Кеген ауданы тұрғындарының республикалық референдумға қатысу белсенділігі жоғары болды. Таңғы сағат 7:00-де референдум учаскелері өз жұмысын бастады.
Тасашы ауылындағы №564 референдум учаскесінде Қазақстан Республикасының Гимні орындалған соң, ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Учаске төрағасы Нұргүл Абықанова жауапты комиссия мүшелерін көпшілікке таныстырып, мерекелік көңіл-күй сыйлаған «Ақ әжелер» тобына сыйлық үлестірді. Тасашы ауылында 394 адам дауыс беріп, өз таңдауын жасады.
Өңірдегі танымал тұлғалар референдум күні белсенділік танытты. Кеген ауданының әкімі, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, әлемнің ең биік шыңы саналатын Эверестегі Джомолунгманы бағындырған тұңғыш қазақ альпинисі Қазбек Валиев, қазақ күресінен Азияның үш дүркін, әлемнің екі дүркін чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Райымбек, Кеген аудандарының Құрметті азаматы Тәліп Бауыржан, гір көтеруден Азия жүлдегері Дәурен Ринатұлы Ө.Жаңабаев атындағы орта мектепте орналасқан №558 референдум учаскесінде дауыс берді.
Ерекше қамқорлықты қажет ететін жандардың да дауыс беруіне қолайлы жағдай жасалды. Денсаулығына байланысты келе алмайтын сайлаушылар үйінен дауыс берді. Сондай-ақ ауданда инватакси қызметі ұйымдастырылды. Оның қызметін пайдаланып, референдум учаскесіне келіп, дауыс берген Зина Айтбаева:
– Маған инватакси қызметі үлкен көмек болды. Учаскеге оңай жетіп, өз дауысымды бердім. Мұнда ерекше қамқорлықты қажет ететін жандарға барлық жағдай жасалған, – деді ол.
Ұлттық спорттың дамуына үлес қосып жүрген бөлексаздық көкпаршылар ел өміріндегі маңызды саяси науқанға белсенді қатысты. Кәсіби спортшы, Қазақстанның көкпардан күміс жүлдегері, шабандоз Жанарыс Мұратұлы әрбір азаматтың дауысы мемлекет тағдыры үшін маңызды екенін атап өтті.
Ұзынбұлақ ауылының тұрғыны, 104 жастағы Күлпара Шортанова да ел болашағына бейжай қарамай, немере-шөберелерінің жарқын келешегі үшін өз таңдауын жасады. Ғасыр куәсі болған ақ жаулықты ананың бұл қадамы жас ұрпаққа үлгі, ел тағдырына деген жауапкершіліктің айқын көрінісі болды.
Референдумға Кеген орман шаруашылығы мекемесінің ұжымы да өз үлесін қосты. Мекеме директоры Айболат Солтанғазиев бұл жауапты науқанға ұжым болып жұмыла келгенін айтып, саяси науқаннан ертеңгі күніне немқұрайды қарамайтын әрбір азамат тыс қалмауы қажеттігін жеткізді.
Шырғанақ ауылында шаңғы спортымен айналысатын спортшылар І.Жұмағұлов атындағы орта мектеп ғимаратындағы №568 референдум учаскесіне арнайы келіп, дауыс берді. Олар өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдіріп, ел болашағына жауапкершілікпен қарайтындарын көрсетті.
Дәл референдум күні Бөлексаз ауылының тұрғыны,18 жасқа толған Айшуақ Ерболқызы №562 референдум учаскесінде алғаш рет саяси маңызды кезеңде атсалысты. Анасымен бірге келген жас дауыс беруші өз әсерімен бөлісіп, бұл тарихи сәтті ешқашан ұмытпайтынын алға тартты.
Осылайша, Кеген ауданының халқы бұл науқанға үлкен жауапкершілікпен қарап, ұйымшылдықпен қатысты.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы





