Қонаев бүгінде қарқынды дамып келе жатқан қонақжай қала. Мұнда жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелдерден жүз мыңдаған турист келеді. Демек оларға жоғары сапалы қызмет көрсету маңызды. Бүгінде қала әкімдігі осы бағытта өнімді жұмыс істеуге басымдық беруде.
Облыс орталығында алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған жаңа модульдік пункт ашылды. Жоба халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, төтенше жағдайлар кезінде уақытты ұтымды пайдалануға және өңірдің денсаулық сақтау жүйесіне заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған.
– Мелекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше облысымызға жасалған кезекті жұмыс сапарында жергілікті атқарушы органдарды әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беруге шақырды. Әрине, тек инфроқұрылымды жөндеп қана қоймай, туристерге қызмет көрсетуді дұрыс жолға қою шарт. Қапшағай су қоймасы – ішкі туризмнің ең көп адам жиналатын бағыттарының бірі екенін ескеріп, осы жобаны қолға алып отырмыз. Келушілер қандай да бір медициналық көмекке мұқтаж болса, осы пункттің қызметіне жүгіне алады. Шомылу кезінде өзін жайсыз сезінген адам бұл пунктке келіп, SOS дабыл түймесі арқылы ішке еніп, облыстық жедел жәрдем стансасының диспетчерлік қызметіндегі мамандардан онлайн кеңес алады. Осылай жедел жәрдем көлігі жеткенше сақтық шараларын жасайды. Пункт алғашқы көмек көрсетуге қажетті медициналық жабдықтармен қамтылған. Цифрлық технологиялар мен қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылған. Медициналық пункттер 360° сыртқы бақылау камерасымен, қашықтан орталықтандырылған басқаруы бар телемедицина және ақпараттық дисплей жүйесімен әрі медициналық пунктті пайдалану жөніндегі нұсқаулықпен жабдықталған. Жобаны іске асыру халықты заманауи жедел көмек көрсету пункттерімен қамтамасыз етуге, медициналық көмек көрсету жеделдігін арттыруға және өңірде медициналық қызмет көрсетудің жаңа стандарттарын енгізуге мүмкіндік береді. Алда аталған модульдік медициналық пунктті облыстағы өзге танымал туристік нысандарда да ашуды жоспарлап отырмыз, – дейді блыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов.
Ерзат Асыл

