Кеген аудандық Мәдениет үйінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өткен форум 400-ге жуық жастың басын қосты. Облыстық полиция басқармасы мен облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған шараның мақсаты – жастардың нашақорлық, киберқылмыс және буллинг мәселелеріне қатысты саналы көзқарасын қалыптастыру, рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту, сондай-ақ спорт арқылы салауатты әрі белсенді өмір салтын насихаттау.
Ең алдымен форумға келген қонақтар Заманбек Нұрқаділов атындағы өнер мектебі оқушыларының қолөнер бұйымдарымен, С.Серкебаев атындағы мектеп-гимназиясының жас ғалымдар жұмысымен және «Заң мен тәртіп» аясында сурет байқауынан оза шапқан балалардың туындыларымен танысып, жас өрендерге сәттілік тіледі.
Сахна шымылдығы «Нашақорлыққа қарсы» тақырыбына арналған бейнеүзіндімен ашылды. Бұдан кейін Кеген халық театрының әртістері дайындаған қойылымды тамашалады.
Форумды аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев ашып:
– Қауіпсіз қоғам қалыптастыру – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, барша азаматтың ортақ міндеті. Заң мен тәртіпті берік ұстанып, қоғам алдындағы жауапкершілікті терең сезіну – басты парызымыз. Аудан жастары арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында 50-ге жуық іс-шара ұйымдастырылып, 3 мыңнан астам жас қамтылды. Құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, жастар арасындағы құқықбұзушылық, зорлық-зомбылық, нашақорлық, интернет-алаяқтық және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін кешенді жұмыстар жүзеге асырылуда. Ата-бабамыздан мирас болған құқықтық мәдениетті жаңғыртып, оны жас ұрпақтың бойына сіңіру – баршамыздың қасиетті борышымыз, –дей келе форумды ұйымдастыруға ұйытқы болған облыстық полиция департаментіне зор алғысын білдіріп, шараға белсенділік танытқан азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады.
Форум барысында өзекті тақырыптар кеңінен қозғалды. Атап айтқанда, нашақорлықтың алдын алу, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл, психологиялық денсаулық пен құқықтық мәдениет мәселелері талқыланды.
Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мәди Ахметов, «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Әділет Нұрболатұлы, облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының полиция подполковнигі Алтын Есболсынқызы, облыстық психикалық денсаулық орталығы психологиялық зертханасының меңгерушісі Мөлдір Әнуарқызы, облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Әлібек Арланұлы нашақорлық, буллинг және киберқауіпсіздік мәселелері бойынша өз ойларымен бөлісіп, пікір алмасты. Кеген ауданының прокуроры Алмат Данилов мұндай игі бастамалардың маңызын атап өтті. Ол «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғам тұрақтылығының негізі екенін айтып, жастарды құқықтық мәдениетті сақтауға және заңды құрметтеуге шақырды.
Қатысушылар спикерлерге сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Бұл форум жастардың белсенділігін арттырып, құқықтық сауатын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы




