Соңғы уақытта қоғамда болып жатқан түрлі жағдай мен пікірталастардан әдейі шет қалып жүрген едік. Мұның басты себебі – айғайға үн қосқаннан гөрі байыпты ойдың пайдасы көбірек деген ұстаным. Алайда бүгінде көптеген адам өз көзқарасы мен ұстанымдарын әлеуметтік желілердегі пікірлер мен сол пікірлерге жазылған талқылаулар арқылы қалыптастырып отыр. Осыған байланысты қоғамда қызу талқыға түскен мәселелердің біріне қатысты өз ойымды білдіруді жөн көрдім.
Бұған түрткі болған жайт – халық алдында белгілі бір топтың рухани жетекшісі ретінде танылған адамның өз отбасы мен зайыбына қатысты ұстанымы. Атап айтқанда, өз әйелімен жанжалдасып, оны шәкірттерінің біріне некелеп бергендігі қоғамда орынды сын тудырды. Сонымен қатар мұндай тұлғалардың түрлі жеке арналарға сұхбат беруі олардың шынайы болмысын айқындап қана қоймай, дінді негізсіз қаралауға себеп іздеп жүрген кейбір топтар мен азаматтардың уәжін күшейтіп отырғаны жасырын емес. Ең алдымен, көрермен санын арттыруды көздейтін кейбір блогерлердің арзан сұрақтар қойып, мәнсіз пікірталасқа жетелеуі қоғам үшін пайдалы үрдіс емес екенін атап өткен жөн. Ел алдында жүрген азаматтар мұндай алаңдардан барынша сақтанғаны абзал. Қазақ халқының «Дұшпаныңның көңілінде болсаң да, көзінде болма» деген нақылы осы тұрғыда терең мағынаға ие.
Қазіргі кезеңде отбасы құндылықтарының әлсіреуі айқын байқалады. Ажырасу санының артуы, жетім-жесірдің көбеюі, материалдық игіліктің алдыңғы орынға шығуы, сондай-ақ ер мен әйел теңдігі мәселесінің жиі әрі әрқилы талқылануы дәстүрлі отбасы моделінің беріктігіне әсер етуде. Осындай жағдайда ұлттық болмысымызға тән ұйыған отбасын қалай сақтап қаламыз, әйелге қатысты үстірт әрі төмен көзқарас қалыптастыратын жалған діни түсініктерден қалай қорғанамыз деген сұрақтар өзекті болып отыр.
Қасиетті Құранда «Рум» сүресінің 21-аятында ерлі-зайыптылардың бір-бірінен тыныштық табуы үшін жаратылғаны баяндалады. Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың «Сендердің ең жақсыларың – әйелдеріңе жақсы қарым-қатынаста болғандарың» деген хадисі отбасы ішіндегі өзара сыйластық пен ізгіліктің маңызын айқындайды. Халқымыздың «Үй іші ала болса, керегенің басы толған бәле болады» деген нақылы да отбасы татулығының қоғам тұрақтылығымен тығыз байланысты екенін көрсетеді.
Отбасы – ең алдымен ер азамат үшін үлкен жауапкершілік. Бала-шағаны асырау, отбасының материалдық жағдайын қамтамасыз ету, рухани тірек болу – ер адамның мойнындағы міндет. Ал отбасылық жауапкершілікті жеңіл қарастырып, бірін алып, бірін тастау сияқты әрекеттер оны нәпсінің деңгейіне түсіріп жібереді. Мұндай көзқарас қоғамдағы отбасы институтының әлсіреуіне алып келетіні анық.
Дәстүрлі қазақ отбасында өзара қарым-қатынас көбіне заң нормаларымен емес, адамгершілік, өзара түсіністік пен сыйластық негізінде қалыптасады. Сондықтан отбасындағы имандылық пен рухани тұтастықтың беріктігі қоғамдағы көптеген келеңсіздіктің алдын алады. Әсіресе, ер азаматтың орны ерекше. Өзара құрметке, мейірім мен сүйіспеншілікке негізделген отбасы ғана берекелі әрі баянды болмақ. Ал сырттан жылу іздеп, жеңіл-желпі қатынасқа бой алдырған ер адам ең алдымен өз шаңырағының шайқалуына себеп болады.
Пайғамбарымыздың «Бәрің бақташысыңдар және қол астындағылар үшін жауап бересіңдер» деген хадисі әрбір азаматтың, әсіресе ер адамның отбасы алдындағы жауапкершілігін айқын көрсетеді. Ал дін атын жамылып, некені ойыншыққа айналдыру, қалаған уақытта қиып, қалаған уақытта бұзу – аса ауыр рухани жауапкершілікке алып келетін әрекет.
Қоғам алдында жүрген тұлғалардың әрбір әрекеті көпшілік үшін үлгі екенін ұмытпау қажет. Сондықтан олардың жеке өміріне қатысты шешімдері де қоғамдық бағалаудан тыс қалмайды. Рухани жетекші ретінде танылған әлгі адамның жағдайы парасаттылық пен даналықтың үлгісі бола алмайды. Керісінше, ол діннің мәнін терең түсінбеудің және жауапкершілікті сезінбеудің көрінісі ретінде қабылданады. Осы орайда халықтың «Өзің диуанасың, кімге пір боласың?» деген тәмсілі еріксіз еске түседі. Расында да, рухани жетекші атанған адамның іс-әрекеті оның айтқан сөзінен биік тұруы тиіс. Әйтпесе, бұл қоғамның дінге деген сеніміне селкеу түсіріп, шынайы құндылықтардың көмескіленуіне әкелуі мүмкін. Біреулер бұл оның жеке басының шаруасы дейтін болар? Бірақ ел алдында жүрген адамның жеке басының «шаруасы» көпке мысал екенін естен шығармаған дұрыс!
Кеңшілік ТЫШҚАНҰЛЫ,
дінтанушы, философия ғылымдарының кандидаты




