Зейнетақы төлемдерін тағайындау 2023 жылғы 20 сәуірдегі №224-VII Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексімен реттеледі.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында және еліміз ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ ел аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың мемлекеттік базалық және жасына байланысты зейнетақы төлемдері түріндегі зейнетақымен қамсыздандырылуға құқығы бар.
Ерлерге жасына байланысты зейнетақы төлемдері 63 жасқа толғанда тағайындалады. Ал әйелдердің зейнеткерлік жасы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында 2023 жылдан бастап 2028 жылға дейін 61 жас болып бекітілді.
Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін еңбек өтілі 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезең үшін есепке алынады. Еңбек өтілі еңбек кітапшасымен расталады, ал еңбек кітапшасы немесе онда тиісті жазбалар болмаған кезде жұмысы туралы мәліметтерді растайтын құжаттар не соттың шешімі негізінде белгіленеді. Еңбек өтілін есептеу кезінде мыналар ескеріледі:
1) еңбек шарттары бойынша жеке және заңды тұлғалар ақы төлейтін жұмыс;
2) әскери қызмет;
3) арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау, азаматтық қорғау органдарындағы, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет;
4) мемлекеттік қызмет;
5) кәсіпкерлік және кірістер әкелетін өзге де қызмет;
6) басқа адамның көмегіне мұқтаж бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға, екінші топтағы мүгедектігі бар жалғызбасты адамға және жасына байланысты зейнеткерге, сондай-ақ сексен жасқа толған қарт адамдарға күтім жасаған уақыт;
7) мүгедектігі бар 18 жасқа дейінгі балаға күтім жасаған уақыт;
8) жұмыс істемейтін ананың жас балаларға күтім жасаған, бірақ әрбір бала 3 жасқа толғанға дейін, жалпы жиынтығы 12 жыл шегіндегі уақыт және басқалары.
Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін толық көлемде есептеу Әлеуметтік кодекстің 211-бабына сәйкес айқындалатын орташа айлық кірістің 60 пайызы есебінен жүргізіледі және 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыстағы үзілістерге қарамастан, қатарынан кез келген үш жыл ішіндегі орташа айлық кіріс негізге алына отырып жүзеге асырылады.
Ал мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде істеген еңбек өтілі және зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жыл және одан аз болған не болмаған кезде ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 70 пайызы мөлшерінде беріледі. Оның мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтілінің он жылдан асқан әрбір толық жылы үшін 2 пайызға ұлғайтыла отырып, бірақ республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 118 пайызынан аспайтын мөлшерде есептеледі. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау кезінде зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі міндетті зейнетақы жарналары жүзеге асырылған кезең орталықтандырылған дерекқордағы ақпаратпен расталады.
Тағайындалған мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері жыл сайын республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты арттырылады.
Әсел Смайылханова,
ҚР ЕжХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау
комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің
№2 зейнетақы және жәрдемақы қамсыздандыру бөлімінің бас маманы





