Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бірлесіп, отандық тарих ғылымына сүбелі үлес қосқан көрнекті ғалым, академик Кеңес Нұрпейісұлы атындағы дәстүрлі «Нұрпейіс оқулары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді. Алматыдағы алқалы жиын «Тәуелсіздік кезеңіндегі Қазақстан: гуманитарлық ғылымдардағы ізденістер мен жаңа бағыттар» тақырыбына арналды.
Ғылыми конференцияда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басқарма төрағасы – ректор Бейбіткүл Кәрімова құттықтау сөз сөйлеп, жиынның маңыздылығын тарқатты. «Бүгінгі шара – тек ғылыми пікір алмасу алаңы емес, тағылым мен сабақтастықтың жарқын көрінісі, – деп конференция қонақтарына алғысын жеткізді. Сонымен қатар университет басшысы айтулы шара аясындағы әрбір ғылыми ізденіс, тың бастамалар мен зерттеу нәтижелері кәсіби қауымдастықтың зияткерлік әлеуетін арттырып, ғылымның дамуына соны серпін беретінін сөзіне қосты. Мұндай мазмұнды басқосулар ғалымдар, тәжірибелі мамандар мен талантты студенттер арасындағы өзара ықпалдастықты нығайтып, ортақ ғылыми кеңістікті қалыптастыратынын айтты.
Келесі кезекте сөз алған тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов тәуелсіздік кезеңіндегі тарихи зерттеулердің жаңа бағыттарына кеңінен тоқталды. Ұлттық тарихты жаңаша зерделеу – уақыт талабы екенін айтты. Конференцияда ұсынылған баяндамалардың ішінде тарих ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Талдыбек Нұрпейістің «Тағдыры күрделі қайсар талант» атты баяндамасы ерекше мәнге ие болды. Онда академиктің жастық шағы мен тұлғалық қалыптасу кезеңі қамтылды. Келесі болып мінберге көтерілген ғалымдар – Мирлан Наматов пен Аида Марғұлан Әл-Фараби мұрасының еуропалық ғылымға ықпалын саралап, халықаралық деңгейдегі баяндамаларын ортаға салды. Ал тарих ғылымдарының докторы, профессор Айжан Қапаева тәуелсіздік кезеңіндегі тарихи зерттеулердің әдіснамалық негіздерін талдап өтті.
– Тәуелсіздік тарихи сананы қайта қалыптастыруға мүмкіндік берді. Біз енді тарихты бір ғана идеология шеңберінде емес, көпқырлы әдіснамалық тұрғыда зерттей бастадық, – деп бүгінгі таңда тарихи деректердің жаңа көздері ғылыми айналымға енгенін атап өтті. Сонымен қатар қазіргі тарих ғылымы әлемдік ғылыми кеңістікпен тығыз байланыста дамып келе жатқанын жеткізді.
Түркиялық ғалым Çağatay Benhür Осман империясының тарихи кезеңдеріне қатысты тың тұжырымдар ұсынса, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «ХХ ғасыр Қазақстан тарихы» бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Нұрсұлу Дүйсенова алаштану мәселесіне қатысты ойын ортаға салды. Кеңес Нұрпейісұлы Алаш қозғалысын тек саяси құбылыс емес, ұлттық сананың жаңғыру кезеңі ретінде қарастырғанын айтып, ғалымның «Алаш һәм Алашорда» еңбегі ұлттық тарихнамада жаңа ғылыми бағыттың қалыптасуына негіз болғанын тілге тиек етті.
Конференцияда цифрландыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Тарих ғылымдарының кандидаты Әлия Исаева мәдени мұраны сақтаудың заманауи жолдарын ұсынды. Қарасай ауданындағы Кенен Әзірбаев атындағы орта мектептің директоры, тарих және заңтану пәнінің мұғалімі, педагог зерттеуші Күлайра Байғараева «Заманауи тарих сабағының трансформациясы: белсенді әдістер арқылы оқушының тарихи танымын дамыту» тақырыбында баяндамасын ұсынды. Тарих ғылымдарының магистрі Ділмұрат Оразбаев қазіргі саяси реформаларды тарихи сабақтастық тұрғысынан талдады. «Құрылтай – парасатты басқару мен дала демократиясының сабақтастығы» атты баяндамасында Құрылтай – қазақ қоғамындағы ежелгі демократиялық дәстүрдің жалғасы екенін айтып, бүгінгі реформалар сол тарихи негіздермен сабақтас екендігін жеткізді. Ғалымның пікірінше, қазіргі Қазақстандағы саяси жаңғыру ұлттық құндылықтармен үндесуі тиіс.
Осымен он бесінші рет ұйымдастырылған «Нұрпейіс оқулары» ғылыми қауымдастық үшін маңызды алаң ретінде тағы бір мәрте өз деңгейін көрсетті. Ғылыми пікірталас пен тәжірибе алмасуға негізделген бұл жиын ұлттық ғылымның дамуына тың серпін беретіні сөзсіз.
Құралбек СӘБИТОВ





