9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай Алатау қаласында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтарды еске алуға арналған салтанатты гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Тағылымды іс-шараға қала тұрғындары, ардагерлер, әскери қызметкерлер, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.
Рәсім барысында ескерткіш алаңына кіреберістен бастап әскери қызметшілерден құралған құрмет дәлізі ұйымдастырылып, қатысушылар майдангерлер рухына тағзым етті. Жиналған қауым Ұлы Жеңістің тарихи маңызы мен бейбіт өмірдің қадірін еске алып, ерлікпен қаза тапқан батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Алатау қаласы әкімінің орынбасары Несіпбаева Гүлбану Сейткенқызы Ұлы Жеңістің халқымыз үшін маңызы зор тарихи күн екенін атап өтіп, майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің жанқияр ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді. Сонымен қатар, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, ел тарихын құрметтеу және батырлар аманатына адал болу – баршамыздың ортақ парызымыз екенін айтты.
Іс-шара аясында ескерткішке гүл шоқтары қойылып, майдан даласында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым жасалды.
Ұлы Жеңістің рухы – ел бірлігі мен ұрпақ сабақтастығының символы. Батыр бабалардың ерлігі әрдайым халық жадында сақталып, келер ұрпаққа өнеге болып қала бермек.
Іс-шара мерекелік рухтағы концерттік бағдарламаға ұласып, сахнада патриоттық әндер орындалып, соғыс жылдарындағы ерлік пен елдік рухты дәріптейтін көркем қойылымдар көрермен назарына ұсынылды. Мерекелік кеш қала тұрғындарына ерекше әсер сыйлап, Ұлы Жеңістің маңызын тағы бір мәрте айшықтай түсті.




