Көктем шыға салысымен орман іші ерекше күйге енеді. Тіршілік қайта оянады. Осы мезгілде құр да өзінің күй ойнағын бастап, табиғаттың жаңарған сәтін одан сайын құлпырта түседі.
Қазақстанда құрлар туысына жататын бір ғана түр – Lyrurus tetrix кездеседі. Оның елімізде екі түршесі таралған: Lyrurus tetrix viridanus және Lyrurus tetrix mongolicus. Құр – дене бітімі мығым, орташа ірі құс. Дене ұзындығы 53-57 см аралығында болса, салмағы 1,2-1,8 келіге дейін жетеді. Қоразы аналығына қарағанда ірілеу келеді. Аталық құстың қауырсыны жылтыр қара түсті болып, қанатында қиғаш орналасқан айқын ақ жолақ ерекшеленіп тұрады. Бұл белгілер құрды басқа орман құстарынан оңай ажыратуға мүмкіндік береді және оның табиғи ортадағы бейімделу ерекшеліктерін айқындайды.
Құр – отырықшы құс. Бұтаның, ағаштың түбінен шұңқыр қазып, ұясын жерге салады. Аналығы 4-12 жұмыртқа салады. 23-25 күнде балапан шығарады. Негізгі қорегі – өсімдіктер.
Құрлар «Іле Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы қылқан жапырақты орманда мекендейді. Олардың аса белсенді кезі сәуір айының соңына дейін жалғасады. Осы кезде қораздары ерекше құлпырады. Басындағы кішкене айдары қою қызыл түске енеді. Әрбір қораз қырылдаған дыбыс шығарады. Айнала бір деммен қозғалып, ойнақ салғаны қандай керемет!
Зертеушілердің айтуынша, құрлар қылқанды орманнан кейде 5 шақырымға дейін төмендегі қарағаш екпе тоғайына, алма бақтарының ашық алаңқайында күй ойнақ өткізіп, қайтадан шырша орманына ұшып кететіні жазылған. Осы кезде жыртқыш аңдар да торуылдайды. Фотоқақпанға түскен бейнелерден түлкі, Түркістан сілеусіні бірнеше рет тіркелді. Табиғаттың тамаша көрінісі таң бозынан басталып, күн көтерілер уақытқа дейін жалғасады. Орман ішінде осы уақытқа дейін гу-гулеген дыбыс тоқтамайды. Мекиендері жеңіске жеткен қораздың ығына жығылады. Балапандары маусым айында байқалады. Қара күз түсіп, күн суытқанда қораздары топтанып бірге жүреді. Ұлттық парк аумағында қорғалатын әрбір тіршілік иесі назарда. Сондықтан да қаскерлікке жол жоқ. Орын алған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Тұңғышбек Жапарқұлов,
«Іле Алатауы» МҰТП-ның ғылыми қызметкері



