Қонаев қаласындағы орта мектеп-гимназиясында «Smart кеңістік: инновация, тұлға және болашақ» атты тәжірибелік алаң өтті. Мақсаты – мектепте жүзеге асырылып жатқан инновациялық тәжірибелерді тарату арқылы білім беру сапасы мен мәдениетін арттыру, сондай-ақ педагогтер мен оқушылардың зерттеушілік және шығармашылық әлеуетін дамыту.
Іс-шара барысында оқушылар мен мұғалімдер тың жобаларын ұсынып, оларды тәжірибе жүзінде таныстырды. Мәселен, витграсс өсімдігін автоматтандырылған жүйе арқылы өсіру жолын көрсетіп, оның адам ағзасына пайдасы мен экологиялық тазалығын атап өтті. Келесі кезекте ұсынылған жоба – ауа сапасын бақылау жүйесі. Оқушылар арнайы құрылғы арқылы ауадағы зиянды заттардың деңгейін анықтап, мәліметтерді экранға шығарды. Бұл жоба экологиялық мәселелерге бейжай қарамай, оларды шешуге үлес қосуға болатынын көрсетті. Сондай-ақ оқушылар арнайы сенсор арқылы жиналған мәліметтер негізінде су ағынын реттеу мүмкіндігін қарастырған. Бұл өз кезегінде табиғи апаттардың алдын алып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі.
Ашық алаңның екінші бөлімінде келген қонақтармен шеберлік сабақ өткізілді. Іс-шара соңын қорытындылаған облыстық білім басқармасына қарасты әдістемелік орталықтың басшысы Гүлжихан Иманхатова «Smart кеңістік» жобасы – білім беру саласындағы жаңа қадамдардың жарқын көрінісі екенін атап өтті.
– Бұл жоба мұғалімдер мен оқушылардың бірлескен еңбегінің нәтижесі ретінде заманауи технологияларды тиімді пайдаланып, білім сапасын арттыруға бағытталғанын көрсетеді. Біз мұғалім мен оқушының бір бағытта жұмыс істеп, ортақ идеяны жүзеге асыра алатынын көріп отырмыз. Ұсынылған жобалардың арасында өмірде қолдануға болатын, қоғамға пайдасы бар бастамалар аз емес, – деді Гүлжихан Жалғасбекқызы.
Тәжірибелік алаң оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, олардың қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамайтынын көрсетті. Осындай жобалар болашақта еліміздің технологиялық дамуына өз үлесін қосары сөзсіз.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ
Қонаев қаласы




