Қонаев – бүгінде қарқынды дамып келе жатқан қонақжай қала. Мұнда жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелдерден мыңдаған турист келеді. Демек, оларға жоғары сапалы қызмет көрсету маңызды. Қала әкімдігі осы бағытта өнімді жұмыс істеуге басымдық беруде.
Облыс орталығында алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған жаңа модульдік пункт ашылды. Жоба халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, төтенше жағдайлар кезінде уақытты ұтымды пайдалануға және өңірдің денсаулық сақтау жүйесіне заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше облысымызға жасаған кезекті жұмыс сапарында жергілікті атқарушы органдарды туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беруге шақырды. Қапшағай су қоймасы – ішкі туризмнің ең көп адам жиналатын бағыттарының бірі екенін ескеріп, осы жобаны қолға алып отырмыз. Келушілер қандай да бір медициналық көмекке мұқтаж болса, аталған пункттің қызметіне жүгіне алады. Шомылу кезінде өзін жайсыз сезінген адам осында келіп, SOS дабыл түймесі арқылы ішке еніп, облыстық жедел жәрдем стансасының диспетчерлік қызметіндегі мамандардан онлайн кеңес алады. Осылайша, «Жедел жәрдем» көлігі жеткенше сақтық шараларын жасайды.
Пункт алғашқы көмек көрсетуге қажетті медициналық жабдықтармен қамтылған. Цифрлық технологиялар мен қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылған. Медициналық пункт сыртқы бақылау камерасымен, қашықтан орталықтандырылған басқаруы бар телемедицина және ақпараттық дисплей жүйесімен әрі медициналық пунктті пайдалану жөніндегі нұсқаулықпен жабдықталған. Жобаны іске асыру медициналық көмек көрсету жеделдігін арттыруға және өңірде медициналық қызмет көрсетудің жаңа стандартын енгізуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта аталған модульдік медициналық пунктті өңірдің өзге де туристік нысандарында ашуды жоспарлап отырмыз, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов.
Ерзат АСЫЛ

