызметі туралы Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы № 380-IV Заңының 80-бабының 13-тармағына сәйкес, құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін полиция майоры Дәулет Қожанов жұмыстан шығарылды.
Қазіргі уақытта Еңбекшіқазақ аудандық ПБ-ның көші-қон қызметі бөлімшесі Шелек ауылында тұратын шетел азаматтарының Қазақстан азаматтығын алуға және тұрақты тұруға берген өтініштері уақытылы тіркеліп, қарастырылып жатыр. Алматы облысы ПД көші-қон қызметі басқармасының қатаң бақылауында».