⛅
17°C
Қонаев
Бейсенбі, Сәуір 16, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    Ел сыйлаған Қанымжан

    16.04.2026
    in Барлық жаңалықтар
    Ел сыйлаған Қанымжан
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

    Сан ғасырлық тарихы бар халқымыздың бай мәдени мұрасын көзінің қарашығындай сақтап, жаңғыртып, жаңартып, жас ұрпақ санасына сәулесін шашып, көне заманғы тарихымыздан тағылым алардай тындырымды еңбегімен тынымсыз тер төккен тұлғаларымыз қаншама?! Осы жолда мәдениет саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан өрелі жандардың бірі – Қанымжан Солтанқұлова.

    Қанымжан Шотбайқызы Райымбек ауданы Нарынқол ауылында дүниеге келген. Балалық балғын шағы қаймағы бұзылмаған қазақы ортада, еңсесі биік қасиетті Хантәңірінің етегенде өтті. Әкесі – Екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы басталғанынан ең соңғы күніне дейін қатысып, өңіріне екі бірдей «Қызыл жұлдыз» орденін қадап, еліне жеңіспен оралған қаһарман тұлға. Анасы Үпен – он баланы өмірге әкеліп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған алтын құрсақты ана. Бес ұл, бес қыз – он баланың ең тұңғышы болып өмірге келген Қанымжан тәтеміз ғасырға жуық ғұмыр кешкен Ербаладай әжесінің қызы болып бұла өседі. Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын сәби күнінен санасына сіңіріп өскен ерке қыз ерте есейіп, алты жасынан мектепке барып, өз қатарының алды болып он жеті жасында он бір жылдық білімнің аттестатын алады. Білімге деген құштарлықтың арқасында арман қуып Алматыға келген ару қыз өзінің алғырлығымен 1964 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының физика-математика факультетіне түсіп, оны 1968 жылы аяқтағаннан кейін өмір жолын ұлағатты ұстаздық қызметтен бастайды.
    Қазақ танымындағы ата мен әже тәрбиесі ұрпақ сабақтастығының алтын көпірі емес пе? Әже тәрбиесінің тағылымын тыңдап, өнегесін көріп өскен өреннің өзгелерден қашанда өресі биік, өрісі кең, рухани жан дүниесі бай, жаны жомарт, жүрегі жұмсақ болып өсетіні белгілі. Өзінің өшпес жадыраған жан жылуын жас ұрпаққа арнаған Қанымжан тәтеміздің ұстаздық жолды таңдауы да тегін емес еді. Алайда жиырма жыл ерінбей еткен еңбек пен төккен тері босқа кетпеді. Сабақ беру шеберлігін шыңдап, оқу-тәрбие жұмысындағы олқылықтардың орнын толтыруда өзінің шығармашылық ізденгіштік жұмыстарының нәтижесі өз жемісін берді. 1984 жылы Санкт-Петербург қаласында ұйымдастырылған директорлардың курсына барып, білімін көтеріп келген соң өзі басқарып отырған білім ошағына жаңашылдық әкелді. Ол кейбір әріптестерінің «Бізге ондай оқыту жүйесіне көшуге әлі ерте» деген қарсылығына қарамастан Рысқұлов ауылындағы өзі басшылық жасап отырған №16 мектепте ең алғаш гимназия сыныбын ашты. Ондағы оқушыларды жас ерекшеліктерін ескере отырып, қабілет-қарымына қарай даралап оқыту, саралап оқыту секілді ерекше тәсілмен білім беру бағыты бүгінгі Назарбаев зияткерлік мектебінің бағдарламасына жақын келеді.
    Міне, осындай білім беру саласындағы өзінің басқарған ұжымы мен әріптестерін отыз жыл бұрын алдыға тартқан жаңашыл ұстаз сол жылдары Мұғалімдердің білімін жетілдіру институты мен облыстық білім басқармасының бірлесе ұйымдастырған «Жыл директоры» шығармашылық байқауына қатысып, білімді маман, білікті басшы, шебер ұйымдастырушы әрі тәжірибелі ұстаз ретінде екі апталық байқау сынағында облыс бойынша менмін деп әбден іріктеуден өткен 56 директордың ішінен алдына қара салмай, Талғар ауданының намысын қорғап, «Супер директор – 1993» деген байқауда жеңіске жеткенін әріптесі ретінде көзімізбен көріп, куә болып жанында жүрдік.
    Бұл кісінің мектеп қабырғасында жинақтаған іс-тәжірибесі мен басқарушылық шеберлігі ескеріліп, 1994 жылы Талғар ауданы әкімінің идеология жөніндегі орынбасары болып тағайындалады. Қатардағы мектеп директорына бірден аудан әкімінің орынбасары болу деген де оңай емес, әрине. Лауазым жоғарылаған сайын атқаратын жұмыстың көлемі де көбейіп, жауапкершілігіңнің артатыны белгілі. Қаншама кітапты ақтарып, нұсқаулықтармен танысып, әкім орынбасарының негізгі атқаратын міндеті мен жұмыстары қандай деген төңіректе жатпай-тұрмай тер төгуге тура келді.
    Ол жылдары да өзі басшылық жасап, бақылау жүргізетін – оқу-білім, мәдениет, денсаулық сақтау мен әскери комиссариат, өзінің сан қырлы сараптауларды қажет ететін ішкі саясат секілді күрмеуі мол күрделі саланы басқаруда да өзінің іскерлігі мен қажырлылығын танытты. Ол жылдары да Талғар ауданы Алматы облысы бойынша білімнің сапа көрсеткіші жағынан екінші, үшінші орынды берген жоқ. Денсаулық саласының да халыққа қызмет көрсету, сапа көрсеткіші жағынан облыс бойынша алғашқы үштіктен түспеді. Ол кісінің 1994 жылы ауданға келу кезеңінде, айтары жоқ, халыққа өте бір қиын-қыстау кезеңі болғаны да белгілі. Халықта ақша жоқ, алты айлап ел айлық жалақысы мен зейнеткерлер зейнетақысын ала алмаған күндер болғанын өзіміз көзімізбен көрдік. Сонда да солардың бәрімен тіл табысып, шама-шарқы келгенше көмек қолын созып, халықтың көңілінен шыға білді. Сол кезеңдерді бір сәт есіне алған Қанымжан Шотбайқызы: «Қай жерде жүрсең де, қандай қызметте істесең де, ең бірінші халықтың жағдайын ойлау керек. Мен екі ауданда да әкімнің орынбасары лауазымын атқардым. Еңбекшіқазақ та, Талғар да екеуі де халқының саны жағынан ең көп, өте тығыз орналасқан ілгері аудандар. Мысалы, Талғарда қызмет істеп жүргенде ардагерлердің саны 400-дей болатын. Жоқтан барды құрап, әйтеуір барлығының да көңілін табуға тырыстық. Тығырықтан шығу жолында мен жалғыз өзім істедім деп айта алмаймын. Менің айналамда халыққа жанашырлық танытып, көмек қолын созған қаншама қайраткер, тұлғалы азаматтар мен ел ағалары болды?! Сондай іскер басшылардың айтқызбай түсініп, бір-бірлеріне көрсеткен көмегінің арқасында жұмысымыз, Құдайға шүкір, жақсы жүрді. Сол кездегі Қызылқайрат кеңшарының төрағасы болған іскер басшы Нұрсұлтан Сәрсеков бауырымыздың, әсіресе, ардагерлерге көрсеткен көмегі мен қамқорлығын айта кеткеніміз жөн», – дейді.
    Міне, осындай сан салалы жауапты қызметтің қыры мен сырын әбден меңгеріп, екі бірдей ауданның әлеуметтік-экономикалық саласының дамуына еселеп еңбек сіңірген Қанымжан Шотбайқызы саналы ғұмырының бес жылын, яғни 1999-2004 жылдар аралығында Алматы облысы мәдениет басқармасының бастығы болып тағайындалады. Бұл үлкен лауазымды да басқару ісіне әбден төселген басшы өзіне жүктелген міндеттерді үлкен абыроймен атқарып, өз мүддесінен ел мүддесін биік қоя білді. Қанымжан Шотбайқызы мұғалімдік мамандықты босқа таңдамады. Мұғалім бола жүріп жеткіншектердің жүрегіне болмысы бұзылмаған эстетикалық әрі ұлттық, отансүйгіштік тәрбиені дарытудың дара жолында тер төккен еңбегі заяға кетпегені осы салаға келгенде анық аңғарылғандай еді. Мұғалімді адам жанының тәрбиешісі десек, сол мамандықты жан-тәнімен жақсы көріп, оны жаңашылдықпен басқаруда көп жетістікке жеткен жан үшін мәдениетті басқару да онша қиындық туғыза қойған жоқ. Алайда шешімі дұрыс жол таппай, күрделеніп кеткен күрмеуі көп мәселелердің дені де осы мәдениет саласында еді. Себебі Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары жекешелендіру деген ұранның аясында көптеген Мәдениет үйі бұзылып, қиратылып кетті. Есік-терезелері сынып, төбесінен ай көрініп тұрғандары қаншама еді?! Сол бір қиын істің күрмеуін шешу үшін білікті басшы облыс әкімдігінен қомақты қаражат бөлгізіп, мәдениет ошақтарын күрделі жөндеуден өткізу қайта қолға алынды.
    Қанымжан тәтеміз ұлттық нақыш­тағы киім-кешек, дыбыс күшейткіш аппаратура сияқты құрал-жабдықтар мен қосымша штаттар бөлгізіп, өзі зейнет жасына шыққанға дейін талай игілікті істердің іске асуына аянбай атсалысты. Сөйтіп нарық тұсындағы қаржы тапшылығынан тұсауланған көптеген халықтық өнер ошағының өн бойына қан жүгіріп, барын құрап, жоғын тауып, жолға қойды. Ұлттық құндылықтарымыздың шынайы жанашыры бола білген аяулы жан сол бір өлара шақтағы мәдениетіміз бен өнерімізді, рухымызды көтеру жолында тыным таппады.
    Мәдениет – өте кең ауқымды сала. Оның әні бар, күйі, биі, сурет, қолөнері, музейлері мен кітапханасы, театр, ансамбль мен оркестрі, филармония секілді үлкен өнер ошақтарының қажеттілігін өтеп, халық алдына қызметін жолға қою – қыруар шаруа. Сол кездегі облыс орталығы Талдықорған қаласындағы М.Тынышбаев атындағы тарихи-өлкетану музейінің жаңа уақыт талабына сай, жаңаша форматта, тақырыптық жоспарларын жүйелеп, жинақтап, сақтар мен қола дәуірінен бастап, сол өңірдегі кездесетін аңдар мен құстар, әртүрлі жәндік пен өсімдік атауларын бірінші қабатқа қойып, екінші қабатқа ХХ-ХХІ ғасырдағы қол жеткізген жетістіктермен толықтырылып, жаңаша мазмұн мен ұлттық реңк берілді. Айта берсе, ел игілігі үшін атқарылған қыруар істері бар. Алайда «Сырт көз – сыншы» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Қанымжан Шотбайқызының сол жылдардағы еңбегінің еленіп, ел алғысына бөленгені әлі күнге көз алдымызда. Мыңжасар Маңғытаев секілді саңлақ композиторымыз ән жазып, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақтың арқалы ақыны Иран Ғайып Оразбаев пен ақындардың аққуы атанған Марфуға Айтқожина секілді қос бірдей шайырдың өлең арнауы да тегін емес болса керек.
    «Көлбеген көк жүзінде сағымдардай, Жүретін туған жерге жанын жалғай. Жұртына көрік болып көңіл бөлген, Бар онда арулар да Қанымжандай», – деп басталатын Марфуға апамыздың жан жүрегінен жарып шыққан арнау жыры: «Тасыған көктемдегі жаны сеңдей, Жанады, жүрегінің шамы сөнбей. Ел үшін елеңдеген арулардың, Тілеймін болса екен деп бәрі сендей», – деп жалғасады.
    Иә, ақиқатты айтса, ақындар айтсын! Еңбегіңнің бағасын берсе, ел берсін! Бүгінде сексеннің сеңгіріне сергек шыққан ұлағатты ұстаз, көрнекті қоғам қайраткері Қанымжан Шотбайқызы өз отбасының ғана емес, барша әулеті мен елінің ақылшы анасы, сүйікті әжесі. Ел сыйлаған қайраткер. Адамға жақсы қартаю деген де бір бақыт қой! Мерейтойыңыз құтты болсын, Қанымжан тәте!

    Кәмнұр ТӘЛІМҰЛЫ,
    Талғар ауданының Құрметті азаматы

    Соңғы жаңалықтар

    Қонаевта дезинсекция және жасыл желектерді өңдеу жүріп жатыр
    16.04.2026
    Ел сыйлаған Қанымжан
    16.04.2026
    Қонаев қаласында «Sport Time» жұмысшы жастар арасында шағын футболдан облыстық турнирі өтті
    15.04.2026
    Қонаевтағы №4 жағажай инвестор қаржысына абаттандырылады
    15.04.2026
    Мал басы төлімен көбейеді
    15.04.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>