Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай мерекелік жиын өтті. Мәдениет үйінде өткен салтанатты жиында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жиналған қонақтарды Конституция күнімен құттықтап, облыстың сот-құқықтық саласына еңбегі сіңген азаматтарды марапаттады.
Әкім сөзінде конституцияның елдің саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуындағы маңызы зор екеніне назар аударды.
«Баршаңызды бүгінгі қастерлі мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын! 1995 жылы тамызда, бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституциямыз жаңа сипаттағы Қазақстанның елдік іргетасын қалады.
Осы жылдар ішінде Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде орнықты, дүние жүзінде өзінің лайықты орнын алды. Тарихи қысқа кезең біз қабылдаған қағидалардың және біз таңдаған бағыттың дұрыстығын дәлелдеді. 2022 жылы Конституциямыз заман талабына сай қайта жаңғырды. Жалпұлттық референдумның қорытындысы бойынша конституциялық реформа жүзеге асырылды. Бұл маңызды саяси қадам Қазақстан тарихында жаңа дәуір басталғанын айқындады» деген өңір басшысы «жаңартылған Конституция негізінде биліктің барлық институты қызметінің мейлінше тиімді моделі қалыптасқанын» атап өтті.
«Елдегі елеулі өзгерістердің дәл ортасында Алматы облысы да болды» деген әкім Сұлтанғазиев аз уақытта Алматы және Қонаев қалаларының ортасында «G4City» арнайы экономикалық аймағы құрылғанын, Алматы облысын дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиясы қабылданып, Қонаев қаласының Бас жоспары бекітілгенін тілге тиек етті. Осыған байланысты алдағы уақытта Алматы облысы ауқымды құрылыс алаңына айналып, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жақсарады деген үмітте екенін жеткізді.
«Мұндай іргелі істер Конституциямызға негізделген саяси тұрақтылықтың және экономиканың әлеуетті болуының арқасында мүмкін болып отыр. Сондықтан Ата заңымызды ардақтап, бірлігі берік, тірлігі тату жасампаз мемлекетімізді бірге нығайта берейік», – деп қорытындылады әкім сөзін.
Бұдан соң Марат Сұлтанғазиев бірнеше азаматқа «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағын табыстады. Олардың қатарында Парламент Сенатының депутаты Жанболат Жөргенбаев, «Қазақстан Республикасының Қызыл Ай қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті Еркебек Арғымбаев, жазушы, драматург Ахмет Аширов, еңбек ардагерлері Қанат Тәкебаев, Әсия Мұхамеджанқызы бар. Сонымен қатар облысымыздың сот саласында түрлі қызмет атқаратын бірнеше адамға Алматы облысының Құрмет грамотасы мен облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Салтанатты шараның соңын Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы мен «Алатау әуендері» концерттік ұйымның өнерпаздары ұйымдастырған концерттік бағдарламамен аяқталды.