⛅
15°C
Қонаев
Бейсенбі, Сәуір 9, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    КӨНЕНІҢ КӨЗІ – КӨРІК

    09.04.2026
    in Барлық жаңалықтар, Тарих
    КӨНЕНІҢ КӨЗІ – КӨРІК
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

    Тіршілігі көшпелі өмірмен байланысты болған қазақ халқының тұрмыста қолданған әрбір бұйымының атқарған өзіндік қызметі зор. Солардың бірі – металды қыздыру, балқыту үшін оттыққа жел беріп тұратын ұстаның үрлегіш құралы – көрік. Көрік халық түсінігінде киелі деп саналған. Ұстаның дайындаған бұйымының сапасы осы көріктің қызметіне байланысты болғандықтан, «Көрігің желді, көлігің жемді, көйлегің жеңді болсын» деген тілек қалыптасқан.

    Көріктің бірнеше түрі бар. Мәселен, көлемі үлкен көріктерді қаукөрік, наркөрік деп атаса, ал кіші түрлерін қолкөрік, қоскөрік, мескөрік, зергер көрік деген. Көлемі шағын көріктер тасымалға ыңғайлы болған. Кіші көріктер көбінесе әйел адамның әшекей бұйымдарын жасау үшін қолданылған. Ал қару-жарақтар жасауға наркөріктер пайдаланылған. Ұста бұл көріктерді ауыр металды балқытуда қолданғандықтан төңірегіне үш қазық қағып, қозғалмайтындай етіп бекітіп тастайды.
    Атақты қолөнер шебері, ұста Дәркембай Шоқпарұлы «Қазақтың қолданбалы өнері» атты еңбегінде көріктің қоскөрік, қол-көрік, мескөрік деп аталатын түрлеріне тоқталып, анықтама беріп, толыққанды сипаттап көрсетеді.
    Дәркембай Шоқпарұлының айтуын­ша, қоскөріктің көлемі өте үлкен емес, ол жұмыс барысында бір-біріне қарама-қарсы қойылады. Ұсталар кішігірім жұмыстар жасағанда мұндай көріктің біреуін ғана пайдаланған. Ал үлкен бұйымдарды жасауда жалғыз көріктің шамасы жетпей жатса, келесі көрікті іске қосып, екеуінің көмейін бір оттыққа, яғни көріктің аузын от жағатын жерге бағыттайды. Мұның «қоскөрік» деп аталуы қызмет жасау функциясына байланысты болған.
    Көріктің ең көне және қарапайым түрі – «мескөрік» деп аталған. Аталмыш көрікті сыпырылған ешкінің терісі­нен жасаған. Бұл көріктің атауы ұсақ малдарды сойғанда терісін жармай, «мес қылып сою» әдісіне байланысты қалыптасса керек.
    «Батыр бабалар» мемориалды музейі­нің қорында қоскөрік сақталған. Музейге тапсырушының мәліметі бойынша, қоскөріктің қолданыста болған уақыты – ХІХ ғасыр. Көріктің бір жағы доғал, екінші жағы сүйірлене келген алмұрт пішінді көлемдері бірдей екі қақпақ ағаштар өзара иленген былғарымен құрастырылған. Жоғарғы қақпағының орта тұсында ауа сорып тұруға арналған төртбұрыш пішінді «желбезек» тесігі бар. Ертеректе қолданыста болып, былғарысы тозған­дықтан, қайта қалпына келтірілген. Ал қақпақ ағаштарының сақталуы жақсы болғандықтан, тек өңдеу жұмысы жүргізілген.
    Қазақы ортада көріктің қасиетті саналуы отты кие тұтумен және Дәуіт пайғамбар есімімен тікелей байланысты. Дәуіт пайғамбар мұсылман әлемінде ұсталықтың пірі саналса, қазақы ортада қалыптасқан түсінік бойынша темір ұсталары мен зергерлердің жебеушісі әрі қолдаушысы болған. Бұл түсінік тек қазақтарда ғана емес, түркі тілдес өзге ұлттар мен Орта Азия халықтарының наным-сенімдерінде де кездеседі. Ислам аңыздарында ең алғаш темір өңдеуді, сондай-ақ темірден түрлі бұйымдар мен қару-жарақ жасау ісін меңгерген Дәуіт пайғамбар деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан ұсталар іске кіріспес бұрын, «Пірім Дәуіт, қолдай гөр!» немесе «Менің қолым емес, Ер Дәуіттің қолы» деген сөздерді айтатын болған. Осы жайтқа қатысты көне жыр-дастандарда:
    «Атам киген ақ сауыт,
    Беркітіп соққан Ер Дәуіт…», – деген жолдар кездеседі.
    Қазақта көрік тұрған ұстаның дүкеніне кірген адам міндетті түрде сәлем беретін болған. Қарапайым адам көрікке көп жақындай бермей, айналып өтеді. Сонымен қатар көрік құрылған орынды баспаған. Ұсталар көрікті пайдаланбаған кезде оны жинап, ақтық байлап, белден жоғары болатындай жерге көтеріп қоятын. Ал пайдаланатын кезде, Дәуіт ұстаға салауат айтып, ақ матаны шешіп, көрші-қолаңға арнайы дастарқан жайған. Іске кірісерде «Дәуіт ұста, ісімді оңдай көр!» – деген сөздер бүгінгі күнге дейін айтылып келеді.
    Ұстаның дүкенінде көріктен басқа металды өңдейтін төс, балға, шымшуыр, көзеуіш, қалақ сынды бірқатар құралдар болады. Олардың ішінде төсті де қасиетті санаған. Көрік, төс, сонымен қатар ұстаның пайдаланған құралдары әкеден балаға мұра ретінде қалып отырған. Егер атасы немесе әкесі ұста болса, ұрпағы да ұсталық өнерді жалғастырған. Ал бойында ондай өнер болмаса, әкеден қал­ған ұстахананы, яғни дүкенді сол қалпында сақтауға тырысқан. Өйткені ұстаның дүкенінде қасиетті рух бар деп түсінген. Дүкенді бір уақыт ашып, төс балғаларды қозғап, дыбысын шығарып отырған, «көріктің иесі мазасызданбайды» деп оған қызыл мата байлап қоятын болған. Халық түсінігінде күз, көктем айларында мінез-құлқында ауытқушылығы бар адамдар осы ұстаның дүкеніне арнайы келіп түнегенде, науқас адам дертінен айығады деп сенген.
    Ертеректе ұсталар дүкендерін ескір­ген киіз үйлерге немесе сүйегі шыбық­тардан тоқылып, саз балшықпен сыланған күрке тәрізді шошалаға құрған. Дүкенін дайындап болған соң, арнайы мал атап, оны сойып, көршілері мен туыс-туғандарын шақырып ас берген. Аталмыш дәстүр «дүкен майлау» деп аталған. Бұл ырымның бұлай аталу себебі, алғаш көрікті іске қосқанда, оның оттығына май құйып, бетін маймен сылайды. Төске де май жағады. Ұстаның дүкені іске қосылғанда оның іші адамға толады. Мысалы, әйел адамдар әшекей бұйымдар жасатуға келсе, ерлер күнделікті тұрмыста қолданатын құрал-саймандарына тапсырыс береді. Батырлар болса, атақты ұсталарға қару түрлерін жасатады. Осылайша ұста­ның дүкенінен адам аяғы арылмайды. Кейде ауыл ақсақалдары осы дүкенде әңгіме-дүкен құрып, кішігірім жиындар да өткізеді. Көнекөз қариялар жастарға өнеге­лі өсиеттер мен аңыз-әңгімелер айтады.
    Ұста дүкенінің қасиеті мен ерек­ше­лігін Дәркембай Шоқпарұлы төмен­дегідей өрілген өлең жолдарымен ерекше сипаттаған:

