Болашақта еліміздегі бірінші АЭС салынатын жер ретінде таңдалған Жамбыл ауданына қарасты Үлкен ауылында тұрғындар республикалық референдумға белсенді қатысуда.
Үлкен ауылының тұрғыны, «KEGOC» АҚ қызметкері Ғалия Табулдиева республикалық референдумға әріптестерімен бірге келіп, өз таңдауын жасады. Аталған ауыл алдағы уақытта еліміздегі маңызды стратегиялық жобалардың бірі – атом электр стансасы салынуы жоспарланған елдімекендердің қатарында. Болашақта бұл ауылда мыңдаған маман кәсіби қызмет атқарып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін болады.
Саяси таңдау жасайтын орынға келген Ғалия Алтынбекқызы өз сөзінде бүгінгі науқанның маңызын былайша атап өтті:
– Мен, Үлкен ауылының тұрғыны, қарапайым жұмысшымын. Бүгін біз еліміздің болашағы үшін маңызды қадам – жаңа Конституция қабылдау жөніндегі референдум аясында өз таңдауымызды жасап отырмыз. Біздің ауылда болашақта АЭС салу жоспарланып отыр. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына, ауылымыздың дамуына үлкен мүмкіндік беретініне сенемін. Қазақстан халқы жасыл энергияның игілігін көреді. Сонымен қатар жаңа Конституцияда біз сияқты қарапайым жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға қатысты нақты шешімдер қарастырылған. Сондықтан біз бұл өзгерістерді бірауыздан қолдаймыз, – деді ол.
Үлкен ауылының тұрғындары осы елдімекенде орналасқан № 322 референдум учаскесіндегі маңызды саяси науқанға белсенді қатысып, ел болашағына қатысты шешімдерге жауапкершілікпен қарайтындарын көрсетуде.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы




