Кеген аудандық мәслихатының мәжіліс залында Отбасын қолдау орталығы жанындағы мобильді топ мүшелерінің қатысуымен өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау және оларға қолдау көрсету жұмыстарын ұйымдастыру мәселелеріне арналған жиын өтті.
Кеген аудандық прокуратурасының прокуроры Ерасыл Нұрғалиұлы, мектеп директорлары, полиция инспекторлары, денсаулық сақтау саласының өкілдері қатысқан шараға аудандық «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Біләл Мәсімбаев төрағалық етті.
Айта кетейік, 2025 жылғы 20 қаңтарда Кеген аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жанынан «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Оның негізгі мақсаты – отбасы институтын нығайту, әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға қолдау көрсету, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу.
Жиында негізгі баяндама жасаған орталық директоры Біләл Мәсімбаев аудан көлемінде әлеуметтік мәселелердің алдын алу мақсатында 221 адамнан тұратын мобильдік топ құрылғанын хабарлады. Оның құрамына ішкі істер органдарының қызметкерлері, денсаулық сақтау және білім беру саласының мамандары, сондай-ақ ауылдық округ әкімдігінің өкілдері енгізілген.
– «Отбасының цифрлық картасы» жобасы аясында орталық отбасылардың әлеуметтік жағдайын жүйелі түрде талдап, мониторинг жүргізіп келеді. Сонымен қатар «FSM Social» мобильдік қосымшасы арқылы азаматтардың өтініштері қабылданып, тиісті көмек көрсету шаралары ұйымдастырылуда, – деді ол.
Аталған орталыққа осы уақытқа дейін «FSM Social» мобильдік қосымшасы арқылы 47 азамат жүгінген. Олардың басым бөлігі әлеуметтік қолдау көрсету бойынша өтініш білдірген.
Жиын барысында аудандық прокуратура өкілі Ерасыл Нұрғалиұлы, аудандық білім бөлімінің маманы Роза Өмірсейітова және Кеген ауылдық әкімдігінің бас маманы Эльмира Қайнарбаева әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ қиын жағдайға тап болған отбасыларға психологиялық және әлеуметтік көмек көрсету бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар «D» және «E» санатына жататын азаматтармен жұмыс жүргізу тәртібі, олардың әлеуметтік жағдайын бағалау және тиісті қолдау шараларын ұйымдастыру мәселелері жан-жақты түсіндірілді.
Жиын қорытындысында Отбасын қолдау орталығының директоры Біләл Мәсімбаев мобильдік топ мүшелерінің жұмысына сәттілік тіледі.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы
