Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылында Жеңіс күніне арналған мерекелік шара өтті. Оған тыл ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері, жастар, еріктілер және аудан тұрғындары қатысты.
Абай көшесінің бойындағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткіш жанында майданда шейіт кеткен боздақтар бір минут үнсіздікпен еске алынды. Ұлы Отан соғысы жылдарында ел тәуелсіздігі мен бейбіт өмір жолында жанқиярлық ерлік көрсеткен майдангерлер рухына тағзым етіліп, ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Ескерткіш пен мәңгілік алау маңында әскери құрмет қарауылы қойылып, әскери оркестр сап түзеді.
Жиналған жұртшылыққа арнаған құттықтау сөзінде аудан әкімі Нұрлан Ертас осы ауданнан 6 мыңға жуық азамат соғысқа аттанып, жартысынан астамы туған жерге оралмағанын өкінішпен атап өтті. Атап айтқанда майданға аттанған 5806 адамның 2306-сы соғыстан аман-есен елге келсе, 2800 сарбаз Отан үшін жанын қиып, майдан даласында қаза тапты, 700 жауынгер хабар-ошарсыз кеткен. Аудан басшысы майдангерлердің ерлігі мен батырлығын ұрпақ жадында сақтау, сондай-ақ жас буынның бойына отансүйгіштік пен елжандылық қасиеттерді қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
Жиналған жұртшылық назарына «Сүйінбай сазы» ансамблінің мерекелік концерттік бағдарламасы ұсынылды.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы




