⛅
23°C
Қонаев
Сенбі, Сәуір 4, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    Әбіш Әділбек, жыршы: Ұлттық өнер – ұрпаққа аманат

    04.04.2026
    in Барлық жаңалықтар, Сұхбат
    Әбіш Әділбек, жыршы: Ұлттық өнер – ұрпаққа аманат
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

    Ұлы дала елінің қай өлкесінде болсын, алтын балық үйіріндей жыршылардың қайталанбас мектебі, дәстүрі бар. Ұлттың санасы мен тілінің, мәдениеті мен тарихының, тағдыр-талайы мен заманының айнасындай халық эпостарын орындаушы – жыршылардың өрелі өнері мен дәстүрі одан әрі тамырланып, өркен жайса, бағасы қымбат бабалар өнегесімен қауышарымыз анық. Осы орайда Жетісу жыршылық мектебін жалғастырушы, фольклор жинаушы, жыршы Әбіш Әділбекпен кездесіп, сан ғасырдың белесінен сыр толғайтын саф өнері жайында аздап әңгіме өрбіткен едік.

    – Әбіш аға, бала кезден қолыңыздан домбыра түспеген көрінеді. Осынау ұлы өнердің алғаш әліппесін ұшқан ұяңыздан оқыған боларсыз?
    – Өнердің де текке қарай қонатыны бар. Қазақта атақты би, батыр, балуан, әнші, күйші туралы сөз болғанда, «Тегі кім екен?» деп сұрайды. Туған жер, өскен ортасына мән беріледі. Жыршылықта да солай. Мен Хантәңірдің баурайында туып, Үшқоңырдың жайлауы мен Сарытауқұмның қойнауында өстім. Бұл өңір – Бөлтірік Атыханұлы, Асан Барманбекұлы, Сүйінбай, Жамбыл, Құланаян Құлмамбет, Көдек Байшығанұлы сынды көптеген өнер саңлағының кіндік қаны тамған жер. Осындай қасиетті өлкенің нәрлі топырағынан шыққан менің жыршы болуым заңдылық деп білемін. Ал әкем Баймұханбет жас кезінде көп айтысқан және қара өлеңнің шебері болған. Нағашыларым да өнер қонған адамдар еді. Анам Бүбіхан қиссаларды жатқа айтатын. Ол кісі Садықожа Мошанұлының жақын ағайының қызы. Әншілігім нағашыларыма тартса керек. Оның үстіне, біздің шаңырақта үлкендер жиі бас қосып тұратын. Әңгіме-дүкен құрылатын, қазақтың арғы-бергі тарихы, салт-дәстүрі, қол бастаған батырлар мен сөз бастаған шешендер, билер, ақын-жыраулар жайлы сөз қозғалатын. Ән де айтылатын. Айтысып та жататын. Мен үлкендердің қолына су құйып жүріп, құлағымды тағылымды әңгімелеріне түруші едім. Домбыра тартыла қалса, тізерлеп отыра қалып тыңдайтынмын. «Онда бір ғажап сыр бар естілмеген» деп Мұқағали ақын бекер айтпаса керек. Бүгінгі күнге аман жеткенім, азамат болғаным, жыршылығым, үлкен жетістіктерге жеткенім – Құдайдан кейін әкемнің арқасы.
    Баланың адам болып қалыптасуының қайнар көзі – отбасының тәрбиесі. Оны балабақша мен мектеп бере алмайды. Отбасы мүшелерінің бір- біріне деген қарым-қатынасы, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, ішкен асына дейін баланың санасына тікелей әсер етеді. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген сөзді қазақ бекер айтпаған. «Баланың бұзық болмағы – үйінен, жігіттің тентек болмағы – биінен». Адам баласы санасымен өмір сүретіні ақиқат. Ал сана тәрбие арқылы қалыптасады. Отбасында ұлттық тәрбие ала білген балада әлбетте ұлттық сана қалыптасады. Ал ұлттық сана арқылы адам ұлтқа қызмет етеді. Біздің үйде дастарқанда отырғанда ұлағат айтылатын және де барлық шаруа сонда шешілетін. Жалпы алғанда, бұл – қазақ ұлтына тән қасиет әрі құндылық. Менің жыршы болуыма отбасындағы өрелі әңгімелердің ықпалы болғаны анық.
    – Білуімізше, сіз заң саласында еңбек етіпсіз. Бірақ сонда да өнерден қол үзбепсіз. Сізге бабалар мұрасын бүгінге жалғауға қандай күш түрткі болды?
    – Мен 25 жылға жуық прокуратурада еңбек еттім. Жұмыс барысында түрлі қылмыскерді тергедік. Сол тұста адам жанының ең қараңғы қалтарысына бойладық. Тіпті адам баласынан түңіліп кететіндей жағдайларды көзбен көрдім. Бірақ солай екен деп, ізгіліктен күдер үзуге болмайды ғой. Мейірім, сүйіспеншілік, жылылық, махаббат секілді сезімдерді жоғалтып алмау үшін сәулелі дүниеден алыстамауың керек. Қазақы ән мен жыр, терме менің шаң қона бастаған жүрегімді шайып тұратындай әсерде боламын. Неге екенін, әрбір адамның жаны жүдеген сәтте, жүрегі шаттыққа, жанары мейірімге шүпілдеп тола бастаған кезде жәй ғана ыңылдап салар өз әні, өз жыры, өз құпиясы бар.
    Өткенге үңілсек, небір дауылпаз жыраулар мен жыршылардың мекені болған Жетісу өлкесінде Кеңес өкіметінің қазақ ұлтына қарсы саясатының кесірінен жыршылық өнер өшуге айналған еді. Қабан жырау, Құланаян Құлманбет, Бөлтірік Атыханұлы, Бақтыбай Жолбарысұлы, Көдек Байшығанұлы, Шарғын Алғазыұлы сынды, тағы басқа да ұлт мүддесін жырлаған дауылпаз ақын-жыраулардың шығармаларын дәріптеуге тыйым салынды.
    Кезінде менің өнерде емес, басқа мамандықта жүргенімді білген қазақтың қос алыбы – Асқар Тоқпанов пен Нұрғиса Тілендиевтің орнымнан тұрғызып, қолымды жайғызып тұрып, «Өнерді тастама» деп берген батасы жыршылық өнерді жаңғыртуыма себепші болғанын да мақтанышпен айтамын. Енді осы баға жетпес байлықты ұрпақ зердесіне ұялату керек.
    – Ұлы өнердің ұрпақ тәрбиесіндегі алар орны айрықша екенін айтып қалдыңыз. Өскен өркеннің санасына сәуле құю үшін де тер төгіп жүрген боларсыз?
    – Баланың қазақы өлең-жырға жақын жүруі – отбасынан. Осы күні бала тәрбиесін балабақша мен мектепке итеріп салатын ата-ана көп. Ондай ата-ананың өзіне тәрбие беру керек деп есептеймін. Екіншіден, сол ата-ана үйге келгенде балаға батырлар жыры мен терменің бір үзігін айтып берсе, шырқап беру қолынан келмей жатқан кездің өзінде, бала-шағасымен қатар отырып, сондай жыр-дастандарды тыңдауға жарты сағат уақытын қиса, балаға да, отбасына да үлкен тәрбие болар еді ғой.
    Мен осыдан он жыл ілгері Қазақстанның солтүстік облыстары, яғни, Петропавл, Көкшетау, Павлодар, Семей қалаларында болып, Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесін дәріптеп, университет студенттерімен, музей қызметкерлерімен кездесіп, Абылай хан, Қабанбай, Райымбек батыр дастандарын жырлап, терме-толғауларды айтып қайттым. Сол кездесуде студенттердің қазақ тарихына, жыр-термелерге деген қызығушылығы ерекше болды, кездесулер өте әсерлі өтті. «Жастар – біздің болашағымыз» дейміз. Егер олар өз елінің тарихын білмесе, олардан Отанын сүйген патриот шықпайды. Сондықтан елі мен жерінің тарихын білу – оларға міндет. Сол жылы Алматы облысының Райымбек, Қарасай, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Талғар ауданы мен Алматы қаласының кейбір мектептерінде, колледждерде болып, оқушылар алдында бабаларымыздың ерліктерін жырлап, жыршылық дәстүрді насихаттағаным есімде. Бір байқағаным, мектеп оқушыларының ықыласы ерекше болды. Демек, балалар жыр тыңдамайды емес, тыңдайды. Тек сол тәрбиені отбасынан қалыптастырсақ, жетіп жатыр. Ол үшін көл-көсір мұраларымыз қағаз бетіне түсіріліп, жүйелі зерттелуі керек.
