Перейти к содержимому
Главная страница » Президент отандық бизнес өкілдері қаланы дамытудың бел ортасында жүруі қажет екенін айтты

Президент отандық бизнес өкілдері қаланы дамытудың бел ортасында жүруі қажет екенін айтты

«Маған бүгінде 50-ден астам инвестициялық жобадан тұратын пул жасақталғаны жөнінде мәлімдеді. Жалпы көлемі екі триллион теңгеге жуық қаржы құйылған бастамалар аясында 50 мыңнан аса жұмыс орны ашылады.

Алдағы бір-екі жыл ішінде басым салаларға инвесторлар тарта отырып, аталған портфельді кеңейте түсуіміз керек.
 
Әсіресе, отандық бизнесті ынталандыруға баса назар аударылғаны жөн. Бизнес өкілдері сырттан бақылаушы болмай, қаланы дамытудың бел ортасында жүруі қажет.
 
Мұның маңызы зор. Өйткені, Шэньчжэнь секілді қалалардың тәжірибесі алғашқы онжылдықта шаһардың өркендеуіне жұмсалған инвестицияның басым бөлігін сыртқы емес, ішкі салымдар құрағанын көрсетіп отыр.
 
Шэньчжэнь, Хайнань, Дубай, Сингапур сияқты қалалардың бәрінде мемлекет алғашқы инвестор ретінде базалық инфрақұрылым қалыптастырып берді. Осылайша, бизнесте тәуекел азайып, тиісті жағдай жасалатын орнықты инвестициялық цикл іске қосылды» — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет бастапқы кезеңде қаланың негізгі инфрақұрылымын дамыту мақсатында тұрақты түрде қаржы бөліп отыруы керегін де жеткізді.
 
«Жалпы, мұндай инвестициялық тәсіл – әбден орынды және ойға қонымды. Мемлекет инфрақұрылымға инвестиция салса, жеке капитал да келе бастайды. Соның арқасында салық түсімі артады, жаңа инфрақұрылым пайда болады. Осылайша, қолға алынған жұмыстың ауқымы кеңейе береді.
 
Ал негізгі инфрақұрылымға бастапқы инвестиция салу міндеті тек жеке секторға ғана жүктелсе, жобалардың инвестициялық тартымдылығы әлсірейді. Мұндай жағдай тарифі жоғары монополия құрылымдарының пайда болуына әкеп соқтырады және ақыр соңында дамуды тежейді.
 
Сондықтан Үкімет бастапқы кезеңде қаланың негізгі инфрақұрылымын дамыту мақсатында тұрақты түрде қаржы бөліп отыруы керек. Басқа жол жоқ.
 
Қажет болса, орнықты кіріс қоры қалыптасқанша Алатауға қосымша лимиттерді және мемлекеттің кепілдігімен қарыз алу құқығын беруге болады.
 
Дегенмен бюджет қаржысы тек инвестициялық мақсатқа сай жұмсалуға тиіс. Қаланың ұзақмерзімді даму бағдары басты назарда болуы керек» — деді Тоқаев.