Мықты өңір – мықты мемлекет кепілі. Алматы облысы бүгінде қарқынды дамып келе жатқан, индустриялық жаңғырту, әлеуметтік қайта құру басымдықтарын басшылыққа алған еліміздің ірі аймақтарының біріне айналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысына жасаған кезекті жұмыс сапары осы ойымызды айғақтай түсті.
Аймақ жұртшылығымен жүздесуде Мемлекет басшысы алдымен Алатау қаласының құрылысын толық жүргізуге қажетті өзекті мәселелерге тоқталды. Ел Президенті мемлекет қажетті нысандар салып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін жер телімдерін сатып алуға мәжбүр болып отырғанын айтты. Бұл жағдай бүкіл жұмысқа үлкен кедергі келтіріп жатқанын жасырмады. Мемлекет басшысының сөзінше, Алатау қаласы еліміздің жаңа іскерлік және инновациялық орталығы болуға тиіс. Жалпыұлттық маңызы бар осы жобаны әсте кешеуілдетуге болмайды. Өз кезегінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Алматы облысының экономикалық мүмкіндіктерін атап өтіп, түйіні тарқатылмаған бірқатар мәселеге назар аударды. Атап айтқанда, өнеркәсіптің мүмкіндігін толық пайдаланып, индустрияландыру жобаларын іске асыруда заманауи технологиялық өндіріске баса мән беру және Алатау қаласы мен Алматы агломерациясын дамыту қажеттілігіне тоқталды. Әсіресе, сауда-экономика және көлік-логистика саласындағы байланыстарды едәуір кеңейтіп, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау керек екенін баса айтты. «Жаңа шаһардың Үлкен Алматы айналма автокөлік жолының бойында орналасуы және Алатау қаласын Қорғаспен қосатын темір жол тармағының жоспарлануы келешекте Алматы агломерациясының ауқымын кеңейте түседі. Яғни ауқымды облыстық кластер пайда болады. «Almaty SkyHub» заманауи мультимодальді логистика орталығы өңірдегі маңызды жобалардың бірі болмақ. Осы өршіл жобаларды жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайды жасап, инвесторларды белсенді түрде тарту керек», – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Қазақстан халқына Жолдауында да: «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді» деп нақтылап айтқан болатын. Аймақ жұртшылығымен кездескенде де Президент агроөнерекәсіп саласында қосымша құны жоғары өнім шығару үшін өндірісті барынша автоматтандыруға, цифрландыруға және оның табиғатқа зиян келтірмеуіне басымдық берілуге тиіс екенін атап өтіп, ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың және бұл салаға инновацияларды енгізудің маңыздылығын жеткізді. Әрине, аймақта аграрлық саланы дамытуға бағытталған ауқымды жобалар бұған дейін де жоспарланып, жүйелі жүзеге асырылып келе жатқаны анық. Ары қарай да қолдағы бар мүмкіндіктер мен резервтерді толықтай пайдаланып, агрокешенді дамытуға үлес қосуымыз қажет. Президент Заң мен тәртіпке құрметпен қарау жауапкершілік сезімі жоғары азаматтарға тән айрықша болмыс екеніне де тоқталды. Енді бұл мәселе – Президент қана емес, бүкіл облыс жұртшылығы бірлесіп көтеретін және қадағалайтын ортақ міндетке айналуы шарт.
Тынышбай Досымбеков,
Алматы облысының Құрметті азаматы,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы
