Перейти к содержимому

Қайсар қаламгер

  • автор:

Олжас Сүлейменовтің даңқын естіп, сыртынан ғана көргенім болмаса, ғұмыры сөйлеспеген жан еді. Жаратылыс оған бәрін үйіп-төгіп берген: биік бәйтеректей сұңғақ бойлы, көркем реңді, толқын-толқын шашы иығын жауып, талғамы бөлек киімі қандай десеңші! Баяғыда жазушылар сьезінде жасалған баяндамасын тың­даған­быз, мүйізі қарағайдай қалам­гер­­лерді сойып салғанын, ешкімнен сескенбейтін батылдығына таңқалғанбыз. Замана желі кейде оңынан, кейде солынан соғады. Сол алып тұлға бізге – Халықаралық ЮНЕСКО-ның мәдениет­терді жақындастыру орталығына бас директор болып тағайындалды. Міне, осы жерде ол кісімен жақын танысып, етене араласудың сәті түсті.

Аспаннан өлең жауған сәт

Олжекең онда республикалық «Казахстанская правда» газетінде істеп жүрген. Космосқа алғаш Белка мен Майка атты иттер ұшып, аман-сау қонды. «Енді адам ұшады, дайындық үстінде» деген әңгіме тарап кетті. 1961 жылы 11 сәуірде редакцияда «Ертең тұңғыш космонавтымыз ғарышқа ұшатын болды» деген ұзынқұлақ хабар тарады.
Кеудесін қуаныш кернеген жас ақын «Адамға табын, Жер, енді» деген табан астында жазған жырын редакторға апарып көрсетті. Ол дереу шығып жатқан газеттің бірінші бетіне салып жіберді. Ертеңіне 12 сәуірде «СССР-де тұңғыш рет адам космосқа ұшты. Майор Юрий Гагарин – жерді айналып ұшып келген адамзаттан шыққан тұңғыш космонавт» деген ТАСС хабары дүркін-дүркін беріліп жатты. Халықтың қуанышында шек жоқ, бәрі көшеге шығып, бір-бірін құттықтауда.
Өлеңін сұратып алып, мәскеулік газеттер, одақтас республикалардағы баспасөз бәрі-бәрі бірінші беттеріне басып, радиода саңқылдап оқып, Кеңес Одағы бір күннің ішінде Олжас Сүлейменов деген ақынды түгел танып, мәртебесін асқақтатты.
Тіпті осы өлең жеке бастырған жапырақ қағазды ұшақпен Алматы аспанында қала үстінен шашты. Алма ағаштары гүлдеген көктемнің балбыраған тамаша сәуір айында жұпаргүл аңқыған Алматы тұрғындары Олжастың өлеңін оқып, сол қағазды бойтұмардай сақтап, үйлерінің төріне іліп қойды. Бүкіл елге Юрий Гагарин мен Олжас Сүлейменов аңыз боп тарады.
Жиырма бес жасар ақынға даңқ деген кірнияз атақ өзі іздеп келді. Осыдан бастап ол он жыл бойы поэзия аспанында жұлдыз боп жарқырады. Талай-талай үлкенді-кішілі жиындарда тау суындай күркіреп өлеңдерін оқыды. «Адамға табын, Жер, енді» деп поэма жазып, атағын тіпті биіктетті. Жыр жинақтары мыңдаған, миллиондаған тиражбен бірінен соң бірі шығып жатты, басқа тілдерге дереу аударыла бастады.
Бәрін-бәрін көру керек бір басың,
Көру керек
Дарын болып туғасын.
Дәуірменен өлшегендей уақытты,
Әлемді ақын ұлы сөзбен жырласын.
Әр сағаты
Минуттарға бөлінген
Дәуірменен өлшеу өзі тегін бе?!
Болмашы бір сөздердің де шындығын
Өлшеу керек көңілдегі сеніммен, – деп адамзат, заман алдындағы ақындық кредосын осылай ақиқаттап жазды.

Құбылыс болған кітап

«Аз и Я» кітабы жарық көрісімен қара жер қарс айырылғандай идеологиялық салада айқай-сүрең, үлкен шу, дүрбелең шықты. Бұл тақырыпқа Олжас қалай келді деген заңды сұрақ туады.
Мәскеуде Горький атындағы әдебиет институтының бірінші курсында оқып жүргенде көне орыс әдебиетінен дәріс беретін Сидельников деген профессор оған «Игорь полкі туралы сөздегі» шығыс элементтері жайлы» курс жұмысын жазуға тапсырады. Бұл 1958 жылы болатын. Содан бастап он алты жыл бойы осы тақырыпты терең зерттеуге құлшына кіріседі. Бүкіл кітапхана, архивтерден осы жайында жазылған жайттарды түгел дерлік сүзіп шығады. Ақыры зерделеп, зерттей келе, өз тұжырымын бекітіп, жаңаша ой қорытады. Ұзақ жыл ізденісі мен талдауының нәтижесінде «Аз и Я» кітабын жазып шығады. «Жазушы» баспасынан Г.Толмачев редакторлығымен жарық көрісімен айдың-күннің аманында бомба жарыл­ғандай Мәскеудегі ғалымдар қарсы шығып, үлкен дау тудырады.
1976 жылы қаңтар айында Суслов басқаратын Орталық аппаратынан Қазақстан Компартиясына «Шұғыл» деген дабылмен құпия хат келіп түсті. Онда КПСС Орталық Комитетінде
«Аз и Я» кітабының авторы мен жауапты адамдарды шақырып, үлкен талқылау болатынын қатаң ескертіпті.
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші секретарі Месяц Олжасты шұғыл шақырып алып:
– Санаторийге барып, емделе тұр. Біз сені ауырып жатыр деп қағаз жібереміз. Жағдай өте қиын, – депті.
Бәрін кейін, оншақты жыл өткен соң ғана ол толық біліпті. Қонаев пен Месяц ақылдаса келе, біраз уақыт создыруды жөн көріпті.
Қонаев Қазақстанда сьезд дайындау барысында Мәскеуге бірнеше мәрте ұшып барып жүреді. Сол кездердің бірінде Л.Брежневке кіріп жолығып, ақылдасады. Әңгіме соңында шатақ шығып жатқан
«Аз и Я» кітабын ұсына­ды.
– Өзің оқып шықтың ба? – деп Брежнев сұрайды.
– Екі қайтара қарындашпен сүзіп оқып шықтым.
– Қалай екен?
– Ешқандай ұлтшылдық, пантүркі­шілдік деген мүлде жоқ. Мен мұны коммунист ретінде нағыз сеніммен айтамын, – дейді Димаш Ахметұлы.
– Оқып шығамын, – деп Брежнев кітапты ақтарып қарап, алып қалады.
Ақпан айының басында Қонаев сьезд жайлы Брежневке телефон соғады. Әңгіме барысында Бас хатшының көңіл күйінің өте жақсы екенін байқап, «Кітапты оқыдыңыз ба?» – деп сұрайды.
– Оқыдым, – деп ұзақ үнсіз қалады да, – Онда түкте ұлтшылдық жоқ. Кеңеске қарсы да ештеңе жоқ, – деп тоқетерін айтады.
Ал егер бұлай болмағанда қара бұлт төніп, бәрі араша талап, Олжас Сүлейменовті де, кітабын да тас-талқан қылуға бекініп отырған Суслов бастаған топ бірден көңілдері бәсеңсіп, кейін шегінуіне тура келді.
Бірақ СССР Ғылым академиясында бұл кітапты талқылау жөнінде Суслов нұсқау береді. Бұл талқылау 1976 жылы 13 ақпанда өтеді. Бүкіл Кеңес Одағының атақты ғалым-академиктері, түркі әдебиетін зерттеушілер залға сыймай кетеді. Мәжіліс үзіліссіз 18 сағатқа созылған. Ақтаған да, қаралаған да пікірлер айтылып жатты.
Соңында сөз Олжасқа беріледі:
– Кейбір ескертпелермен келісемін. Бірақ мен бұл кітабымда «Игорь полкі туралы сөз» туралы үлкен тебіреніспен, сүйіспеншілікпен жаздым. Әділ шындық­ты зерттеуім арқылы айттым, – дейді.
Бұл мәжіліс хаттамасы бірнеше ғылыми журналдарда жарық көрді. Бірақ ол жерде О.Сүлейменов сөзі берілмепті.
Егер ұлы тұлға Д.Қонаев араша түспесе, бұл дау-дамай әбден ушығып, Олжас Омарұлын «халық жауы» деп қаралап, біржола тұншықтыруға бет алған екен. Айта берсе, бұл – таусылмас жырдай ұзақ, өте ұзақ әңгіме.

* * *
Былтыр Конфуций, Шоқан Уәлиханов және Олжас Сүлейменовтей дара ойшылдардың өзара философиялық, әлеуметтік ой-бағыттары туралы халық­аралық конференцияда Сүлейменов­тің еңбектеріне оқымысты­лар айрықша тоқталып, жоғары баға берді.
«Кітап оқуға құштарлықты қалай арттырамыз» деген тақырыптағы кон­фе­рен­ция өте қызықты өтті. Бұл Сүлейменов­тің тікелей өзінің ұсынысы­мен өткізілген еді. Олжас Омарұлына әлемнің әр түкпірінен сан түрлі ғалымдар, тарихшы, саясаткерлер, қайраткерлер жолығып, пікір алмасып, үздіксіз келіп-кетіп жатады.
Соңғы жылдары «Аз и Я» кітабы және жаңадан бірнеше жинағы жарық көрді. Соларға қолтаңба беріп, кітабын сыйлады. Ал бұл кітаптары – үлкен қазына, рухани ақыл-ойдың кені.
Даңқ пен дақпырт, ақиқат пен аңызға толы бұл тұлға жайлы уақыт-таразы ғұмырнамасын екшеп, зерттеп, дәуір дәптеріне жаза берер.
Жақсылық нұрын шашқан шұғылалы, әсерлі күндер көп болғай!

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
ЮНЕСКО қамқорлығындағы
Мәдениеттерді жақындастыру орталығының бас ғылыми қызметкері, жазушы

t>