☀️
25°C
Қонаев
Бейсенбі, Сәуір 2, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    Қолөнер шебері – Дәркембай Шоқпарұлы

    02.04.2026
    in Барлық жаңалықтар, Мәдениет, Руханият
    Қолөнер шебері – Дәркембай Шоқпарұлы
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

    Ұлт өнерін ұлықтаған Дәркембай Шоқпарұлы – қолөнерге жанашырлық танытып, оған талай жастарды баулып, шеберлікке үйреткен қолөнер патриархы. Құрманғазы мен Нұржанды күй атасы десек Дәркембай Шоқпарұлы қолөнерін алға сүйреп келе жатқандардың бірі болды. Төл өнерімізді кәсіби деңгейге жеткізіп, жетік меңгерген өнер майталманы әрі өнер үйреткен ұстаз Дәркембай Шоқпарұлы 1946 жылы 23 мамырда Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Ақши ауылында, Жетісу өңіріне танымал ұста-зергер әмбебап өнер иесі Ерғожаұлы Шоқпардың шаңырағында дүниеге келді. Әкесінің тете інісі Алдамберді мен кенже інісі Ахметтің тәрбиесінде болған Дәркембай Шоқпарұлы атасына жұмыс істеуге көмектесіп, өзі де қолөнеріне, сурет салуға бейімделе бастайды. Мектеп қабырғасында жүріп түрлі қоғамдық жұмыстарға ат салысып, қабырға газеттерін шығарып өнерге деген әуестігін танытады. 1953 жылы Еңбекшіқазақ ауданының Казатком жеті жылдық мектебінің 1 класына оқуға түсіп, 1963 жылы Қырбалтабай ауылында орта мектепті бітірген соң Алматы көркемсурет училищесіне түсуді армандайды. Бірақ он үш жасында әкесі Ерғожаұлы Шоқпар қайтыс болып, Шоқпар шаңырағында басқа ер адам болмай өзінің балалық шағы өткен Казатком ауылында сегіз жылдық мектепте сурет, сызу пәндерінен сабақ береді. 1965 жылы Алматының Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне түседі. Училещенің ІІ-курсын оқып жүргенде әскер қатарына шақырылады. Дәркембай Шоқпарұлы әскери борышын Ресейдің Пермь қаласында атқарады. 1971 жылы көркемдеуші суретші мамандығы бойынша училищені бітіріп, 1972 жылы Абай атындағы қазақ педагогика институтына сырттай түсіп, 1977 жылы институттың сызу және сурет мамандығы бойынша бітіреді.

    Шеберлік әлеміне көш бастаған Дәркембай Шоқпарұлы аталмыш училищені оқып жүргенде жас суретшілердің көрмелеріне қатысып жүріп қолөнер туындыларымен көрерменді тәнті етеді. «Қымыз құятын ыдыстарымен» Бүкілодақтық /зоналық/ Қазақстан және Орта Азия республикаларының көрмесінде (Мәскеу қ. 1972 жыл.), Венгрия, Чехословакия, Румыния елдерінде (1972 жыл) және Индия, Бирмада өткен жылжымалы көрмелерінде (1973-1974 ж. ж.) қойылса, «Балуан» 1974 жылы Сібір қалалары Кемерево, Новосибирск, Омск, Павлодарда өткен Қазақстанның жас суретшілерінің жылжымалы көрмесінде тамашаланды. Ал 1974 жылы Лейпцигтегі халықаралық жәрмеңкесінде «Түйе», «Натюрморт», «Киіз үйдің екі моделі» қойылды.

    Дипломдық жұмысын қолөнерінен қорғап шығуы училище қабырғасында бұрын соңды болмаған құбылыстардың бірі болып, ағашты оймыштай «Қымыз құятын ыдыстары» және металды балқытып, нақыштап, зергерлік тәсілмен орындалған «Зергерлік бұйымдары», «Кісе белбеу», «Кемер белбеу» сынды қол тумалары үлкен резонанс тудырған еді.

