Референдумға Райымбек ауданының сайлауға құқығы бар әрбір азаматы белсенділікпен қатысып, өздерінің таңдауын жасады. Бұл күні барлық референдум учаскелері дауыс берушілерден босаған жоқ.
Нарынқолдағы №763 референдум учаскесіне халық таңғы 6.30-дан келе бастады. Дауыс беру 7.00-де басталды. Мемлекеттік Гимн орындалған соң, алғашқы сөзді алған аудан әкімі Дастан Құдабаев жиналған жұртшылыққа тілегін арнады. Еліміздің болашағын айқындайтын жаңа Ата Заңымызды қабылдау мақсатындағы референдумда белсенділік танытып, лайықты таңдауын жасауға шақырды.
Келесі кезекте сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекболат Бірбаев, аналар кеңесінің төрағасы Балжан Омарова, қарт дауыс беруші Айнашқан Алжанбаева бүгінгі шараның маңызы жөніндегі ойын ортаға салды. Комиссия тарапынан алғаш келіп дауыс берген азаматтарға, қарт және жас дауыс берушіге сыйлық табысталды.
Референдумға Ұзақ батыр ауылдық округінің тұрғындары да зор белсенділікпен қатысты. Ерекше айтатын мәселе, ауылдың ең қарт тұрғыны, 103 жастағы Раушан Нұрақынованың маңызды шараға өз қалауымен келіп, дауыс беруі болды.
– Мен бір ғасырдан аса өмір сүрдім. Осы уақыт ішінде талай тар жол, тайғақ кешуді бастан өткердім. Сондықтан мемлекетіміздің болашағына қатысты әрбір шешімге атүсті қарай алмаймын. Бұл жерге өз аяғыммен келуімнің де себебі сол. Жаңадан қабылданатын Ата Заңымызда халықтың құқығы қорғалып, жастарымыз бейбіт заманда алаңсыз білім алып, еңбек етсе, мемлекетіміз дамыған үстіне дами беретіні анық. Осындай маңызды шешімді ел болып қабылдау – халықтың болашағына деген зор жауапкершіліктің белгісі. Заманымыз тыныш, еліміз аман, ұрпағымыз жаңа заң аясында бақытты ғұмыр кеше беруін тілеймін, – деді қарт ана қолындағы дауыс беру қағазын жәшікке салып тұрып.
Қызылшекара ауылының дауыс беруге құқықты азаматтары да осынау ел болашағы таразы талқысына түсетін саяси маңызы зор шараға біркісідей қатысып, өз таңдауларын жасады. Жаңа Конституцияға қатысты ыстық ықыласқа толы тілек-ниеттерін де аяған жоқ.
Аудандағы әйел-аналардың арасынан алғаш рет трактор тізгіндеген, саналы ғұмырын қарапайым еңбегімен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына арнаған «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері Күлбара Бәшебаева өз ойын былайша жеткізді:
– Бүгін мен еліміздің болашағына байланысты маңызы зор саяси шарада өз дауысымды бердім. Жаңа Ата Заңымыз еліміздің нығаюына, дамуына қызмет етеді деп сенемін. Сондықтан осындай маңызды шешім қабылданатын күні халықтың белсенділік танытып, өз таңдауын жасауы құптарлық. Елдің ертеңі жарқын, келешегі кемел болсын деген тілектемін, – деді Күлбара апай.
Осы күні ауданның барлық ауылында жалпыхалықтық шаралар өтті. Соның ішінде ақ кимешек киген әжелер мен ақ жаулықты аналар орындаған «Сәлем беру шеруінің» тағылымы зор болды. Ауылдық округтерде шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер ұйымдастырған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі де ауыл тұрғындарына лайықты сауда-саттық қызметін көрсетті. Мәдениет саласы қызметкерлерінің орындауындағы әсем ән, тәтті күй, мың бұралған би де көпшілікті ерекше әсерге бөледі. Басқа да мерекелік шаралар референдумның ерекшелігін айқындауға, жаңа Конституцияға деген сенімдерін нығайтуға ықпал етті.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы





