2026 жылғы 21 мамыр күні Алатау қаласы Еңбек шағын ауданындағы №7 орта мектепте «Жаңа Конституция – этносаралық келісімнің берік негізі» атты конституциялық реформаны түсіндіруге арналған кездесу өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдар өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері, этномәдени орталық жетекшілері, жастар мен қала тұрғындары қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – Конституциялық реформалардың маңызын түсіндіру, қоғамдағы тұрақтылық пен этносаралық келісімді нығайту.
Жиынды Ішкі саясат бөлімінің басшысы Ардагер Өркенұлы Ақжігітов жүргізді. Алғашқы болып сөз алған Алатау қаласы әкімінің орынбасары Несіпбаева Гүлбану Сейіткенқызы жаңа Конституцияның қоғамдағы татулық пен бірлікті сақтаудағы рөліне тоқталды. Ол реформалардың елдегі демократиялық құндылықтарды дамытуға және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталғанын атап өтті.
Іс-шара барысында «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ өкілі Башенова Жансұлу Жұмабиқызы сөз сөйлеп, этномәдени бірлестіктердің қоғамдағы маңызы туралы айтты. Сонымен қатар, этномәдени орталықтардың белсенді мүшелеріне арнайы марапаттар табысталды.
Қоғам қайраткері, профессор Асылы Әлиқызы Осман мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәселесіне тоқталып, қазақ тілінің қоғамдағы біріктіруші күш екенін ерекше атап өтті. Ал қала мәслихатының төрағасы Абилова Роза Михаилқызы Конституцияның қоғамдық тұрақтылық пен бейбіт өмірдің негізі екенін айтты.
Кездесуде облыстық Ассамблея өкілдері, прокуратура және полиция бөлімінің басшылары да сөз сөйлеп, заң үстемдігі, құқықтық тәртіп және азаматтық жауапкершілік мәселелерін қозғады. Қоғамдық кеңес төрағасы Риза Санаққызы Саурбаева құқық үстемдігі тұрақты дамудың басты қағидасы екенін атап өтті.
Іс-шара соңында қатысушылар арасында сұрақ-жауап ұйымдастырылып, пікір алмасу жүргізілді. Сонымен қатар, патриоттық әндер орындалып, жиын мерекелік көңіл күйде аяқталды. Кездесу аясында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өткізіліп, Еңбек шағын ауданында тал көшеттері отырғызылды.
Бұл кездесу қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға, Конституциялық реформалардың маңызын халыққа түсіндіруге бағытталған маңызды шаралардың бірі болды.