    60 жылдары ұлттық нақыштағы дүниелеріміз жоғалуға айналғанда барынша еңбектеніп, тер төккен Дәркембай Шоқпарұлының жан айғайы «Қалайда дәстүрлі өнерді тірілту» болды. Осындай өнерге деген сүйіспеншілік туынды тудырумен шектелмей оның қыр-сырын зерттеуге де жетеледі. Бұдан туындының шығу әдіс-тәсілін қайта қалпына келтіруді қажет деп тапқан қолөнерші ғылыми-зерттеу, ғылыми-танымдық 200-ден астам мақала жазды. Сондай-ақ мақалаларының жазылу барысына қарай зерттеу жұмыстары өнертанушылық және мәдениеттанушылық қырынан көрініс табады. Сол жылдары этнографиялық құнды материалдар циклін жариялағаны үшін бірнеше газет, журналдардың лауреаты атанды. Әдебиет, өнер, журналистика және архитектура саласындағы Қазақстан Лениншіл Коммунистік Жастар Одағының сыйлығы және лауреаты атағы берілді.

    Технологиялық тәсілдерді зерттеп, зерделеп олардың сырын ғылыми тұрғыдан ашқан – ғалым сөздерге этнографиялық, лингвистикалық түсініктеме беріп тіл зерттеумен де шұғылданды. Егер заттың өзі сол кезде ұмытылып, қолданудан шықса оның атауының да ұмыт бола бастауына күмән келтіре алмаған қолөнерші лингвистикалық шолу жасап, үлкен зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Қыруар жұмысты қажет ететін зерттеу жолында қолөнерші жан-жақты еңбектенеді.

    Көп жылдарғы «Казреставрация» мекемесіндегі қызметі мол тәжірибе жинаудың көзіне айналды. Мекеменің жәдігерлер жасайтын бөлімшесінде бас суретші болған Дәркембай Шоқпарұлының әр түрлі зерттеулер мен эксперименттер жүргізуіне мүмкіндік туады. Соның бірі тері илеу, тері өңдеу технологиясына жүргізілген экспериментін Мәскеудегі ВХТС (Всесоюзный Художественно технический совет) кеңесінде қорғап шығады.

    Шебер жүргізген эксперименттерін мақала етіп жариялап, қазіргі күнде сол мақалалар жиыстырылып кітап болып баспалардан шығып жатыр. Алғашқы кездері тері бұйымдарын жасаған, кейін уақыт өте келе технологиясын меңгерген Дәркембай Шоқпарұлы – тері илеуде, тері өңдеуде қыр-сырын білетін, бабын табатын теріші, иші ретінде осы өнерді көптеген шәкірттеріне үйретті. Сонымен қатар ағашты, металды көркемдеп өңдеу саласына көп еңбектенеді.

    Сонымен қатар, бұрын ғимараттарды салған сәулетшілердің қолданған әдіс-тәсілдеріне аса мән бере, жоғалып бара жатқан көне тәсілдің технологиясын зерттеп іс жүзіне асыруда тыңбай еңбектенеді. Соның нәтижесінде ғасыр ғажайыптары, тарихи ғимарат орталары Қожа Ахмет Яссауи, Панфилов қаласындағы Жаркент мешіті, Сарқанттағы Черкасск бекінісінің тарихи мемориалды музейі, Жамбыл қаласындағы Қарахан Мавзолейі, көне Тараздың тарихи ескерткіштердің қабырғалары мен экспонаттары жанадан жаңғырды.

    Сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпіріне жіберілген экспедиция құрамында болған зерттеуші ғасырлар тереңінен сыр тартып, қолөнер шеберлерінің соңғы буындарымен сұхбаттасып материал жинастырады. Жоғарыда айтылып өткен эксперименттердің біразы осы өнер адамдарынан алған мағлұматын, нұсқаларын қағазға түсіріп, оларды баспасөз бетінде жариялады. Сондай Маңғыстау, Ташкент, Самарқант, Бұқара т. б. Орта Азия қалаларын, Алтай, Тува, Хакасия, Венгрия, Ресей, Украйна елдерін аралап ғылыми экспедицияларда бірге болған А. П. Калинина, Н. И. Синенькая, Қ. Тыныбеков, В. Одноколкин, Р. Кукашев, Б Алдабергеновтардың ізденісі елімізде алғаш ашылған қолөнер музейіне зор үлес қосқан еді.

    Көрменің ашылуына мұрындық болғандардың бірі Дәркембай Шоқпарұлы жайында Н. Қалқаевтың «Көненің көзі, асылдың өзі» атты мақаласында: «Осындай игілікті іске ұйтқы болған Дәркембай Шоқпарұлының еңбегі зор. Ол шындығында дархан екен. Ертеде Дархан сөзі ұста деген ұғымды білдірген. Яғни, ата-бабамыз ұстаны қадірлеп-қастерлеп, дархан деп атаған. Дәркембай болса халық қолөнер музейіне 5 мыңнан астам зергерлік бұйымдарды тірнектеп жинап, Дарханбай атанып отыр» – делінген. («Жетісу» 20 тамыз 1991 жыл).

