Қонаев қаласында облыстық ауқымдағы жиын болып өтті. Жиында еліміздегі, соның ішінде, облысымыздағы, әйелдер қауымының үлесіне тиіп отырған шағын және орта кәсіпкерлікке қатысты мәселелер сөз болды. Басқосуға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым төрағалық етті.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі шағын және орта кәсіпкерліктің жартысының басында әйелдер тұр. Жалпы ішкі өнім қалыптастыруда да нәзік жандар басқаратын топтың қосып отырған үлесі 40 пайызды құрап отыр. Тұтастай алып қарайтын болсақ, мемлекетіміздегі гендерлік теңдік мәселесі, соның ішінде, әйелдер кәсіпкерлігі, мемлекет саясатының басым бағытына ие. Мысал үшін айтсақ, осы жылдың соңғы алты айының ішінде қызмет етіп жатқан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 133,5 мыңға, соның ішінде, әйелдер басқаратын мекемелердің саны 5,1 мыңға жетті, яғни қызмет етіп жатқан субъектілердің 3,8 пайызын құрады. Мұның сыртында, берілген несиелерді кешіктірмей төлеу жағынан әйелдер қауымы ер-азаматтарға қарағанда тағы алда. Бұл жалпы әйелдер қауымының жауапкершілігінің жоғарылығына куә деуге негіз береді.
Әлемдік статистикада шағын және орта кәсіпкерлік бойынша несиелердің 9 пайызын әйелдерге берілген қаржы құрайды екен. Неге дегенде, әйел заты ресурс жұмсауды қажет ететін жобаларға келгенде көбінесе тиімділігі жоғары және тәуекелі аз салаларға күш салады. Қазақстан экономикасының гендерлік құрылымын саралайтын болсақ, әйелдер басымдық танытып отырған салалардың көбінесе әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталғанын аңғарар едік. Олар білім мен тәрбие, денсаулық, сауда салаларында басымдыққа ие. Сонымен қатар, нәзік жандар жылжымайтын мүлік, тұрмыс және тамақтану салаларында да белсенді. Әйелдерді қолдау жөніндегі ірі де негізгі құралдардың бірі 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба болып саналады. Оның аясында мынадай үш бағыт басымдыққа ие: несиелерді ішінара кепілдендіру, несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және қайтарымсыз гранттар. Осы жерде сандарға көшетін болсақ, биылғы 6 ай қорытындысы бойынша, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бойынша жалпы несиелік қаржысы 20,8 миллиард теңгені құрайтын 261 жоба қолдауға ие болса, соның ішінде, жалпы мөлшері 10,7 миллиард теңгені құрайтын 150 жобаны әйел кәсіпкерлер иеленген.
Несиелерді кепілдендіру аясында 118 жоба жалпы көлемі 3,0 миллиард теңге мөлшерінде қолдауға ие болса, соның ішінде жалпы құны 936,2 миллион теңгені құрайтын 41 жоба әйел кәсіпкерлердің үлесіне тиген. Өткен жылғы мемлекеттік гранттар бойынша мақұлданған, жалпы мөлшері 570,4 миллион теңге болатын 121 жобаның 294,6 миллионды құрайтын 62 жобасын әйелдер ұсынған. Ал 2021 жылы 442,9 теңге болатын 146 жоба әйелдерге берілген болатын. Сондай-ақ, облыстық кәсіпкерлікті қолдау басқармасы тарапынан, аймақтағы әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мақсатында Алматы облысының «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлер палатасының жанындағы әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталығымен бірлесе отырып, тұрақты негізде дөңгелек үстелдер, аудандар мен ауылдардың кәсіпкерлерімен кездесулер ұйымдастырылып, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде егжей-тегжейлі түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.
Мемлекетіміздің жүргізіп отырған саясатының және жасап отырған қолдауының арқасында әйелдер кәсіпкерлігінің үлесі артып, экономикамызға елеулі демеу көрсетіп келеді.
Бейбіт Мекеев,
Қонаев қаласы