Көктем-жаз мезгілі – табиғаттың жаңарып, тіршіліктің жанданатын шағы. Алайда осы кезеңде адам мен жануарларға қауіп төндіретін жұқпалы аурулардың белсенділігі де артады. Әсіресе табиғи-ошақтық инфекциялар тұрғындар мен мал шаруашылығы саласы үшін үлкен қауіп төндіреді.
Осындай аса қауіпті инфекциялардың бірі – сібір жарасы. Бұл ауру табиғи ошақтарда сақталып, адам мен жануарларға жұғу қаупін тудырады. Сондықтан сібір жарасының алдын алу, дер кезінде анықтау және санитариялық-профилактикалық шараларды күшейту бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып отыр.
СІБІР ЖАРАСЫ – жануарлар мен адамдар арасында кездесетін, өлім-жітімі жоғары аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Қоздырғышы қоршаған ортада өте төзімді, топырақта ондаған жылдар бойы сақталады.
Облыс аумағында 87 сібір жарасы бойынша стационарлық қолайсыз пункт және жалпы саны 99 топырақтық ошақ орналасқан. Санитариялық-ветеринариялық талаптар сақталмаған жағдайда олар инфекцияның қосымша көзіне айналуы мүмкін. Су басу жағдайында, сондай-ақ тышқан тәрізді кеміргіштердің маусымдық көші-қоны нәтижесінде ошақтардың шекарасы ұлғаюы мен кеңеюі мүмкін.
2025 жылы облыстық бюджеттен 92,5 млн теңге бөлініп, санитариялық талаптарға сәйкес келмейтін 70 сібір жарасы қорымы жаңартылды.
Алматы облысы аумағында (Ұйғыр ауданы) сібір жарасының соңғы жағдайлары 2024 жылы тіркеліп, 14 адам зардап шекті.
Инфекция көзі – тек ауру ауыл шаруашылығы жануарлары. Жұқтыру қол терісіндегі жаралар мен жырақтар арқылы, мал сою, етін мүшелеу, терісін өңдеу кезінде, сондай-ақ жеткілікті термиялық өңдеуден өтпеген ет-сүт өнімдерін тұтыну барысында жүзеге асады.
Эпидемиологиялық жағдайдың асқынуына әсер ететін факторлар:
ветеринариялық тексерусіз малды мәжбүрлі сою,
ауыл шаруашылығы жануарларын толық сәйкестендірмеу, сәйкесінше вакцинациямен толық қамтылмау.
Сібір жарасының алдын алу мақсатында жыл сайын жоспарлы иммундауға жататын контингентке бақылау жүргізіледі (2025 жылы 1000-нан астам адам сібір жарасына қарсы егілді). Сондай-ақ қоршаған орта нысандарын мониторингілеу аясында 1140 топырақ сынамасы алынып, нәтижелері теріс болды.
Халыққа арналған ұсынымдар
1) Ет сатып алу және тұтыну:
• Ешқашан етті қолма-қол, бейберекет базарларда немесе жол бойынан сатып алмаңыз. Өнімде ветеринариялық анықтама болуы және ресми сауда орындарында сатылуы тиіс.
• Шикі немесе жеткіліксіз пісірілген етті тұтынудан аулақ болыңыз. Ұзақ қайнату немесе қуыру тәуекелді айтарлықтай төмендетеді.
• Етті жіліктеу кезінде қолғап қолданыңыз және қолда ашық жара болмауын қадағалаңыз.
2) Жануарлармен жұмыс (ауыл тұрғындары үшін):
• Малға вакцинация жүргізу – алдын алудың ең тиімді әдісі.
• Малмен жұмыс істегеннен кейін қолды сабынмен мұқият жуу және арнайы киімді ауыстыру қажет.
• Ауру немесе өлген малды өз бетінше союға қатаң тыйым салынады.
- Қауіпсіздік шаралары:
Мал қорымдары орналасқан жерлерде мал жаюға және жер жұмыстарын жүргізуге болмайды.
• Өлген жануарды көрген жағдайда жақындамай, ветеринариялық қызметке хабарлау қажет. - Тәуекел топтарына арналған алдын алу:
Мал шаруашылығы, ет өңдеу және тері өндірісінде жұмыс істейтін адамдар міндетті түрде вакцинациядан өтуі тиіс.
Исмайылов Марат Әділжанұлы
Алматы облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері





