Референдум күні Қарадаладағы қалың жұрт таңнан бастап өздері бекітілген референдум учаскелеріне ағылды. Олардың арасында Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Алим Кебиров атамыз да бар. 103 жасқа келсе де, әлі тың, жүріп-тұруы ширақ атамыз бұл жолы үйінде емес, дауыс беру учаскесіне барып, таңдау жасауды қалапты.
Көзі қарақты, күнделікті жаңалықтан хабардар қария Мемлекет басшысының әрбір бастамасына қолдау білдіретінін айтты. «Конституция – еліміздің басты құжаты, біздің бейбіт заманда өмір сүруіміздің кепілі. Заман дамыған сайын бір орында тұрақтап қалуға болмайды. Сондықтан өзгеріс қажет. Жасым келсе де, әлі күнге дейін елімізде болып жатқан әр өзгеріске, әр жаңалыққа ден қоямын. Біздің жастығымыз соғыстың өртіне шырмалды. Талай досымыз, бауырларымыз соғыс даласынан қайтпады. Қазір де әлемдегі жағдайға алаңдап, еліміздің аман, жұртымыздың тыныш болуын тілеп отырамын. Өйткені соғыс ешкімді де аямайды. Жаспысың, кәрімісің, баламысың демейді. Ал біз бейбіт заманда, бірлігі мен татулығы жарасқан мемлекетте өмір сүрудеміз. Тыныш заманымыздың, бейбіт күніміздің қадірін білейік. Болашағымызға немқұрайлы қарамайық. Бұл – елдің дамуына, алдыңғы қатарлы мемлекет болуына бастайтын заң. Сондықтан оған бәріміз үлес қосуымыз керек. Сол себепті де мен өзім келіп, дауыс беріп, таңдауымды жасадым. Еліміз аман, бейбіт заман болсын!» – деп ғасыр жасаған қария ақ батасын берді. Елімізде болып жатқан оң өзгерістерге көңілінің толатынын айтты. Сонымен қатар тарихи күннің сәтті өтуін тіледі.
Бұл күнгі тағы бір ерекшелік – «Дауыс бер, өз ағашыңды отырғыз» акциясы болды. Ұйғыр ауданындағы «Қарадала орман шаруашылығы» қызметкерлері шын табиғат жанашырлары екенін референдум күні де дәлелдеді. Олар Шонжыдағы Жаңабай Құдайбергенов атындағы орта мектепке келіп, мектеп ауласына ағаш отырғызды. Бұл туралы Қарадала орман шаруашылығының басшысы Айдос Адабайұлы: «Бүгін – ел тарихындағы айтулы күн. Себебі Ата Заңымыздың жаңа нұсқасын бекіту үшін ел болып атсалысудамыз. Демек біз болашығымыздың іргетасын өз қолымызбен қалаудамыз. Мемлекет басшысының осындай маңызды қадамдарды халықпен ашық талқыға салып, азаматтардың таңдауына қоюы аса көрегендік деп білемін. Ағаш отырғызу арқылы ең әуелі азаматтық белсенділікті арттырып, тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға тартсақ, екіншіден, болашақ ұрпаққа бүгінгі тарихи күннің ескерткіші ретінде қалдыруды қаладық. Тал күннен-күнге, жылдан-жылға өседі, өркен жаяды, мәуелі бәйтерекке айналады. Саясына балаларымыз келіп тыныстайды. Мемлекетіміз де дәл сол ағаштай тамырын тереңге жайып, мықты, мығым болса деген тілегіміз бар. Сондықтан «Қарадала орман шаруашылығы» мекемесінің қызметкерлері білім ордасына 30 түп ағаш отырғызуды жөн көрдік», – деді.
«Дауыс бер, өз ағашыңды отырғыз» акциясы шынымен де көпке үлгі, өнеге көрсететін шара болды. Аудандағы тарихи білім ордасының жаңа ғимаратының ауласында енді референдім күні отырғызылған 30 түп ағаш жайқалып өспек. Орманшылардың бұл әрекетіне мектеп директоры Берікбай Атагелдиев те ризашылығын білдірді. Табиғат жанашырларына алғысын айтып, жас талдарды жауапкершілікпен күтіп-баптайтындарына сендірді.
Ал Мәдениет үйінің қызметкерлері учаскелерге барып, өнер көрсетіп, тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Аудандық Мәдениет үйінің директоры Салтанат Ешмұханбетова: «Алдымызда Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі келе жатыр. Онымен мұсылман қауымның қасиетті ораза айы да тұспа-тұс келіп отыр. Осы қос мерекемен қатар болып жатқан саяси науқан еліміздің тарихындағы ерекше күн ретінде есте қалсын деген ниетпен Мәдениет үйінің өнерпаздары бастамасымен дауыс беру учаскелеріне барып, халық әндерін шырқап, жарапазан айтудамыз. Бұл – дәстүрімізді жаңғырту, салтымызды сақтаудың да бір белгісі. Өнер ұжымының ұл-қыздары өздері бекітілген учаскелерде дауыстарын да берді», – деп референдумның маңызын жүрегімен сезініп, өнердің тілімен дәріптеген ол өнер ұжымдарының белсенділігі жоғары екенін айтты.
Ұлттық киім киіп, қазақ пен ұйғырдың төл аспаптарымен шырқалған әндерге риза көңілмен қарағандар да, тіпті бірге ән айтып, би билеген тұрғындар да кездесті. Қай дауыс беру учаскесіне бармасын, аудан өнерпаздарын тұрғындар ерекше қабылдап, көтеріңкі көңілмен қайтып жатты.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы





