Облыстық әкімдіктің мәжіліс залында республикалық референдумды өз дәрәжесінде өткізіп, ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарды марапаттау рәсімі өтті. Оған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен орынбасарлары, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мейрамгүл Айтова, департамент, басқарма басшылары мен бейнебайланыс арқылы аудан, қала әкімдері қатысты.
Алғашқы болып сөз алған аймақ басшысы референдумда берілген әрбір дауыстың салмағы зор екенін жеткізіп, облыс тұрғындары осынау тарихи сәттің маңызын терең түсініп, жүрек қалауымен, азаматтық жауапкершілігін сезіне отырып, таңдау жасағанын айтты. «Күні кеше Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ата Заңға қол қойды. Енді Халық Конституциясы 1 шілдеден бастап ресми түрде өз күшіне енеді. Иә, референдум – әр азаматқа өз ұстанымын білдіруге және елдің одан әрі даму бағытын айқындау ісіне қатысуға мүмкіндік беретін маңызды демократиялық құрал. Референдумға белсене қатысқан облыс жұртшылығына айырықша алғыс айтамын! Алдымызда бізді өте ауқымды істер күтіп тұр», – деді Марат Сұлтанғазиев.

Келесі кезекте облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев халқымыз үшін маңызы зор саяси шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын баса айтты. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, жаңа Конституция – халқымыздың ынтымақ-бірлігінің айқын әрі берік символы. Оның баптарында қазақстандықтардың арман-мақсаты, болашаққа деген үміт-сенімі көрініс тапқан. Конституция – мемлекетіміздің дамуына бағыт-бағдар беріп, әділетті қоғам құрудың іргетасын қалайтын ең маңызды құжат. Ол арқылы әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтары нақтыланып, теңдігі қамтамасыз етіледі», – деген Ғани Айдарұлы жаңа Конституцияны түсіндіру жұмысы өз жалғасын тауып, тиісті шаралар қолға алынатынын сөз етті.
Республикалық референдумда облыс тұрғындарының белсенділігі жоғары болды. Орталық сайлау комиссиясының берген мәліметі бойынша өңір халқының саяси науқанға қатысуы 71,46%-ды құрады. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мейрамгүл Айтова облыс халқының маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдауға жоғары талпынысын көрсеткенін баяндады. «Облыс бойынша құрылған 682 референдум учаскелерінің 677-де дауыс беру ұйымдастырылды. «5 уақытша ұстау изоляторында кұрылған референдум учаскелері бойынша тізімге енгілізген дауыс берушілердің жоқ болғанына орай, учаскелік комиссиялардың жұмысы дауыс беру күні уақытша тоқтатылды. Дауыс беру процесінің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету мақсатында референдум учаскелерінде 4 республикалық, 13 облыстық деңгейдегі аккредиттелген қоғамдық және коммерциялық емес ұйымдардың 2653 байқаушылары мен 12 бұқаралық ақпарат құралының 27 өкілі жұмыс істеді. Референдум өткізу барысында заң бұзушылықтар тіркелген жоқ. Жекелеген өтініштер мен шағымдар заңнамаға сәйкес қаралды», – деді Мейрамгүл Қазыбекқызы.
Шара соңында облыс әкімі республикалық референдумды жоғары деңгейде өткізуге зор үлес қосқан департамент пен басқарма басшыларына, Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов пен Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаевқа арнайы Алғыс хат табыстады.
Ерзат АСЫЛ





