Іле ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы тазалық жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Кезекті ауқымды іс-шара Өтеген батыр ауылында өтті. «Таза өлке – таза жер» акциясына аудан әкімінен бастап, тұрғындар, мекеме қызметкерлері мен еріктілер белсене қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты – тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға жауапкершілік сезімін нығайту және елдімекендерді абаттандыру жұмысына жұртшылықты кеңінен тарту.
Аудан әкімі Қайыржан Жақсымбетов: «Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» – бұл елдің экологиялық мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам. Бұл бастама әр тұрғынның күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Тазалық – жоғары мәдениет пен туған жерге деген жанашырлығының көрінісі. Бірлескен еңбектің арқасында елімізді одан әрі көркейте аламыз», – деді.
Сенбілікке 300-ден астам адам қатысып, тазалық жұмысы кең көлемде жүргізілді. Атап айтқанда, ағаштар әктеліп, көпқабатты және жеке тұрғын үйлердің аулалары, қоғамдық орындар, жол жиектері тазартылды. Сонымен қатар көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, ағаш көшеттері отырғызылды.
Мұндай экологиялық акциялар тек тазалық жұмыстарымен шектелмейді. Табиғатқа жанашырлықпен қарауға тәрбиелеп, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Жыл басынан бері Іле ауданында 4 сенбілік өткізілген. Бұл шараларға 10 мыңға жуық адам қатысып, 127 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 642 тонна қоқыс шығарылып, 21 мыңнан астам ағаш отырғызылды, елді мекендер аумағы тазартылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жоспарға сәйкес жалғасын таппақ.



