Қыркүйектің басында камералар жалпы жол ережелерінің бұзу фактілерін, кейіннен орташа жылдамдық асырған көліктерді тіркейді. Алматы облысының Полиция департаментінің хабарлауынша, жол ережесін бұзбауға шақыратын роликтер мен кеңестер жүргізушілерге әсер етпейді. Айыппұл салу ғана оң нәтиже береді. Осыған байланысты жол-көлік оқиғаларының алдын алу шарасы ретінде көлік апаты жиі болатын 124 орынға 576 камера орнатуға шешім қабылданған.
Мәселен, қыркүйектің алғашқы күндері Қонаев қаласында алты бейнебақылау бекеті жұмыс істей бастайды. Одан бөлек:
Алматы — Қонаев және Алматы — Өскемен тас жолында 16 бекет (Қонаев қаласы мен Шеңгелді ауылының аумағы);
Талғар тас жолында 21 бекетте – желілік жол бөліктерінде, сонымен қатар Талғар қаласы, Бесағаш, Белбұлақ тағы бірқатар ауылда;
Құлжа тас жолында 44 бекетте, сонымен қоса Гүлдала, Панфилов, Бәйтерек ауылдары; Қызылту, Төңкеріс пен Есікке бұрылатын жерде және тағы басқа орындарда;
Алатау тас жолында 5 бекетте;
Алматы — Ташкент тас жолында 13 бекетте;
Жоғары Қаскелең тас жолында 7 бекетте, оның ішінде Қырғауылды, Жандосов ауылдары және тағы басқа орындарда;
Алматы — Қорғас тас жолында 5 бекетте;
Алматы — Астана тас жолында 4 бекетте, Шамалған станциясының маңында;
Әли мен Жаңалық ауылдарының маңында, бұрынғы Қапшағай тас жолында 2 бекетте;
Алматы — Байсерке — Междуреченск тас жолында 1 бекетте “Сергек” камералары қойылады.
Полицейлердің сөзінше камералар «Сергек» интеллектуалды бейнебақылау жүйесіне қосылған. Олар әзірге жылдамдықты асырған, бағдаршамның қызыл түсі жанғанда тоқтамай өтіп кеткен, тоқтау сызығын және тұтас сызықты басқан көлікті алды мен арт жағынан түсіріп алады.
Келешекте Әкімшілік кодекс пен өзге заңнамалық актілерге өзгеріс енгізген соң Қапшағай тас жолы мен Үлкен Алматы айналма жолында автомобильдің орташа жылдамдығын тіркеу қызметі тәжірибе түрінде іске қосу жоспарланып отыр.
Kolesa.kz