Референдум күні таңсәріден Қонаев қаласындағы учаскелерге дауыс берушілер ағылып келіп жатты. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін қоғамдық көліктер тегін жүрді. Алғашқылардың бірі болып таңдау жасаған жандарға сыйлық та табысталды. Осындай акция өткен №947 учаскенің комиссия төрағасы Гүлзат Тағанбаева бұл шара тұрғындардың көңіл-күйін көтеріп, дауыс берушілердің белсенділігін арттырғанын айтты. Сыйлық алған жандар да қуанышқа кенеліп, алғысын білдірді.
Алғашқы болып дауыс бергендердің қатарында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те болды. Аймақ басшысы №949 референдум учаскесінде таңдауын жасап, бұл күннің ел үшін маңызы ерекше екенін атап өтті.
«Өзім тіркелген референдум учаскесіне барып, облыс тұрғыны әрі осы елдің азаматы ретінде таңдауымды жасадым. Әр азаматтың дауысы мемлекетіміздің тұрақтылығы мен дамуына негіз болады», – деген Марат Елеусізұлы аймақта бұл науқанды ұйымдастыру үшін ауқымды жұмыс атқарылғанын баяндады. Айтуынша, облыста барлығы 677 референдум учаскесі ашылған. Дауыс беру процесін жүргізуге тартылған 4806 маман арнайы оқудан өткен. Сондай-ақ 16 қоғамдық ұйым өкілі бақылау жүргізді. Учаскелердің басым бөлігі азаматтарды тексеру жүйесіне қосылған. Облыс бойынша референдумға қатысу құқығы бар 1 миллионнан астам азамат тізімге енген. Ерекше қамқорлықты қажет ететін жандардың кедергісіз дауыс беруіне мүмкіндік жасалып, учаскелерде арнайы еңіс жол, ыңғайлы кабиналар мен көру, есту қабілеті нашар жандарға арналған көмекші құралдар мен белгілер орнатылған.
Облыс орталығында референдум ерекше оқиғалармен есте қалды. «Алматы – Өскемен» күрежолының бойындағы сәулеті келіскен ғимаратта қоныс тепкен «Тұлпар» ретросалонының басшысы, белгілі кәсіпкер, меценат, Қонаев қаласының Құрметті азаматы Мұратбек Сіргебаев дауыс берудің алғашқы минуттарында учаскеге ретрокөліктермен шерулетіп келіп, өз таңдауын жасады. «Халықтың көңіл-күйін көтеру мақсатында автошеру ұйымдастырдық. Біз бұған дейін де қалада өткен түрлі шараға шама-шарқымызша атсалысып жүрміз. Референдум күні де қалыс қалған жоқпыз», – деген ол «Әжелер» ансамблі бастаған бір топ өнерпазды ретрокөлігіне мінгізіп, барлық учаскелерді аралап шықты. Олар референдум учаскелерінің алдында өз өнерлерін ортаға салды.
Қала тұрғыны Дарын Адай дауыс беруге қазақтың ұлттық шапанын киген робот-досымен бірге келді. «Қазіргі таңда технология күннен-күнге дамып келеді, тіпті өміріміздің бір бөлігіне айналды. Робот – соның айқын дәлелі. Сондықтан референдумға онымен бірге келуді жөн санадым. Осылайша, адамдарға жағымды әсер сыйлауды қаладым», – деді ол. Сондай-ақ қар барысының бейнесінде дауыс беруге келген жан тұрғындар назарына ілікті. Бұл бейне қазақ халқы танымында батылдық, тәуелсіздік ұғымдарымен байланысты. Креативті азамат бұл әрекеті арқылы Алматы облысының символы саналатын қар барысының қасиетін түсіндіріп, ел үшін маңызды сәтті ерекше атмосферамен көмкергісі келгенін айтты.
Қонаев қаласындағы учаскелерде күні бойы дауыс берушілер толастаған жоқ. Олардың қатарында жас буыннан бастап, егде жастағы қарт кісілер де, елге танымал тұлғалар да болды.
Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясының мәлімдеуінше, Алматы облысы тұрғындарының 71,46 пайызы референдумға қатысқан. Өңір тұрғындарының 800 мыңға жуығы өз таңдауын жасады. Әсіресе шалғай аудандардың халқы ерекше белсенділік танытты. Оның ішінде Райымбек, Кеген және Балқаш аудандарында тұрғындардың 90 пайыздан астамы дауыс берген.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА
Қонаев қаласы





