Перейти к содержимому
Главная страница » Калькасыз қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін арттырады

Калькасыз қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін арттырады

«Ұлттың жоғалуына да, сақталуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» – деп ұлы ақын Ахмет Байтұрсынов айтқандай, ұлттың қалыптасуы мен сақталуында мына үш нәрсенің маңызы зор. Олар – тіл, дін және жер мәселесі. Бұл туралы ой-пікір, жазбалар Алаш зиялылары Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов еңбектерінде жиі көтерілді. Осы тұста айта кететін жайт, Ахмет Байтұрсынов тек қазақ тіл білімінің негізін салып қана қоймай, сонымен қоса қазақ әліпбиін жасап, араб жазуын қазақ тіліне икемдеді. Одан бөлек, қазақ сыныптарына арналған оқулықтар жазып, қазақ тілінің грамматикасын жүйелеген болатын. Ал Әлихан Бөкейханов болса, қазақ тілінің мемлекеттік, қоғамдық маңызын көтеруге күш салды. Қазақ мектептерін ашу, қазақ балаларының ана тілінде білім алуы мәселесін қозғады. Тіпті, қазақ баспасөзінің дамуына ықпал еткен бұл зиялы қауым өкілдері сол кезеңдерде қазақ тіліндегі кітаптарды басып шығарып қана қоймай, оны сатумен, оқырман жинаумен де айналысты.

Бұдан өзге Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Сұлтанмахмұт Торайғыров сияқты көптеген тұлға  қазақ тілінің бүгінгі ұрпаққа мұра ретінде қалуына ықпал жасады. Сондай-ақ, осы баға жетпес қазынаны жастарға көзінің қарашығындай сақтауды аманат етті.

 Әрине, уақыт өткен сайын қазақ тілінің мәртебесі, болашағы туралы мәселелер қоғамда қызу талқыланып келеді. Осы орайда, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесін насихаттауға арналған іс-шаралар да республика төңірегінде жүзеге асырылуда. Мәселен, биылғы референдумнан кейін жаңа Конституция қабылданып, ондағы тілге байланысты «орыс тілі  қазақ тілімен  тең қолданылады» деген тіркес, жаңа нұсқада «қатар қолданылады» деп өзгертілді. Міне, бұның барлығы мемлекеттік тіл мәртебесін насихаттау мен ана тіліне басымдық беруге бағытталып отыр.

Ана тілі – рухани құндылығымыз, баға жетпес қазынамыз. Сондықтан тіл тазалығын сақтау аса маңызды. Бүгінде тіліміз тек орыс тілінен енген сөздер арқылы ғана шұбарланып отырған жоқ. Сонымен қоса, орыс тіліндегі кейбір сөздердің дұрыс аударылмауынан, одан бөлек жаргон сөздердің де орынсыз қолданылуынан да қазақ тілінің тазалығы сақталмай отыр. Мысалы, «краш», «изи», «базар жоқ» және тағы басқа осы сынды әдеби тіл нормасына жатпайтын көптеген сөздер қазақ тілінің шұбарлануына әсер етуде. Жастар арасында айқын басымдылыққа ие бұндай сөздер халықтың сөйлеу мәдениетін төмендетіп, тіл тазалығын әлсіретеді. Шет тілден енген немесе бұрмаланған сөздер қазақ тілінің бай сөздік қорының қолданылуын тежейді.

 Қазақ тілі – түркі халықтарының арасындағы ерекше әуезді, бай әрі көркем тіл. Сонымен қоса, қазақ тіліндегі сөздердің синонимі өте көп. Бұл қазақ тілінде бір ғана сөзді бірнеше түрлі  реңкпен жеткізуге ықпал етеді. Бірақ, қазіргі уақытта орыс тілінен қазақ тіліне аударылған сөздердің қате берілуі де тіл тазалығына әсер етуде. Осы тұста Ольга Примаченконың «К себе нежно» атты кітабы қазақ тілінде «Өзіңе нәзік түрде» деп аударылғанын мысалға келтіруге болады. Міне, осындай сөйлемнің мағынасына қарап емес, сөздік арқылы тікелей аударылған аудармаларды бүгінде көптеп кездестіруге болады. Бұл тіл заңдылығын бұзумен қатар, жас ұрпақтың санасына мағынасыз сөздер мен ұғымдарды сіңіруде. Біз бұл тұрғыда орыс тілінен аударған кезде ұлы ақын, аудармашы Абай Құнанбаевтың аударма өнеріне сүйенуіміз қажет. Өйткені Абай ақын Пушкин мен Крылов өлеңдерін аударғанда қазақ халқының салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын ескере отырып, ұлт табиғатына сай аударған. Сондықтан көптеген ғалымдар Абай аудармаларын өз жанынан шығарған өлеңге баулып жатады. Бұл – аудармаға берілген ең жоғары баға.

 Ал қазіргі уақытта сондай калька сөздер тілдің бұрмалануына әкеп соғады. Мысалы орыс тіліндегі «является» деген сөз қазақша «болып табылады» деп тікелей аударылып жүр. Мұндай аудармалар бай әрі шұрайлы қазақ тілінің сөздік қорының өз дәрежесінде әрі кеңінен қолданылуына кедергі келтіреді.

Қоғамдық орындарда қазақ тілінде аудармасы бар кейбір сөздер орыс тілінде қолданылып жүр. Мәселен, тамақтану орындарында ас мәзірін сұрағанымызда, даяшы әкелген мәзірде «Меню» деп тұрған жазбаларды жиі көреміз. Ол ол ма, тіпті кейде көшедегі баннер, плакаттарда да қазақ тіліне аударылған сөздердің өзінен де қате табуға болады.

 Осындай көптеген олқылықтарды филолог, аудармашы, тіл жанашыры Назгүл Қожабектің мысалдарынан байқауға болады. Ол қазақ тілінің тазалығы мен дұрыс қолданылуы, аударма мәдениетіне қатысты өзекті мәселелерді көтеріп, халықты тіл тазалығын сақтауға шақырып жүр. Егер де әрбір қазақстандық мемлекеттік тіл мәртебесін асқақтатуды, тіл тазалығын сақтауды ойлап, қазақ тіліне шын жанашыр болса, ана тілін құрметтеуді өзінен бастаса, тіл мерейі үстем болары сөзсіз. Бұл ретте калькасыз қазақ тілін қолдануға баса мән беруіміз керек. Сонда ғана ата-баба үміті ақталып, олар аманат еткен тіл тазалығын көзіміздің қарашығындай сақтаймыз.

Алтынай СЕЙТКЕН