    – Қазақтың ғажап жырлары жүйелі айналымға түсу қажет екенін үнемі айтып келесіз. Бұл бағытта қандай қадамдар жасадыңыз?
    – Батырлар жырын дәріптеу арқылы жас ұрпақтың ой-санасына ұлттық патриотизмнің дәнін себу, олардың бойындағы еліне, жеріне деген сүйіспеншілікті ояту, бабалар дәстүріне үйрету және ұлтымыздың асыл мұрасының бірі – жыршылықты меңгеруге күш салуымыз керек. Жетісу жыр мектебін жаңғыртуда біршама жетістікке жеттім. Ол үлкен еңбекпен келді. 2021 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқу-әдістемелік кеңсесі баспаға ұсынған «Жыраулар сөзі – тарихтың көзі» атты кітабым хрестоматиялық оқу құралы ретінде «Атамұра» баспасынан шықты. 2022 жылы бұл кітап қазақ, ағылшын және орыс тілінде «Аршын» баспасынан қайта жарық көрді. Сонымен қоса, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолдауымен «Жыраулардан жыр мұра» және «Жыр рух» атты кітабым, «Елдік пен ерліктің шежіре жырлары», «Ұлт рухы» атты жыр-терме, толғаулардан тұратын үнтаспаларым да ұлт руханиятына олжа салды деген ойдамын. Бұл еңбектерде өзім орындаған 40 жыр-терме топтастырылып, мақам-нотасы қоса берілді. Аталған еңбекке бұрын жария болмаған, осыған дейін ешкім жырламаған, кейбіреулерінің атын айтуға тыйым салынған ақын-жыраулардың тың туындылары енген. Бұл кітаптар Сақ, Ғұн, Түрік қағанаты дəуірі жəне Жоңғар шапқыншылығы мен патшалық Ресей кезіндегі жыраулар сөзінен сыр шертеді. Ауыз əдебиеті күшті дамыған халқымызда қазақ ұлтының тарихы жыраулар сөзімен жеткені ақиқат. Кітапта əңгіме болатын Томирис, Шырақ, Алып Ер Тоңға, Шу батыр, Атилла, Көк бөрі, Ергенекөн, Күлтегін, Абылай хан, Қабанбай, Райымбек дастандары – соның айғағы. Аталған еңбекке ұлттың рухын көтеру мен жас ұрпақтың тарихи санасын қалып­­тастыру мақсатында өзім ізденіп жүріп мұрағат­тан алған тарихи жыр-термелерді, яғни VIII ғасырдағы тасқа қашап жаздырған Иоллық жыраудың Күлтегін батыр жыры, XIII ғасырдағы Кетбұға, XVIII ғасырдағы Саршуаш, Қабан, Сабдалы жыраулар, XIX ғасырдағы Құлмамбет, Бақтыбай, Жүсіпбек қожа, Бөлтірік, Асан, Көдек, Шарғын сияқты жыр жампоздарының тың туындыларын топтас­тырдым. Бәрін өз мақамымен жырлап, нотасын қоса бердім. Менің бұл кітаптарым хрестоматиялық оқу құралы ретінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті сынды музыкалық оқу орындарына арналғанымен, ондағы қазақ тарихы, салт-дəстүр, ұлттық намыс, отбасы, білім-ғылым мен дінге қатысты жазған пікірлер қалың оқырман қауымға да берері көп тағылымды еңбек саналады. Міне, осынау құнды еңбек бүгінде еліміздің көптеген кітапханасына таралған. Оны зерделеген жан өзіне керектісін ала алады.
    – Әңгімеңізге рақмет!

    Сұхбаттасқан – Ерзат Асыл

    Соңғы жаңалықтар

    Экожүйені реттейді
    04.04.2026
    Қара шаңырақ
    04.04.2026
    Отбасы және дін
    04.04.2026
    АҚСАҚАЛДЫҚ АТАҚТЫ ХАЛЫҚ БЕРЕДІ
    04.04.2026
    Жүректің жарыққа ұмтылуы
    04.04.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>