Енді Ұйғыр ауданындағы Кепебұлақ ауылы тұрғындары да ел қатарлы ұялы телефон ұстап, интернет пайдалана алады. Қаншама жылдан бері Кепебұлақ ауылын ұялы байланыспен және интернетпен қамту мәселесі айтылып келе жатса да, шешімін таппаған еді. Ауыл тұрғындары әр жиында осы мәселені қаузап, сан мәрте хат та жазылған. Осыған байланысты 2021 жылдан бері облыстық цифрлық технологиялар басқармасы да байланыс операторларына ауылды интернетке қосу туралы ұсыныстар жолданғанымен, операторлар бұл мәселені «250+» жобасы аясындағы жұмыстар аяқталған соң ғана қарастыра алатынын хабарлаған еді. Сан кедергі осылайша кепебұлақтықтардың үмітін үзе берген.
Жыл басында осы ауылда қайғылы оқиға болды. Байланыстың жоқтығы кенеттен тұтанған өртті дер кезінде хабарлап, сөндіруге кедергі келтірді. Соның кесірінен бір отбасы қара жамылды. Осы оқиғадан кейін «КаР-Тел» ЖШС («Билайн» сауда белгісімен) әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде Кепебұлақ ауылын 4G стандартындағы интернетпен қамтуды өз міндетіне алды. Әдетте, базалық стансы құрылысы 1 жылға дейін уақыт алады екен. Бірақ мемлекеттік органдар келісу рәсімдерін жеделдету нәтижесінде жұмыс мерзімінен бұрын аяқталып, жуырда Кепебұлақ ауылы интернетпен қамтылды. Бүгінде ауылда «Билайн» операторы қызметі алаңсыз жұмыс істеуде.
«Билайн» операторының базалық стансысы іске қосылуына орай, Кепебұлақ ауылында брифинг өтті. Оған Алматы облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Жандос Ақыл, басқарманың бөлім басшысы Айгүл Жұманқызы, Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нурахунов пен ауыл тұрғындары қатысты.
Алғашқы болып сөз алған облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Жандос Қанатұлы талай жылдан бері көтерілген интернет мәселесі өз шешімін тапқанын, бірақ осы жұмыстың орындалуы аясында түрлі кедергілер мен қиындықтардың кездескенін айта келе, алдағы уақытта «Теле 2», «Алтел» және «Кселл», «Актив» операторларына тұрғызылған антенна-діңгек құрылысына өз құрылғыларын орнату туралы ұсыныс жасалатыны, сол кезде ауыл тұрғындары өздері қалаған операторлар қызметін пайдалануға мүмкіндік туатынын айтты. Сондай-ақ, Кепебұлақ ауылында орналасқан Н.Исахметов атындағы орта мектепте сапалы интернет желісінің жоқтығы, осы мәселені шешу үшін мектепте талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жұмысы басталғанын, келісімшартқа сәйкес мердігер компания «Bim-Revit» ЖШС жұмыстарды биыл 3 қыркүйекке дейін аяқталатынын жеткізді. Оның сөзінше, талшықты-оптикалық байланыс желісі жерасты жолдарымен мектепке дейін жеткізілген соң, оны «Қазақтелеком» АҚ өз балансына алып, мектепті жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, жақында Үкіметте бекітілген «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында Кепебұлақ ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктке, жекеменшік балабақшаға және клубқа 2024 жылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жоспарланған екен. Осындай жағымды жаңалықтарымен бөліскен Жандос Қанатұлы Ұйғыр ауданында енді Рахат ауылының интернет мәселесін шешу алдағы жоспарларында барын да жасырмады.
Жиын соңында аудан әкімі Шухрат Турдахунұлы Кепебұлақ ауылына интернеттің келуіне ықпал еткен азаматтарға алғысын білдірді. Алдағы уақытта бұл жұмыс жалғасын табатынын, ел игілігі үшін еселі істер жасалатынын жеткізді. Ауыл тұрғындары да көптен күткен байланысқа қол жеткізгендеріне дән риза болды. Қариялар ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын беріп жатты.
Анар Дүйсенбайқызы,
Ұйғыр ауданы