Тарих бетіне қашалып жазылған Екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңіс жалауының желбірегеніне 81 жыл толып отыр. Елге мұра, ұрпаққа ұран болған қастерлі мерекені Райымбек ауданының тұрғындары да зор құрметпен қарсы алып, соғыс құрбандары мен Ұлы Жеңісті жақындатуға табан ет маңдай терлері арқылы үлес қосқан тыл ардагерлерінің рухына тағзым жасады.
Тарихи дерек бойынша сұрапыл соғысқа Қазақстаннан 1 миллион 200 мың адам қатысты делінсе, Аспантау өңірінен 2 мыңға жуық адам аттанып, майдан өтінде қан кешті. Олардың тең жартысы туған жерлеріне аман оралса, тең жартысы майдан өтінде мерт болып, жат жердің топырағын жастанды. Хабар-ошарсыз кеткендерінің саны да біразға жетіп жығылады. Аспантау етегінен майданға аттанған азаматтар жан алып, жан беріскен ұрыстарда ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Брест қамалының қаһарманы, қазақтың тұңғыш партизаны Нарынқол ауылының тумасы Нұрым Сыдықов ерлігі үшін Қызыл Ту, Қызыл жұлдыз, 2-дәрежелі Отан соғысы және Польша мемлекетінің Қаһарман Кресті ордендерімен марапатталды. Текес ауылынан соғысқа қатысқан Бейқұтбай Дембаев «Даңқ» орденінің толық иегері атанды. 1-2 дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері, Севастополь қаласының Құрметті азаматы шалкөделік Жансая Мақышұлы, Алматыда жасақталған әйгілі 100-атқыштар дивизиясының құрамында болып, ерлік көрсеткен журналист-жазушы Әлнұр Мейірбеков, жамбылдық Қылыш Шәкіров пен Нұрғали Жансеріков, капидан шенімен соғысқа қатысып, ерлік көрсеткен шалкөделік Нұрылден Исабаев, 3-дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері шалкөделік Сатыбалды Әбділдаев, сүмбелік Кәдірахман Бестібаев, соғыстан кейінгі бар ғұмырын ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне арнаған ұлағатты ұстаз Шоғанбай Мұсаев, орман шаруашылығының майталманы Анатолий Строганов, басқа да майдангерлердің есімдері, жауынгерлік жолдары мен ерен ерліктері жерлестерінің есінен шықпақ емес. Соғыс жылдары ауылда тылдың жүгін көтерген ардагерлердің есімдері де зор құрметке ие. Аудан орталығында және ауылдарда көшелердің аттары соғыс ардагерлері мен мылтықсыз майдан ардагерлерінің атымен аталады. Мұның өзі жанға демеу, ұрпаққа ұран.
Ұлы Жеңістің құрметіне аудан орталығындағы соғыс құрбандарына арналған ескерткіш алдына жиналған ауыл тұрғындары, мекеме, ұйым басшылары, жастар, Нарынқол шекара бөлімінің жауынгерлері Жеңіс алауына тағзым жасап, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Майдангерлер мен тыл ардагерлерінің есімдерін бір минуттық үнсіздікпен еске түсірді. Аудан имамы Азамат Бұқарбеков қос майданның құрбандарының рухына Құран бағыштады. Салтанатқа жиналған қауымды аудан әкімінің орынбасары Самат Сатылғанов мерекемен құттықтады.
-Құрметті аудан тұрғындары! Баршаңызды Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ұлы Жеңіс – халқымыздың қажымас қайратының, батыр бабаларымыздың ерлігі мен еселі еңбегінің жемісі. Қан майданда Отан үшін оққа кеудесін тосқан әкелеріміздің ерлігін, тыл еңбеккерлерінің жанқиялық еңбектерін ұмытпау, ұрпақтан-ұрпаққа жалғау біздің перзенттік парызымыз. Жеңіс – бұл тек қарумен келген жеңіс емес, бұл – рухтың, бірліктің, төзімділік пен сенімнің жеңісі. Халқымыз сол бір қиын-қыстау кезеңде қайыспай, елдігін сақтап қалды. Батырлардың ерлігі мен аналардың төзімі, тыл еңбеккерлерінің маңдай тері – бәрі де Ұлы Жеңіске қосылған өлшеусіз үлес,- деген Самат Нақысбекұлы ауданда майдангерлерге, тыл ардагерлеріне жасалынып келе жатқан игі істерді тілге тиек етті. Елімізде әрдайым бейбітшілік пен тұрақтылық орнап, аспанымыз ашық, болашағымыз жарқын болсын, деген тілегін жеткізді. Салтанат барысында сонымен қатар аудандық мәслихат төрағасы Самат Мүсірбаев, аудандық ардагерлер мен ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бекболат Бірбаев сөйлеп, ізгі ниет-тілектерін арнады. Аудандық Мәдениет үйінің күміс көмей әншілері шырқаған «Жеңіс күні» әні жүректерді тербеп, көңілдерді көкке самғатты. Жеңіс мерекесін ұлықтауды парыз санайтын ұрпақтар қастерлі мерекеге осылайша құрмет көрсетті.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы




