Перейти к содержимому
Главная страница » Тәңіртау төсіндегі толымды табыс

Тәңіртау төсіндегі толымды табыс

Хантәңірінің баурайында орна­ласқан, тұмса табиғатымен талайды тамсандырған Райымбек ауданы іркес-тіркес тізілген асқар тауларымен, жасыл-желекке оранып, жайқалған жазығымен, мөлдіреп аққан тұп-тұнық өзен-көлімен көңілге кең даладай дархандық, жанға жай отындай жігер сыйлайды. Осынау киелі топырақтан талай ұлы тұлғалар өмірге келіп, тарих сүрлеуінде өшпес ізін таңбалады. Ал биыл аудан 90 жылдығын дүркіретіп өткізіп, дүйім жұрттың назарын өзіне аудартпақ. Осыған орай мерейтой қарсаңында баспасөз туры ұйымдастырылып, журналистер қауымы атқарылған ілкімді істердің куәсі болды.

Бүгінде инфрақұрылымды дамыту, ауыл шаруашылығын ілгерілету, туристерді тарту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жастарға жайлы жағдай жасау, әлеуметтік жобаларды жетілдіру бойынша айтулы шаралар атқарылып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше көңіл бөлінуде. Ауданның тыныс-тіршілігі, әсіресе, ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Табиғат жағдайы, жердің құнарлылығы бұл бағытты дамытуға толық мүмкіндік береді. Осыған орай ауданда алғаш рет ауыл шаруашылығы форумы өтті. Оған шаруа қожалықтарының өкілдері, сала мамандары, ғалымдар мен аудан тұрғындары қатысты. Форумда тыңайтқыштар, дрондар және өсімдік шаруашылығына арналған заманауи технологиялар көрмесі ұсынылды. Түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер өз жұмысын таныстырды. Олар ет, сүт, бал, балық және өзге де күнделікті өмірде тұтынатын өнімдерді өңдеп, халыққа ұсынып отыр. Солардың бірі – «Әшірақын Диас» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі. Кәсіпорын 2025 жылдан бері жұмыс істейді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 27 млн теңге несие алып, осы қаражатқа қора-жай салып, 3000 бас тауық сатып алған. Қазіргі таңда Райымбек, Кеген аудандарын экологиялық таза тауық етімен, сапасы жоғары жұмыртқамен қамтамасыз етуде. Ал «Райымбек омарташылары» өндірістік кооперативі бал өнімін өндірумен айналысады. Қазіргі таңда онда 100-ден астам омарта бар. Балдан бөлек емдік қасиеті бар 15 түрлі өнім алынады. Болашақта омарта санын 500-ге дейін көбейтуді жоспарлап отыр. Кооператив басшысының айтуынша, бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға, пайдалы әрі таза өнім көлемін арттыруға септігін тигізеді.


Форум барысында ауыл шаруашылығы зерттеу институттары бұл саладағы топырақ деградациясы, мал ауруы және өзге де қауіп-қатерлердің алдын алуға бағытталған жобалары жайлы баяндады. Шаруалар институттармен меморандумға қол қойып, бірігіп жұмыс істеуге уағдаласты. Сондай-ақ кәсіпкерлерге лизингке ауыл шаруашылығы техникалары берілді.
Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаевтың айтуынша, бүгінде бұл саланы дамытуға бағытталған тың бастамалар қолға алынған. Ауданда 2500 гектардан астам жерде су үнемдеу қондырғылары пайдаланылуда. Биыл тағы 1800 гектар аумаққа заманауи технологиялар орнатылмақ.
Журналистерге сондай-ақ ауданда атқарылып жатқан ауқымды аграрлық жобалар таныстырылды. Мәселен, Сарыбастау ауылдық округіндегі Қараой жазығына көз тіксеңіз, шаруалардың қызу еңбекке кіріскен көрінісіне куә боласыз. Себебі онда «Altyn DAN» ЖШС ірі жобаларды іске асыруда. 2022 жылы 8 шаруа қожалығы бірігіп, аталған кооперативті құрған. Шаруалар 500 гектар жерге жалпы құны 780 миллион теңге болатын заманауи суару қондырғыларын орнатып, бұл жерді егістік алқабына айналдырған. Үш жылдан бері Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен тығыз байланыс орнатып, жаңа сорттарды көбейтіп, аудан шаруашылықтарына таратуда. Ал биыл 120 гектар жерге биологиялық бидай және арпа сорттарын сепкен. «Magnum» сауда желісімен 2000 тонна тауарлық картоп жеткізу жөнінде келісім жасаған. Сондай-ақ Орта Азиядағы танымал «PepsiCo Central Asia» компаниясымен келіссөз жүргізіп, 250 гектар аумаққа фри мен чипсі өндірісіне арналған «Леди Клэр» және «VR 808» картоп сорттарын егуде. Әр гектардан 27-30 тонна өнім өндірілмек. Яғни жалпы 6000-7000 тонна картоп алынады. Келесі жылдан бастап Нарынқол картобынан дайындалған чипсінің дәмін татуымыз мүмкін.  


