⛅
23°C
Қонаев
Сенбі, Сәуір 4, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    АҚСАҚАЛДЫҚ АТАҚТЫ ХАЛЫҚ БЕРЕДІ

    04.04.2026
    in Барлық жаңалықтар, Мәдениет, Руханият
    АҚСАҚАЛДЫҚ АТАҚТЫ ХАЛЫҚ БЕРЕДІ
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

    Ілгеріде тұғыры биік тұлға деңгейіндегі аузы дуалы, төрелігі әділ, ел ішіндегі келеңсіздіктерге тоқтау салып, ауызбіршілікті нығайтып, салт-дәстүрді ұлықтап отыратын ақсақалдардың қарасы аз болмаған. Жұртшылық елдің ұйытқысы бола білген олардың аталы сөзіне тоқтаған. Ақсақал деген – ардақты ат, үлкен мәртебе. Ол тағайындалатын немесе сайланатын қызмет түрі емес. Ақсақалдық атақты халық береді.

    Қазіргі кезде егде жастағы­лардың арасында ақсақал деген атқа лайықтылардың қарасы көп еместігі жасырын емес. Жиын-той және басқа да үлкендер бас қосқан жерде ғибратты әңгіме, пәтуәлі сөз айтатындар жоқтың қасы. Көпшілігі өсек-аяң айтуға құмар. Сонымен бірге бұрын әкім немесе лауазымды қызмет атқарғанын айтып, ардагерлер кеңесінің өзін атақ пен марапатқа ұсынбай жүргеніне ренішін білдіріп жүретін зейнеткерлер де кездесіп қалады. Жасы үлкен ғой деп бата сұрағанда тост айтып кетіп, батаның қадірін кетіретіндері тағы бар. Сондай-ақ кейбір арсыз шалдардың өздерін «Ата, аға» деп сыйлап, ізет көрсеткен немересіндей қыздарға қырындайтынын қайтерсіз?!
    Шал-шауқандардың арасында ақсақал атану былай тұрсын, ақсақалдар алқасының төрағасы болғысы келетіндердің бой көрсетіп қалатындары тағы бар. Мұндай ұйымды басқару үшін жан-жақты білімді, сөзі өтімді, ақыл-парасаты мен ұйымдастырушылық қабілетінің деңгейі жоғары болу қажеттігі түсінікті. «Өзің диуанасың, кімге пір боласың?» демекші, төрелік айтуға жарамайтын, бір қауым ел түгілі, отбасы мүшелеріне сөзін өткізе алмайтын шалдардың өзін-өзі төрағалыққа ұсынып, көтере алмайтын шоқпарды беліне байлағысы келетіні көңіл қынжылтады. Біреулері өзі секілді санаулы шалдардың қолпаштауымен төраға болып сайланып та алады. Бірақ ондайларды халық мойындамайды. «Мынаны кім сайлап жүр, төраға болуға емес, ақсақал деген атқа лайықты емес қой»,– деп өз бағасын беріп жатады. Халықтың шынайы құрметі мен қолдауына ие бола алмағандықтан, олар бірнеше жақтасымен бірге көпшіліктен оқшау­ланып қалады.
    Осы орайда Қазақ радиосының ардагері, белгілі диктор Бақытжан Атагелдиевке жолығып, кез келген пенденің пешенесіне жазыла бермейтін ақсақалдық атақ жайлы пікірін сұраған едік.
    – Өзім Шеңгелді ауылдық ақсақал­дар кеңесінің мүшесімін. Менің ойымша, бұл ұйымды бұлай атау мен үшін ақсақал деген ардақты атты келеке еткендей көрінеді. Сондықтан ақсақал демей-ақ, ардагерлер кеңесі деп атағанды жөн деп есептеймін. Сонда ақсақал деген ардақты атқа кір келмес еді деп ойлаймын. Себебі кеңес мүшелерінің барлығы бірдей ақсақал деген ардақты атқа ие болып жүргендер деп айта алмаймын. Өзімді де ақсақал деп есептемеймін. Өйткені ақсақалдық атаққа жету оңай емес. Зейнетке шыққан немесе сақал қойған егде жастағылардың барлығы бірдей ақсақал атана алмайды. Ақсақал болу үшін жұртшылыққа сөзін өткізе алатын, айтқанын бұлжытпай орындата алатын, елдің алақанында жүретін беделді адам болу керек. Ілгеріде әулетті, руды, ауылды ақсақал басқарған. Мәселен, тұрғындар іс-шара өткізе­тін болса, тіпті мал сатса да ауыл ақсақалымен ақылдасатын болған. Ол барлық шараны басқарып, бата беріп отырған. Ас пен тойға келетін өзге ауылдың ақсақалдарын қай үйге түсіріп, оларға қандай сый-сияпат жасалу керегін айтып, тағы басқа ұйымдастыру жұмыстарына ұйытқы болған. Ақсақал атану үшін қолында билігі емес, халықтың арасында үлкен беделі болуы қажет, – дейді Бақытжан Атагелдиев.
    Оның ауылдық ақсақалдар кеңесін ардагерлер кеңесі деп атау жайлы айтқаны көкейге қонады. «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің барлық облыс пен ауданда филиалы бар. Осы ұйымның ауылдық филиалы деп аталса, оның ешқандай сөкеттігі болмас. Кей жерде осы екі ұйым да заңды тіркеуден өтіп, қатар жұмыс істеуде. Олар әріптес ретінде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, тірлік етсе, тұрғылықты жерінің бірлігін бекемдеуге үлес қосып, берекесін арттыра түсетіні даусыз. Егер бір-бірін бәсекелес санап, қарттарымыз ардагерлер мен ақсақалдар болып екіге жарылса, онда мұны қала немесе ауыл жұртшылығының ауызбіршілігіне қағылған сына болатынын жоққа шығара алмаймыз. Бұл тұрғыда халық­тың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды екенін үнемі айтып жүрген Мемлекет басшысы
    Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Әсіресе, елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни алдымен ел ағаларының ара­сында ауызбіршілік болуы керек», – деген сөзін қаперден шығармауымыз керек. Сондықтан ілкі буынның алауыздығына жол берілмеуі үшін олардың жергілікті жердегі ардагерлер кеңесінің құрамында болғаны абзал. Олай болмаса, барша этносты бір шаңырақ астына топтастырып, әлемге татулықтың жарқын үлгісін көрсетіп отырған еліміздің қаймағы саналатын аға буынның ауызбіршілігіне сызат түсуі әбден мүмкін. Бұл елдігімізге сын болады.
    Ел іші болған соң жұрттың мұң-мұқтажын жеке мүддесінен жоғары қоятын, аузы дуалы, сөзі өтімді, ісі үлгілі жандар қазіргі кезде де жоқ емес. Мәселен, Іле ауданы Боралдай кентіндегі «Арын қажы» мешітінің бас имамы, Ауған соғысының ардагері, «Айбын» орденінің иегері Алдажар Сейітұлына осы елдімекен жұртшылы­ғы ақсақалдар кеңесінің төрағасы болуға ұсыныс жасаған. Жамағаттың көкірегіне имандылық нұрын сеуіп жүрген бас имам ақсақалдар кеңесінің төрағасы ретінде жастарға патриот­тық тәрбие беру, халықтың бірлігін нығайту, кенттегі өзекті мәселелерді шешу секілді қоғамдық қызметпен де айналысуда. Сол секілді Талғар ауданы Жалқамыс елдімекенінің тұрғындары ел ауыртпалығын жеңілдетуге деген жанайқайын баспасөз арқылы жеткізіп жүрген журналист Бейбіт Мекеевке ауыл ақсақалы болуға қолқа салыпты. Оған дейін көпшіліктің ұйғаруымен «Ауыл биі» болған Бейбіт Төлегенұлы халықтың бұл ұсынысын да қабыл алған. Осылайша өзі тұратын ауылдың тыныс-тіршілігіне жаны ауыратын, тұрғындардың мұң-мұқтажын тиісті орындарға жеткізіп, көптеген өзекті мәселенің шешімін табуына мұрындық болып, билік пен бұқараның арасына көпір бола білген оны жұртшылық жасына қарамай-ақ ауыл ақсақалы етіп сайлап алған. Бұл – ақсақал болу үшін жасы ұлғайған шал болуы шарт еместігінің бір дәлелі. Халқымыздың «Көп жасағаннан сұрама, көп көрген­нен сұра» дейтін нақыл сөзі жасы елуден асқан осы азаматтарға арнап айтылғандай. Халықтың қалауымен ақсақал атанып жүргеннің бірі – Қонаев қаласына қарасты Қосқұдық ауылының ақсақалы Бейсетай Қашақбаев. Өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, кейінгі буынға жөн сілтеп жүрген оны ауылдастары іздеп, мұң-мұқтажын айтып, өзекті мәселелердің түйінін тарқату жолын ақылдасып отырады. Тіпті отбасылық деңгейдегі шараларын да осы ақсақалдың басшылығымен өткізіп жатады. Өздерін толғандырып жүрген сауалдарына жауап алып, ақыл-кеңесін тыңдайды. Білмегендерін сұрап, ақылдасады.
    Халық қадірлеп, ақсақал деп құрмет тұтатын аға буын өкілдерін елдің рухани тірегі десек, артық айтқандық болмас. Солардың қатарына облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Тұрымбетов пен Қонаев қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Базарбай Оралбаевты жатқызуға болады. Кезінде облыстың өсіп-өркендеуі жолында қажыр-қайратын аямаған олар – бүгінде кейінгі буынға бағыт-бағдар беріп, жергілікті билікпен бірлесе отырып, жұрттың қамын күйттеп жүрген нағыз төрағалық деңгейіндегі ақсақалдар. Сонымен қатар Ассамблея жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Амангелді Беспаевты өңірде әлеуметтік және тұрмыстық жанжалдарды шешу мен алдын алуға, этномедиацияны жүзеге асыруға, қоғамдық келісімді нығайтуға мұрындық болып келе жатқанын атап өткен жөн. Осындай аузы дуалы, сөзі өтімді нағыз ақсақал деген ардақты атқа лайықты тұлғалар облыстың өзге өңірлерінде де баршылық. Олардың ел бірлігін нығайту, өзекті мәселелерді шешу және басқа да елге өнеге болатын қыруар тірліктерін айтар болсақ, бір мақала аясына сыйғызу мүмкін емес. Бірқатары кезінде ел арасында биік абырой-беделге ие болғанымен, бүгінде шау тартқандықтан үйлерінен көп шыға бермейді. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» дегендей, олар тұрғындар арасында әлі де қадірсіз емес.
    «Қарты бар елдің қазынасы бар» демекші, ұрпаққа үлгі боларлық ақсақалдарды қалай дәріптесек те артықтық етпес. Пейілі кең, сөзімен де, ісімен де көпке үлгі болып жүрген ақсақалдарымыздың қатары көбейе беруіне тілектеспіз.

    Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

    Соңғы жаңалықтар

    Экожүйені реттейді
    04.04.2026
    Қара шаңырақ
    04.04.2026
    Отбасы және дін
    04.04.2026
    АҚСАҚАЛДЫҚ АТАҚТЫ ХАЛЫҚ БЕРЕДІ
    04.04.2026
    Жүректің жарыққа ұмтылуы
    04.04.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>