    Дәркембай Шоқпарұлы қазіргі таңда кәсібі мен шығармашылығына тәнті болған халық «қолөнер атасы» деп атайды. Бала кезінен халық өнерімен сусындаған қолөнерші халық қолөнерінің жоқтаушысы, оны қайта түлетіп жаңғыртушы және насихаттап, әлемнің шартарабына таратушы саяхатшы. Сонымен қатар – суретші-этнограф жасаған саяхат, экспедицияларында көзі шалып қалған басқа елдің қолөнер туындыларын және байырғы шеберлердің үлгісі мен құрал-саймандарын жинастырған коллекционер.

    ХХ ғасырдың 70 жылдары қолөнерінен шеберлігі шыңдап, атадан мирас болып бойына дарыған өнерімен өрге жүзді. Сонымен қатар, қолөнерін кәсіби деңгейден өнер деңгейіне жеткізген Дәркембай Шоқпарұлы (1975-1980 ж. ж.) төңірегіне шәкірттер жинап өнерін үйрете бастайды. Қолөнеріне таланты бар жас буын Ықылас атындағы саз аспаптары мұражайының экспонаттарын жасау процесінде ұстаз шебердің сабағын тыңдаумен қатар көріп, бақылап, практика жүзінде толық тәжірибе жинаған болатын. Елімізде ашылған алғашқы «Ақ тұмар» атты қыздар мұражайын жасап шығуда этнограф шәкірттері барынша ат салысты.

    Талант иесі өзі әкелген туындысына жанымның бір бөлшегін беремін дейді. Шығарма тілсіз сөлейді. Оған тіл беретін өнер иесі – шебер. Өзінің ізденісімен әкелген Абдолла Розыбақиев, Құланаян Құлманбет, Мұстафа Шоқай, Мұхтар Әуезов, Қашаған Жаманғараев, Рақымжан Тоқатаев сынды тарихи тұлғалар Дәркембай Шоқпарұлының бойына зерлеген келесі бір өнерімен таныстырады. Ол – мүсінші.

    Қазақ қолөнері жайлы жазып – сызып қана қоймай, көпшіліктің назарына (БАҚ) теле – радио бағдарламалары арқылы да кеңінен насихатталды. Мәселен, «Шебердің қолы ортақ» деген теле-сабақ жүгізу арқылы көрерменге өнер мазмұнын терең таныта білді. Қазақ қолөнерінің тарихын айқындайтын «Зергеры» (реж. Н. Ахтанов), «Шебердің оралуы» (реж. Н. Ахтанов), «Дом без углов» (реж. Н. Ахтанов), «Үш арыс» (С. Жармұханбетов), «Возвращение на лоно неба» (реж. Б. Қайырбекова) т. б. деректі фильмдері көрермен назарына ұсынылды. 1991 жылы түсірілген «Қозы-Көрпеш Баян-сұлу» көркем фильміне этнографиялық кеңес беріп, эпизодта роль орындайды. (реж. А. Ашимов)

    «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дегендей зердесімен өлең зерлеген Дәркембай Шоқпарұлының даралап айтар тағы бір қыры – ақындығы.

    «Зердемменен зерлеп өлең

    Еңбегімді елге берем» –

    Деген оймен күндіз-түні,

    Тыным көрмей мен де келем –

    деп жырлаған, өнердегі Дарабоз «Зердеммен зерлеп өлең» атты өлеңінде. Этнограф өлендерінде атакәсіпті насихаттап, қолданыста аз айтылатын сөздерге жан бітіре шебер үйлестіреді.

    Сондай-ақ өзінің жеке шығармашылығынан «Мектеп» баспасынан 1994 жылы «Өрім өру» атты кітабы жарияланса, «Домбыра жасау» 1996 жылы, «Ай – алқа» (қолөнерге байланысты этнографиялық өлеңдері енген) «Тұмар» Қызылорда – 2003 жылы, сондай-ақ «Кітап» баспасынан «Теріден жасалатын бұйымдарды құрастыру технологиясы», «Теріден жасалатын бұйымдардың арнайы композициясы» және «Өнер» баспасынан «Қазақтың қолөнері» атты кітаптары (2005 ж) жарық көреді. Сондай-ақ Алматыкітап баспасынан «Қазақтың қолданбалы өнері» атты альбом кітабы басылып шықты. Ал, ұжымдық оқу – әдістемелік құралдарынан 30 кітап бар екен, мұның өзі ғылым саласындағы қол жеткізген тамаша жетістіктері.

