Перейти к содержимому
Главная страница » Өрт сөндіру бекеті ашылды

Өрт сөндіру бекеті ашылды

Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қандай да бір себептерге байланысты орын ала қалған өрттерді жедел ауыздықтау – атқарушы билік пен салаға жауапты мемлекеттік органдардың басты міндеті. Себебі оның арғы жағында адам өмірі мен қоғам мүлкін сақтау талабы тұрады. Осынау маңызды қажеттілікті негізге ала отырып, «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында Кеген ауданының Ақай Нүсіпбеков ауылдық округінде жаңа өрт сөндіру бекеті қолданысқа берілді. Бұл маңызды оқиғаға ауыл тұрғындары да жиналды.

Маңызды нысанның ашылу рәсімінде жергілікті тұрғындарды Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов, аудан әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы, Кеген ауданының прокуроры Алмат Амитжанұлы және Кеген аудандық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Ринат Уәлиханұлы, ауыл әкімі Рүстем Әлімов  және аталған ауылдың ақсақалдар алқасының төрағасы Серік Ұзақов құттықтап, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Лентасын қиып, құрылым мамандарына сәттілік тіледі.

 – Ақай Нүсіпбеков ауылында орналасқан жаңа нысан осы төңіректегі елдімекендерді өртке қарсы қорғаныспен қамтамасыз етеді. Төтенше жағдайлар қызметкерлері өрттің алдын алу және оны жою шараларын жедел жүргізуге мүмкіндік мол, – деген Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов су жаңа автокөліктің кілтін Ақай Нүсіпбеков ауылдық округінің әкімі Рүстем Әлімовке табыс етті.

Ведомство басшысының айтуынша, «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы – ауылдық жерлердегі қауіпсіздікті арттырудың негізгі құралдарының бірі және оны іске асыру алдағы уақытта да жалғасын табады.

Ғимарат толықтай демеушілердің қаржысына салынды. Мұнда өрт сөндіру техникасына арналған орын, асүй, демалыс және тұрмыстық бөлмелер бар. Төтенше жағдайлар министрлігі бекетті өрт сөндіру техникасымен, арнаулы формалық киіммен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етті.

Аудандық және ауылдық Мәдениет үйлері өнерпаздарының ән-шашуы жағымды жаңалыққа риза пейілдегі ауыл тұрғындарының қуанышын еселей түсті.

Уақыт тынысымен үндесе қадам басып, даму жолына түскен ауылды мекендейтін қалың қауым алдағы уақытта осы тектес, көңілге қонымды істердің орнықты жүзеге асырылып, ел мұқтажы өтеле береріне сенімді. 

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ Кеген ауданы