Біз, кешегі кеңестік тоталитарлық жүйеде дүниеге келіп, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп отырған аға ұрпақ өкілдері – халқымызға берген осы нығмет үшін Жаратушыға шексіз алғыс айтумен келеміз. Иә, өткен жылдар ішінде жақсыны да, жаманды да басымыздан өткіздік. Кейбір істерге көңіліміз толмайтыны да жасырын емес. Дегенмен, ең бастысы мемлекетіміз сенімді түрде әлемдік өркениетке қарай қадам басып келе жатқанын жоққа шығаруға болмайды.
Күні кеше ғана жаңарған Ата заңымыз үшін өткен референдум қазақстандықтарды жұмылдырып, заң мен тәртіпті құрметтейтін, дамыған қоғам құру бағытын таңдап алғанын көрсетсе керек. Конституция баптарын талқылау бүкілхалықтық деңгейде өтіп, қоғамның барлық мүшелері белсене атсалысқаны да көңілге қуаныш ұялатты. Ал, дауыс берген күні жұртшылықтың жаппай қатысуы азаматтық ұстанымдарын аңғарса керек. Референдум өте ойластырылған, жан-жақты дайындық жасалған жағдайда өткенін атап айту керек. Барлық сайлау учаскелерінде тәртіп пен реттілік сақталып, өнерпаздардың концерттері халыққа жақсы көңіл-күй сыйлады деп есептеймін.
Біздің ардагерлер ұйымына кіретін ақ сақалды қариялар мен ақ жаулықты аналар бұл саяси науқаннан шет қалмай, белсенділік танытты. Үлкендерден үлгі алған жастар да өз таңдауларын жасап жатты. Енді заман мен уақыт талабына сай жаңарған Ата заңымыз ел игілігіне қызмет етеді деп сенемін.
Қанат Тәкебаев
Қаскелең қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы
Қарсай ауданы





