⛅
20°C
Қонаев
Сенбі, Сәуір 11, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    Қайраткер бейнесін сахналаған

    11.04.2026
    in Барлық жаңалықтар, Мәдениет, Руханият
    Қайраткер бейнесін сахналаған
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

    Халқымыздың мәдениеті мен ұлттық мұрасын сақтауға зор үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков туралы «Өзбекәлі» спектаклінің көрерменге жол тартуына мұрындық болған жерлесіміз, кәсіпкер Қайрат Кенжебекұлы екенін біреу білсе, біреу білмейді. Ол осынау игі іске «Өзбекәлі және мәдени майдан» атты кітапты оқыған соң қызығушылық танытып, белсене кіріскен.

    Қайрат Тәжақын 1993 жылы Еңбекшіқазақ ауданы Асысаға ауылында дүниеге келген. 2011 жылы Төлен Қабылов атындағы орта мектепті бітіріп, Алматы технологиялық универ­ситетіне оқуға түседі. 2021 жыл­дан бастап фармацевтика саласында кәсіпкерлігін жалғастырып келеді.
    – 2025 жылдың наурыз айында кәсіпкерлер арасында өткен бір жиында менің қолыма «Өзбекәлі және мәдени майдан» атты кітап түсті. Содан бастап бұл шығарма менің өміріме үлкен өзгеріс әкелді. Кітапты ықыласпен оқып, Өзбекәлі Жәнібековтің өмір жолымен таныстым. Оның ел мен жер үшін атқарған еңбегін оқыған сайын, бойымды бір ерекше сезім биледі. Сол сезім мені Түркістанға жетеледі. Алдымен Арыстанбаб кесенесіне, одан кейін Өзбекәлі атамыздың басына барып, Құран бағыштап, зиярат еттім. Сол жерде мені қатты ойландырған бір жайт болды. Арыстанбабқа келіп жатқан қаншама адам бар. Бірақ Өзбекәлінің басына барып, зиярат етіп жатқан адамды көрмедім. Сол сәтте менің ойыма «Қалайша мен бұл тұлғаны халыққа таныта аламын?» деген сұрақ туындады.
    Алғашында кино түсіргім келді. Осы мақсатпен мықты сценарийст Жандос Құсайыновпен жолығып, идеяммен бөлістім. Алайда киноның қаржылық шығынын есептей келе, бұл жобаны жүзеге асыруға дәл қазір мүмкіндігім жетпейтінін түсіндім. Бірақ мен нақты шешім қабылдадым. Егер кино болмаса, театр сахнасында сөйлетемін дедім. Осылайша «Өзбекәлі» спектаклінің тарихы басталды. Жандос Құсайынов пьеса жазуды қолға алды. Автордың ойының тереңдігі мен ұшқырлығына тәнті болдым. Бұл мені одан әрі жігерлендірді. Кейін режиссер табылып, кастинг жарияланып, актерлік құрам жасақталып, дайындық басталды. Тәуекелге барып, Қазақстан бойынша гастрольдік сапарды жоспарладық. Алғашқы барған қалаларда қиындықтар болды. Талдықорған, Семей, Өскеменде көрермен жинау оңай болмады. Оған бірнеше себеп әсер етті: жарнама­ның аздығы, бұл саладағы тәжірибе­нің жоқтығы, халықтың Өзбекәлі Жәнібеков­ті толық танымауы, менің өнер саласына қатысымның болмауы. Бірақ қойылымнан кейін жақсы пікірлер көбейді. Әсіресе жастардың жалынды сөздері мені ерекше шабыттандырды.
    Биыл Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдық мерейтойына орай, біз жаңа форматтағы гастрольдік сапарымызды бастадық. Бүгінде тарих қойнауында қалып бара жатқан тұлғаларды халыққа таныту менің өмірлік миссияма айналды. Осы мақсатта біз «Талант театры» атты шығармашылық ұжым құрдық. Алдағы уақытта да рухани жобаларды жүзеге асырамыз. Қолдап жатқан жандарға ризамын. Ең бастысы, маған тәлім-тәрбие берген ата-анама, ұстаздарыма алғыс айтамын», – дейді Қайрат Кенжебекұлы.
