Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында мектептерді жаңа оқу жылына дайындауға қойылатын талаптар айтылып, оқушылардың медициналық тексеруден өту қорытындысы жарияланды. Бұл жөнінде облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Марат Исмаилов анық ақпарат таратып, мектептердегі қауіпсіз және оңтайлы оқу жағдайларын қамтамасыз ету жолдарын жеткізді.
Мектеп ғимараттары, олардың ішкі ортасы оқушыларға физикалық, химиялық, биологиялық және басқа да зиянды факторлардың кері әсерін тигізбеуі керек. Осы орайда білім мекемелеріндегі тазалық жайы мен оқушыларға қолайлы жағдайдың жасалуы басты орында болуы тиіс. Марат Әділжанұлы алдымен өткен жылғы медициналық тексеру көрсеткішін сөзіне қосып, мектеп оқушыларында аурудың таралу деңгейін айтып өтті. Спикердің сөзіне сүйенсек, 2022 жылы облыс аумағында 153 мыңнан астам оқушы жан-жақты медициналық тексеруден өткен. Былтыр білім ошақтарындағы аурудың таралу статистикасы бойынша тіс жегі сырқатымен 75 оқушы ауырып, 27 оқушы көзі ауырып шағымданған. Жалпы білім мекемелерінде бұдан өзге оқушылардың қан айналым жүйесінің әлсіреуі, жіті респираторлық аурулар, жүйке жүйесінің нашарлауы, омыртқаның қисаюы, эндокриндік аурулар, ас қорыту, есту қабілетінің бұзылуы, инфекциялық паразиттік аурулар жиі кездеседі. Осы себептен оқушылардың сырқаттануына жол бермеу үшін біршама жұмыстар атқарылып, олардың денсаулығына теріс әсер ететін факторларға барынша тосқауыл қойылып келеді. Былтырғы анықталған кемшіліктерді де сөзіне қосқан Марат Әділжанұлы, биыл ондай олқылықтардың қайталанбайтынын жеткізді. 2022 жылы тексеру барысында Еңбекшіқазақ және Қарасай аудандарының 14 мектебінің оқушыларына олардың бойы мен жасына сәйкес келмейтін оқу жиһазы анықталған. Бұл өз кезегінде шәкірттерде сколиоздың пайда болуына жол ашатын жайт. Мәселе төңірегінде брифинг спикері:
– Ойын және спорт алаңдарындағы жабдықтар, жиһаздар білім алушылардың бойы мен жасына сәйкес болуы тиіс. Оқу үй-жайларындағы жиһаз жарық сол жақтан түсетіндей етіп орнатылады. Негізгі жарықтың оқушылардың алдынғы және артқы тұсынан түсуіне жол берілмейді. Оқу кабинеттері, зертханалар арқалары бар орындықтармен жабдықталуы қажет. Оқушыларды есту, көру қабілетінің бұзылмауы үшін балаларды тақтадан алыс отырғызу және суық тию аурулары бар оқушыларды сыртқы қабырғадан алысырақ отырғызу керек, – деп айтып өтті.
Сондай-ақ облыстағы бас санитар білім мекемесіндегі жарықтың аздығы, оқушылар сөмкесінің стандартты салмақтан ауыр болуы, компьютер сыныптарында ұзақ отырғызу бала денсаулығына бірден-бір әсер ететін фактор екенін қадап айтты.
Күнделікті оқу құралдары жиынтығының салмағы
1-3 сынып оқушылары үшін – 1,5 – 2,0 кг,
4-5 сынып оқушылары үшін – 2,0 – 2,5 кг,
6 – 7 сынып оқушылары үшін – 3,0-3,5 кг,
8 – 11(12) сынып оқушылары үшін-4,0-4,5 кг, – нан аспауы тиіс.
Суық кабинеттер мен ылғалдылығы жоғары сыныптарда өткір респираторлық аурулар, зәр шығару жолдарының аурулары, өкпе қабынуы пайда болады. Сондықтан бөлмедегі ауаның температурасын бақылау үшін термометрлер орнатылады. Объектілердің ғимараттары желдету және ауа баптау жүйелерімен жабдықталуы керек. Желдету үшін ашылатын терезелерге, фрамугаларға москит торлары орнатылады. Марат Әділжанұлы мектеп қабырғасындағы ауызсу режимінің де бала денсаулығындағы басты фактор екенін айтып өтті. Ол өз сөзінде:
– Орталықтандырылған шаруашылық ауызсу, ыстық сумен жабдықтау, су бұру жарамды жағдайда болуы тиіс. Орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау жүйесі болмаған жағдайда су жылытқыштар орнатылуы тиіс. Ауыз судың сапасы зертханада тексерілуі тиіс, – деп айтып өтті.
Мектептегі асхана, шеберханалар, медициналық кабинет, өндірістік үй-жайлар ыстық және суық су жеткізетін қолды жууға және кептіруге арналған құралдармен жабдықталады. Брифинг спикері асханадағы тазалық жайына да тоқталып, оқушылар үшін дайындалатын тағам түрлерін тарқатып өтті. Құрамында темір бар дәрумендер, минералдар бар йодталған тұз және жоғары және бірінші сортты байытылған бидай ұны пайдаланылуы тиіс. Баяндама соңында санитарлық дәрігер ата-аналарға мектеп формасы мен балалар үшін аяқ киімді дұрыс таңдау қажеттігін айтты. Киім ауа өткізетіндей, ал аяқ киім былғарыдан болғаны дұрыс, химиялық иіс шықпауы керек. Санитарлық дәрігер синтетикалық материалға қарағанда табиғи шикізаттың үлесі көп материалды таңдау керектігін ұсынды.
Құралбек Сәбитов,
Қонаев қаласы