Ақордада әйгілі альпинист Ерванд Ильинскийге жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Мемлекет басшысы Қазақстан мен әлем альпинизмінде аты аңызға айналған тұлғамен жүздескеніне қуанышты екенін жеткізді.
– Өзіңіздің зор қажыр-қайратыңыз бен аса жоғары кәсібилігіңіздің арқасында Қазақстан Республикасының көк Туы Жер шарының асу бермес асқарларында желбіреді. Әлемнің ең биік нүктелерін бағындырған тәжірибелі шыңға өрмелеуші, халықаралық турнирлердің жеңімпазы ретінде дүние жүзіне даңқыңыз жайылды. Эверестке шығып, беделді «Жеті шың» клубына мүше болған алғашқы қазақстандық атандыңыз. Сізді елімізде альпинизм мектебінің негізін қалаушы ретінде құрметтейді. Отандық мектеп Қазақстанның жаһандық брендіне айналды. Талап мен тәртіпті қатар қоятын талантты бапкерден бір шоғыр альпинист-спортшылар тәлім алды. Олардың қатарында әлем рекордын жаңартқан, чемпион атанған, халықаралық альпинизм қозғалысының элитасына кірген мықтылар баршылық. Бапкерлікпен шұғылданған уақыт ішінде жүзден астам спорт шеберін даярладыңыз. Шәкірттеріңіздің арасында халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, тіпті, еңбек сіңірген спорт шеберлері де бар. Сіздің жетекшілігіңізбен Қазақстан құрамасы әлемде бірінші болып биіктігі 8 мың метрден асатын барлық 14 шыңға шықты. Мұның өзі бірегей жетістік саналады. Спортшыларымыз альпинизмнің сіз қалыптастырған даңқты дәстүрін жалғастырып, көптеген халықаралық сайыстан табысты оралып жүр, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ерванд Тихоновичтің асыл қасиеттері мен адамдарға, әсіресе, альпинистерге деген шынайы қамқорлығын жоғары бағалады.
– «Адам өмірі ең жоғары спорттық жетістіктерден құнды» деген теңеуіңіз альпинистер арасында қанатты сөзге айналып кетті. «Альпинизм – адам мен табиғат арасындағы шахмат ойыны» деп дәл айтқансыз. К2 (Чогори) шыңын бетке алған командаңыздың алай-түлей боранға тап болғаны мәлім. Сол сәтте шыңның ұшар басына қол созым жер қалғанына қарамастан, кері қайттыңыз. Мұндай шешім қабылдау оңай емес. Осыдан-ақ дана, мейірбан жан екеніңізді аңғарамыз. Жетістік пен жеңіске ешқашан масаттанған емессіз. Бәріне белгілі, үйреншікті бағыттармен жүргенде де сақтықты ұмытпадыңыз. Кез келген жорыққа осылай тыңғылықты дайындалу даңқты альпинист, спортшы, тәлімгер ретінде сіздің «төлқұжатыңызға» айналды, – деді Мемлекет басшысы.
Президент елімізде альпинизмді насихаттауда Ерванд Ильинскийдің орасан жұмыс атқарғанын атап өтті.
– Асқар шыңдарға құштарлық, тауға шығу – әуестік қана емес, қоршаған ортаны қастерлеп, ластамауға үндейтін айрықша экологиялық өмір салты. Жаңа Конституцияда көрініс тапқан табиғатты аялау, экологиялық мәдениет және тазалық қағидаттары ұлттық болмысымызбен біте қайнасып кетуге тиіс. Тау табандылыққа, тәртіп пен жанашырлыққа үйретеді. Биікке көтерілген адам рухтанады. Дәл осы себепті альпинизм мен тау туризмін нағыз өмір мектебі деп атауға болады. Ол мықтыларды шыңдайды, өз ортаңда жауапты болуға баулиды. Бұл мәдени әрі психологиялық феноменді барынша қолдап, оны жастар тәрбиесінде пайдалануымыз керек. Үкіметтің, салалық министрліктің алдында альпинизмді спорт және заманауи тау туризмінің бір түрі ретінде жан-жақты дәріптеу міндеті тұр. Мемлекет пен демеушілердің қаржысын тарта отырып, нақты іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу қажет. Мемлекет бұл өзекті міндетті шешуді қолға алады, оған тиісті назар аударылады, – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ерванд Тихоновичтің ғұмыр жолын жасампаз патриотизмнің, айрықша жанқиярлық пен аса жоғары кәсібиліктің жарқын үлгісі деп санайды
– Жастар табанды әрі өнімді еңбек әрдайым лайықты бағасын алатынын көруге тиіс. Табыстың оңай келмейтінін түсінгені жөн. Еңбек – бәрін жеңбек. Мейлі, спортта, бизнесте, білімде, ғылымда, далалық жұмыста не зауытта болсын, өз ісіне шын берілген, көздеген мақсаты айқын адамдар өмірлік мұратына жетеді. Құрметті Ерванд Тихонович Ильинский сияқты азаматтар – қоғамның тірегі, ерлік пен еңбекқорлықтың, төзімділіктің жарқын үлгісі. Сондықтан мен сізге альпинизмдегі аса үздік жетістіктеріңіз, сондай-ақ ел спортының дамуына қосқан елеулі үлесіңіз және белсенді қоғамдық қызметіңіз үшін жоғары ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы шешім қабылдадым. Бүгін осы награданы өзіңізге зор құрметпен тапсырамын. Ерванд Тихонович, сізге мықты денсаулық, бақ-береке, мол табыс тілеймін! Альпинистер арасында «Өзіңізді сақтаңыз!» деген сөз жиі айтылады. Сізге және жаныңызда жүріп, серік болған шәкірттеріңізге осы тілекті арнағым келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ерванд Ильинский атқарған қызметіне жоғары баға беріп, отандық альпинизмге айрықша көңіл бөлгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты
– Мұны Қазақстан альпинистер қауымы жеткен жетістіктердің мемлекет деңгейінде танылуы деп түсінемін. Шын мәнінде, біздің табысымызды шетелдік альпинистер де мойындайды. Осыған куә болғаныма қуаныштымын, – деді ұлттық құраманың тәлімгері.