    Ол «Өзбекәлі» спектаклінің алғашқы қойылымын өзі туып-өскен Асысаға ауылында сахналап, үлкендердің батасын алып, ұстаздары мен ауылдас­тарының ыстық ықыласына бөленді. Тұрғындар спектакльден ерекше әсерге бөленіп, жерлесіне риза болып, актерлік ұжымға алғысын жаудырды. Жалғыз бұл емес, Қазақстанның барлық қалаларында қойылымды халық өте жылы қабылдап, жүрекжарды тілектерін жеткізді.
    Өзбекәлі Жәнібеков 1931 жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында дүниеге келген. Балалық шағы ауыр өтті. Әкесінен, көп ұзамай анасынан айырылды. Соған қарамай білімге ұмтылды. Абай атындағы қазақ педагогикалық институтында күндіз оқи жүріп, кешке жұмыс істеді. Еңбек жолын бұрынғы Шымкент облысының Келес ауданында мектеп мұғалімінен бастап, оқу ісінің меңгерушісі, осы ауданның комсомол комитетінің бірінші хатшысы, облыстық комсомол комитетінің хатшысы, Торғай облысы партия комитетінің хатшысы, Қазақ КСР-і кезінде орталық комитеттің шетелдермен байланыс бөлімінің меңгерушісі, Мәдениет министрінің орынбасары және министрі, орталық комитеттің хатшысы қызмет­терін атқарды.
    Өзекең қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін насихаттауға ерекше көңіл бөлді. Кеңестік идеология үстемдік құрған кезеңнің өзінде халықтың рухани мұрасын сақтауға батыл қадам жасады. Жастардың білім алып, ғылым мен мәдениетке бет бұруына күш салды. Замандастары оның турашылдығын, қарапайымдылығын және елге деген жанашырлығын ерекше атап өтті. Мысалы, мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков: «Өзбекәлі Жәнібеков – қазақ мәдениеті мен руханиятын қорғауда қайыспай еңбек еткен ірі тұлғалардың бірі», – десе, Әбіш Кекілбаев: «Ұлттық мәдениетіміздің қайтадан қалпына келтірілуіне, тәуелсіз даму жолына түсуіне де Өзағаңның сіңірген еңбегі ерекше», – деп бағалады. Шерхан Мұртаза болса: «Өзбекәлі Жәнібековтің халқына сіңірген ерекше еңбегін тізбелеп шығу үшін ғана үлкен кітап жазу керек. Ол – киелі адам», – деп адами қасиетін жоғары бағалады.
    Ол айтыс өнерінің қайта жаңғыруы жолында қызмет етті. Отырардағы Арыстанбаб және Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қалпына келтірілуіне ұйытқы болды. Тайқазанды Санкт-Петербургтің Эрмитаж музейіндегі көрмеден елге алып келуіне қайрат­кердің сіңірген еңбегі зор. Сондай-ақ ол Бетбақдаланы игеруге, Шардара су қоймасын салуға, Арыс-Түркістан каналын қазуға ұйытқы болды. Сонымен қатар «Қазақ ұлтының қолөнер мәдениеті», «Эхо…», «Жаңғырық», «Уақыт керуені», «Жолайырықта», «Қазақ киімі» «Ежелгі Отырар», «Тағдыр тағылымы» атты еңбектерін жарыққа шығарды.
    Наурыз мейрамының жаңаруына да зор үлес қосты. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырым­­дамасын жасауға атсалысты. Ө. Жәнібековтің бастамасымен еліміздің бірнеше қаласында этнографиялық мұражайлар ашылды. Қазақстан тарихы мен мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру мақсатын көздеген «Арқас» қоғамын құрды. «Шертер», «Адырна», «Алтынай», тағы басқа фольклорлық өнер ансамбльдерін ұйымдастырды.
    Міне, осындай тұлға жайлы Қайсар бауырымыз – спектакль жаздыртып, оның бар шығынын өзі көтеріп жүрген азамат. Оның алдағы мақсаты әлі асқақ. Біз жерлесімізге талмас табыс тілейміз!

    Анарбек БЕРДІБАЕВ
    Шелек ауылы,
    Еңбекшіқазақ ауданы

    Соңғы жаңалықтар

    Құрақ көрпе – үйдің сәні
    11.04.2026
    Ерлік пен еңбек жолы
    11.04.2026
    Ұстаз бақыты
    11.04.2026
    Құрдың күй ойнағы
    11.04.2026
    Кітапқа құштарлық
    11.04.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>