Әр қызметтің қыр-сыры, ерекшелігі, арқалайтын жүгінің салмағы әртүрлі болады. Соның ішінде басы ауырып, балтыры сыздаған жандарға көмек қолын созуға дайын тұратын медбикелердің еселі еңбегін қалай дəріптесек те артықтық етпес. Қиындығы мол, зор жауапкершілік пен үлкен төзімді талап ететін қызмет атқарып, көптің құрметіне бөленіп жүрген ақ халатты абзал жанның бірі – Зүлфия Жұмахметова.
Зүлфия Берікбайқызы 1984 жылы Өзбекстан астанасы Ташкент шаһарында дүниеге келген. Әкесі Берікбай Жұмахметұлы мен анасы Жібек Нұрманқызы 1987 жылы Қарағандыға көшіп келген. Зүлфия 9-сыныпты бітірген соң, көпсалалы лицейде тігінші мамандығын меңгереді. Одан кейін Қарағанды медицина университетіне оқуға түседі. Алайда әкесінің сырқаттануына байланысты 2-курстан кейін академиялық демалыс алған. Тұрмысқа шыққаннан кейін жұбайының қолдауымен оқуын жалғастырған ол С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін тәмамдайды.
Еңбек жолын Еңбекшіқазақ аудандық емханасында медбике болып бастаған жас маман жауапкершілік жүгінің салмағын жақсы сезініп, алғашқы кездегі қиындықтарға мойымай, ілкі буын өкілдерінен білмегенін үйреніп, шеберлігін шыңдай түседі. Әсіресе Майрагүл Тазабекқызы оған бағыт-бағдар көрсетіп, білікті маман болып қалыптасуына септігін тигізген. Бұл емханада 5 жыл абыройлы еңбек етеді.
2016 жылы Зүлфия жұбайы Рахымжан екеуі ата-енесінен еншісін алып, Қонаев қаласына қоныс аударады. Қалалық емханада бала күтіміне байланысты демалысқа шығып жатқан жұқпалы аурулар кабинетінің медбикесі Кұндыз Әмірееваның орнына қабылданады. Құндыз Әмзеқызы үйінде отырса да, телефон арқылы ақыл-кеңес беруден аянып қалмай, бұл қызметтің қыр-сырын меңгеруіне көп көмегін көрсетеді.
– 2021 жылдан бері ЭКГ (электрокардиография) кабинетінің медбикесі болып қызмет атқарып келемін. Алматы қаласында арнайы курста оқып, сертификат алдым. Науқастарды электрокардиография аппаратына түсіріп, жүрек тұсына аппарат қойып, бір тәуліктен соң оны алып, нәтижесін дәрігерге ұсынамын. Оны дәрігер оқып, ем тағайындайды. Сонымен бірге жедел коронарлық синдром аппаратына түсіріп, инфаркты анықтаймыз. Қатты сырқаттанып келгендерді шұғыл түрде қабылдап, дәрігерге дейінгі диагноз қоямыз. Скрининг өтетін, портал арқылы отаға баратын, тағы басқа санаттағы адамдар кесте бойынша кезекпен келеді, – деп өз қызметінен хабардар етті маман.
Қажыр мен қайсарлықты бiр бойына жинаған медбикенің шаңырағына шаттық шұғыласын төгілткен жұбайы Рахымжан Жүсіпов – Қонаев қаласындағы кәсібін дөңгелетіп отырған іскер жандардың бірі. Жарасымды жұп – екі қыз, бір ұлдың ата-анасы. Тұңғышы – студент. Айналасына мейірімін төккен абзал жан бала тәрбиесіне немкетті қарауға болмайтынын терең ұғынған. Өз перзенттерінің де өнбойына адалдықты, үлкенді сыйлауды, кішіге қамқор болуды ұлттық құндылықтар арқылы дарытуды басты парызы санайды.
– Зүлфия Жұмахметова науқастарға да, әріптестеріне де әрқашан көмек көрсетуге дайын тұрады. Зор ізденіс үстінде тәжірибе жинақтап, өз міндетін мүлтіксіз, асқан жауапкершілікпен атқарып келеді. Оның көркем мінезін науқастардың да жүрекке жылы қабылдайтыны сырт көзге аңғарылып тұрады, – дейді емхананың аға медбикесі Анар Әлнұрқызы.
Бiлiм мен еңбекқорлықты ұштастыра біліп, айшықты еңбегімен дараланған Зүлфия Жұмахметованы Халықаралық медбикелер күні мерекесімен шын жүректен құттықтап, деніне саулық, отбасына ырыс пен ынтымақ, қызметіне табыс тілейміз.
Күнтуар БАҚТЫБАЙҰЛЫ
Қонаев қаласы




