Жақында Жиделі жұртшылығы көптен күткен қуанышты оқиғаның куәсі болды. Ауыл ішінде бой көтерген жаңа саябақтың құрылыс жұмыстары толық аяқталып, нысан салтанатты түрде халық игілігіне пайдалануға берілді. Ауыл көркін арттыра түскен жаңа саябақтың ашылу рәсімінде құттықтау сөз сөйлеген Балқаш ауданы әкімі Азат Құтпанбетов жиделілік ағайынға ақжарма тілегін арнады.
– Қазіргі таңда ауданымызда тұрғындар игілігіне біршама іс-шаралар атқарылып жатыр. Саябақтың құрылыс жұмыстары мердігер «Қазақстан Строй Техно» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен былтыр сәуір айында құны 196 млн. 184 мың теңгеге келісімшарт жасалып, басталған болатын. Міне, сол құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріліп отыр. Саябақтың жалпы ауданы 0,9 гектарды құрайды. Енді бұл саябақтың келешектегі тазалығы, гүлдеп тұруы тек біздің ғана емес, әрбір ауыл тұрғынының міндеті деп есептеймін. Өйткені ауыл тазалығы – бірінші кезекте тұрғылықты халықтың қолында. Елдің өсіп-өркендеуі тікелей ауылға байланысты. Ауыл дамыса, Қазақстан көркейетіні баршаға аян, – деген аудан басшысы, сонымен қоса Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Балқаш өңірінде тазалық жұмыстарының тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын да тілге тиек етті. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қанатты сөзді негізге алған аудан әкімі Азат Үкітайұлы алдағы уақытта жаңа саябақты күтіп ұстап, тазалығын сақтау, оған көзінің қарашығындай қарау тұрғындар еншісінде екенін де баса айтты.
Мерекелік жиында Балқаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев та сөз алып, жаңа саябақтағы балаларға арналған ойын алаңдары мен спорттық құрылғылардың сапалы орнатылғанын атап өтті. Бұдан соң Жиделі ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Шыңғыс Байсынов пен ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Күлмария Абирова ауылдастарын жаңа нысанның ашылуымен құқттықтады. Салтанатты жиын барысында сөз алған ауыл ақсақалы Бейқұт Жарқынбаев жиналған қауымға ақ батасын арнап, жылы лебізін білдірді.
Қуанышты сәтте аудан өнерпаздары әсем әннен шашу шашып, тұрғындарды бір серпілтіп тастады. Ал Жиделі орта мектебінің оқушылары жырдан шашу шашып, мерекенің сәнін келтірді. Саябақтың лентасы қиылғаннан кейін ақ жаулықты әжелер шашу шашып, тұрғындар қуанышын еселей түсті. Осылайша жаңа демалыс орны жиделіліктерге қуаныш сыйлады.
Айта кетейік, саябақ аумағында заманауи үлгідегі әткеншектер, түрлі ойын алаңдары мен спорт құрылғылары орнатылған. Алаңдардың бетіне төселген жұмсақ резеңкелер демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ онда жанға жайлылық сыйлайтын орындықтар мен түнгі жарық шамдары да қойылған. Алдағы уақытта саябақ аумағында әсем гүлдер жайқалып, жасыл желекке көмкерілген нысан ауыл ажарын көркейте түспек. Жиделі ауылындағы зейнеткер қариялар ендігі кезекте немерелерімен бірге саябаққа келіп, бір мезет демалып, бос уақыттарын тиімді әрі көңілді өткізбек ниетте. Ауыл жастарына да саябақта бас қосып, сырласып, өзара ой бөлісуге мүмкіндік туды.
Ауыл нағыз қаймағы бұзылмаған қазақы құндылықтың, салт-дәстүр мен мәдениеттің қайнаған ортасы. Ал сондай ауылдар мен елдімекендердің заман талабына сай көркейіп, жаңарып жатқаны ел дамуына жол ашпақ. Алтынай СЕЙТКЕН Балқаш ауданы