    Айналдым қара дүкен – қасиеттім,
    Қастерлеп, алдыңда мен бас иетін.
    Жасындай от шашатын төсті құрып,
    Жасымнан ұсталықты кәсіп еттім.

    Дүкеннің пірі – Дәуіт пайғамбарым,
    Атқарған көңілі мен ойға алғанын.
    «Қолдай гөр! Я, пірім!» деп сыйынамын,
    Қолымда сақадай-сай саймандарым.

    Көшпелі ортада қолданылған кез кел­ген бұйым­ның өзіндік ерекшелігі бол­ған. Әр бұйым атқаратын қызметіне қарай арнайы жасалып, қажетіне қарай қолданыл­ған. Біз айтып өткен зергердің құралы – көрік, оның тек бір мысалы ғана.

    Қыдыр НҰРҒОЖА,
    «Батыр бабалар» мемориалды
    музейінің ғылыми қызметкері
    Қарасай ауданы

    Соңғы жаңалықтар

    Құттықтау сөзін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Роман Скляр, Мәжіліс Парламентінің вице-спикері Дания Еспаева, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» Президиумының төрағасы Қанат Шарлапаев білдірді
    09.04.2026
    Бас Прокурор Берік Асыловтың форум ашылуында айтқан сөзі
    09.04.2026
    Бас прокуратурада Берік Асыловтың төрағалығымен отандық және шетелдік инвесторлар өкілдерінің қатысуымен инвестицияларды қорғау жөніндегі форум басталды
    09.04.2026
    Төрт тілде сөйлейтін шекарашы
    09.04.2026
    Қазақстан мен өңірдегі 150-ден астам ұйымның топ-менеджерлері Stanford University HAI профессорлары мен OpenAI Academy сарапшыларынан ЖИ бойынша білім алады
    09.04.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>