    Дәркембай Шоқпарұлының ұшан теңіз еңбегіне тәнті болған ақын жазушылар Тұманбай Молдағалиев, Күләш Ахметова қолөнер атасына арнап өлең жазған. Қанипа Бұғыбаева поэма жазды. Жазушы Сағадат Сәлімбаев «Дара тұлға Дәркембай» атты деректі повесть жазды. Дәркембай Шоқпарұлының шығармашылығы жөнінде жылы лебіз білдірген ғалымдар Ә. Х. Марғұлан, Ә. Қайдаров, Ө. Жәнібеков, Ә. Тәжімұратов, Ғ. Есім, К. Нұрпейісов т. б. Мерзімді баспасөз бетінде Дәркембай Шоқпарұлы жөнінде 300 – ге жуық жорналшы-жазушылардың мақалалары жарияланды. Олардың авторлары Р. Сейсенбаев, Р. Жанғожин, Б. Әдетов, Т. Қаупынбаев т. б.

    Дәркембай Шоқпарұлының қолынан шыққан жүздеген туындылары Республикалық, көптеген шетелдік музейлердің алтын қорында сақтаулы.

    Сол сияқты еліміздің шартарабында Дәркембай Шоқпарұлының шәкірттері ұстаз еңбегін, өнерін жалғастыруда.

    Шәкірттерінің алдыңғы қатары өнер-ғылым, педагогика саласында абыройлы еңбектеніп ел көзіне түсіп жүр. Атап айтсақ ғылым докторы Б. Әлмұханбетов, Қ. Алтынбеков, Қ. Егізбаев, Ж. Үмбетов, Т. Нұрғожаев, Б. Атамқұлов, Ж. Тұрдығұлов, А. Құмаров, С. Мерекеева, Е. Ахметов, К. Ахметов, Б. Көшербаев, Б. Қазанғапов, С. Кенжеғараев, Д. Шоқпаров т. б.

    «Өнер жолындағы негізгі мақсатым – қолөнерінен қол үзіп алмау» – деген мақсатпен 1988 жылы «Мирас» атты шығармашылық бірлестік ашылады. Бірлестіктің ашылуы қазақ мәдени мұраларына деген көз қарастың өзгергені болатын. Бұл бірлестікті ұйымдастырған Дәркембай Шоқпарұлы жетекшісі әрі көркем кеңес төрағасы болып қызмет істей жүріп ұлттық өнерді паш етеді. Әрине елімізде ашылған өнерге деген жанашырлар топтасып бір жерден ойлары тұтасып жатқаны қуаныш. Бұл дәстүрлі өнерімізді қорғау жолындағы күрестегі жеңіс. Осы жолынан адаспай көшті қондырған ұста Дәркембай Шоқпарұлы туған ауылында шеберхана да ашады. Осылай қолөнерін сақтап келесі ұрпаққа мұра қылып қалдыру үшін еңбек еткен Дәркембай Шоқпарұлы өмірден өткенде қазақ өнері өзінің көш басшысынан айрылғанымен төл өнеріміздің жолына салған ізі өшпесі анық. Қаншама жылдар еңбектеніп, ізденгені өз жемісін берді. Шебер жинаған жәдігерлер бүгінгі күнде қолөнер музейін ашқызды. Музей облыс тұрғындарына мәдени қызмет көрсетуді жақсарту мақсатында Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік кәсіпорын туралы» заңы мен С. Үмбетовтың 2006 жылдың 29 желтоқсанындағы №322 қаулысына сәйкес «Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейі» Мемлкеттік Коммуналдық Қазыналық Кәсіпорны болып құрылды.

    М.С.Бутабаева

    өнертанушы

    Соңғы жаңалықтар

    Қонаевта 13 тұрғын үйдің шатыры жаңартылуда
    02.04.2026
    Қолөнер шебері – Дәркембай Шоқпарұлы
    02.04.2026
    Жүрегіңе үңіл, өз-өзіңнен есеп ал!
    02.04.2026
    Өрендерді жетелеп өр биікке!
    02.04.2026
    Халық сүйген дәрігер
    02.04.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>