Аграрлық сала бойынша қолға алынған тағы бір ауқымды жоба кендір өсірумен байланысты. Облыста алғаш рет 250 гектар аумаққа аталған дақылдың тұқымы егілген. Оны жергілікті шаруалар Қытай кәсіпкерлерімен серіктестік құрып, іске асыруда. Егістік алқабында озық заманауи технологиялар жұмыс істеп тұр. Биыл жақсы өнім берсе, шетелдік инвесторлар жер аумағын кеңейтіп, терең өңдейтін зауыт салуды жоспарлап отыр. Жобаға 4 млрд теңге инвестиция салынбақ. Кендірдің дәнінен май алынса, ал сабағынан киім тігіледі. Егер жоба толық іске қосылса, бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халықтың туған жерінде тұрақтап қалуына септігін тигізеді. Тіпті облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев егістік алқабына арнайы барып, жұмыс сапасына оң баға берді. Бұл жобаны ары қарай жетілдіру керегін, ал әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін айтты.
Ирригация саласында 6 су қоймасын, 8 магистральдық каналды және 13 ішкі шаруашылық каналын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыруға, экспорт әлеуетін арттыруға және су ресурстарын ұтымды пайдалануға жол ашады.
Қазіргі таңда Райымбек ауданында 66 мың ірі қара, 267 мың қой мен ешкі, 42 мың бас жылқы бар. 2316 шаруа қожалығы тіркелген. Аудан әкімі Дастан Сұлтанмұратұлының мәлімдеуінше, ірі қара малын асылдандыру және мал шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда ірі қара мал тұқымын асылдандырумен 12 шаруа қожалығы, ал асыл тұқымды ұсақ мүйізді мал өсірумен 6 шаруа қожалығы айналысуда. Онда «Ангус», «Герефорд», «Қазақтың ақ бас сиыры», «Қалмақ» тұқымды ірі қара, сондай-ақ «Архар меринос» және «Иль-де-Франс» тұқымды қойлары өсірілуде. Осы бағыттағы жұмысты жүйелеу мақсатында биыл аудан әкімдігі мен Қазақ ұлттық аграрлық университеті арасында мал тұқымын асылдандыру жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Бұл келісімнің нәтижесінде университет ғалымдары шаруашылықтарда мал тұқымын жақсарту ісіне ғылыми жетекшілік жасап, әдістемелік қолдау көрсететін болады. Соңғы жылдары ауданда 200-ге жуық трактор, 100-ден аса агрегат сатып алынып, жаңарту көрсеткіші 60%-дан асқан.


Ет өндірісі бойынша Қақпақ ауылында аудандағы алғашқы ірі мал бордақылау алаңының құрылысы аяқталуға жақын. Оны ауыл тұрғыны Мәди Сәтімбаев өз қаржысы есебінен жүзеге асыруда. Әуелде шағын бордақылау ісімен айналысқан ол қазір кәсібін кеңейту үстінде. Алдағы уақытта субсидия алуға мүмкіндігі де бар екенін айтады. Құрылыс жұмысы аяқталған соң 1000 бастан астам ұсақ мүйізді мал бордақыланады. Одан бөлек биыл 6 ауылдық округте ветеринарлық пункт ғимараты мен 8 мал қорымы салынбақ.  
Аудандағы үлкен мәселелердің бірі – халықтың туған өлкесін тастап, қалаға қарай көшуі. Осының әсерінен кадр тапшылығы, жас мамандардың жетіспеушілігі сияқты түйткілдер туындауда. Аудан әкімдігінің айтуынша, былтыр Астанадан «AMANAT» партиясының орталық аппаратынан арнайы мамандар келіп, халықпен кездесу өткізген. Онда шекара аймағында тұрып жатқан адамдардың жұмыс өтілін көтеру, еңбек ақысына үстемеақы қосу, елге көшіп келіп жатқан жандардың көші-қон шығындарын өтеу, тұрғын үймен қамтамасыз ету, инвесторларға салық жеңілдігін қарастыру бойынша ұсыныстар айтылған. Бүгінде аталған мәселені шешу үшін ауылдарда спорт кешендері, медициналық нысандар мен мәдениет ошақтары салынып жатыр. Мәселен, Қайнар ауылында 50 орынды спорт кешенінің құрылысы басталып кеткен. Нысан 2 қабаттан тұрады. Ғимарат түрлі жарыстар мен топтық жаттығулар өткізуге арналған. Сондай-ақ спортзал, бокс пен күреске арналған арнайы орындар, әкімшілік-тұрмыстық бөлмелер салынады. Спорт кешені жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Райымбек ауданынан шыққан спортшылар бүгінде әлемдік деңгейдегі жарыстарда бәсекеге түсіп, ел абыройын үстем етуде. Нысан ашылғаннан кейін олардың саны едәуір артатыны сөзсіз.  


Урбанизацияны тоқтатудың тағы бір амалы – жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Қазіргі таңда аудан тұрғындары мемлекеттік бағдарламалар мен гранттарды пайдалана отырып, шағын кәсіптерін жүргізуге кіріскен. Мұны Нарынқол ауылдық округінің әкімі Амангелді Смайылұлы тілге тиек етті. Айтуынша, ауылдың 24 тұрғыны 2,5 пайызбен 200 млн-ға жуық қаржы алып, өз кәсібін бастаған. Одан бөлек ауыл тұрғындары 400 айлық есептік көрсеткішке дейін гранттар алған. Көпшілігі балық шаруашылығы, бал өнімін дайындау және жылыжай ісін дамытуға басымдық берген. Солардың бірі – жылыжай кәсібін қолға алған Қанат Шелекбаев. Ол 17 сотық аумаққа таңқурай, құлпынай, қияр мен қызанақ өсіруді бастаған. Тіпті, тамшылатып суару жүйесін де орнатқан. Алдағы уақытта 5 млн-дық грантқа қатысып, кәсібін кеңейтуді жоспарлауда. Осылайша ауыл-аймақты экологиялық таза көкөніс және жеміс-жидекпен қамтамасыз етуге үлесін қосуда.
Райымбек ауданының көркем табиғаты туризмді дамытуға зор мүмкіндік береді. Ол үшін алдымен инфрақұрылымды жетілдіру қажет. Осыған орай Шалкөде, Көккемер, Байынқол және Шұбартал жайлауларына апаратын жолдарға асфальт төсеуге тиісті қаражат бөлініп, жұмыстары басталды. Облыстық туризм басқармасы және «Авалон» тарихи-географиялық қоғамының мамандары бірлесіп, Кеген ауданындағы Саты ауылының тәжірибесін үлгі етіп алып, пилоттық жобаны іске асыруда. Соған сәйкес, Қарасаз, Жамбыл, Қақпақ және Сарыжаз ауылдарынан жеке тұрғындар есебінен қонақүйлер мен жол бойындағы қызмет көрсету алаңдарын, жақын маңдағы көрікті жерлерге турлар ұйымдастыру қарастырылуда. Ауданда туристік бағытта жұмыс істейтін 6 демалыс аймағы бар. Яғни алдағы уақытта олардың саны едәуір көбейеді деген сөз. Сондай-ақ төбесі көк тіреген Хантәңірі шыңын көру алаңы салынбақ. Жақын күндері облыстық туризм басқармасы мен аудан әкімдігі бірлесіп, жаңа туристік 3 бағыт бойынша зерттеу, зерделеу жұмыстарын жүргізеді. Олар – Сарыжаз, Шалкөде және Көккемер жайлауы, Құтырған тауы мен Текес сарқырамасы, сондай-ақ Байынқол аңғары бағыттары. Одан бөлек жергілікті кәсіпкерлер 200-ге жуық киіз үй тігіп, этнотуризмді дамытуға күш салуда.  


Аудан бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 588 шақырым. Қазіргі таңда «Кеген – Нарынқол» автожолының құрылысы жүріп жатыр. Жалпы қашықтығы – 89 шақырым. Бүгінде оның 15 шақырымы жасалған. Ал қалған 74 шақырымын «Нұрлы жол – 7» ЖШС іске асыруда. Онда 70-ке жуық адам мен 50 техника жұмылдырылған. Жалпы жолдың 53 шақырымының негізі салынған. 52 шақырым жолда асфальттың астыңғы қабаты төселген. Осы жылдың қараша айында толық аяқталады. Жоба құны – 8 млрд теңге.
Райымбек ауданында тұрғын үй кезегіне 1018 адам тіркелген. Оның ішінде 443 отбасы әлеуметтік осал топ санатына жатады. Өткен жылы 713 млн теңгеге 34 үй сатып алынған. Ал биыл 156 үйді сатып алу жоспарланған. Сарыжаз ауылында бой көтерген жаңа үйдің иесі атанған жандардың бірі – көпбалалы ана Гүлзира Тоғанбаева. Бес жыл бойы кезекте тұрып, өз баспанасына қол жеткізген. Үш бөлмелі үйдің толық көңілінен шыққанын айтады. Қазіргі таңда Қайнар ауылында тұрып жатыр. Алдағы күндері жаңа үйге көшіп келіп, қоныстойын тойламақ. Ол үйлі болуға жағдай жасаған облыс, аудан әкімдігіне алғыс айтып, қуанышында шек жоқ екенін жеткізді.
Пресс-тур барысында Райымбек ауданында жүзеге асырылып жатқан ауқымды істерді көзбен көріп, көңілге түйіп қайттық. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін игі бастамалар мен жарқын жобалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, ел игілігіне қызмет етеді деген сенімдеміз.

Гүлзат БАЙҚОНЫС
 Райымбек ауданы