Перейти к содержимому
Главная страница » Сапалы әрі қолжетімді

Сапалы әрі қолжетімді

Қарасай ауданы бүгінде аграрлық саладан өндірісі өркендеген өлкеге айналуда. Мұнда халық шаруашылығына қажетті тауарлар шығаратын ірі де іргелі кәсіпорындар бой көтеріп келеді. Солардың бірі – құрылысқа арналған сендвич-па­нель­дер шығаруға маманданған «ВМG НОLDІNG» компаниясы.

Ардақ Айтуқызы негізін қалаған компания 2021 жылы жалға алынған ғимаратта жұмысын бастаған. Шаруасын жолға қойып, тапсырысты арттырған күндердің бірінде зауыт ғимаратын өрт шалып, толықтай жанып кеткен. Осындай сындарлы сәтте қиындыққа мойымаған кәсіпкер Әйтей ауылдық округіне қарасты Сауыншы ауылының аумағынан өндіріске қажетті жер алып, үш айдың ішінде жаңа да заманауи зауытты іске қосады.
Бұл жерде өндірілетін сендвич-панельдер ыстыққа да, суыққа да төзімді әрі сапасы жоғары болғандықтан құрылыс саласында жаппай қолданылып келеді. Негізінен көкөніс қоймасын, зауыт ғимаратын, спорт кешені мен шағын цех, сауда және демалыс орындарын салуға өте қолайлы әрі тұрғызылуы тез панельдер қарапайым тұтынушылардан бастап, ірі компаниялардың сұранысына ие.
– Біздің зауыт құрылысқа аса қажетті өнім шығаратын еліміздегі 10 үздік кәсіпорынның қатарына еніп отыр, – дейді компанияның бас директоры Қанат Айдарбекұлы. – Өртке қауіпсіз, жаңбыр мен суға, сыртқы ауа райының әсеріне төзімді панельдерді жасауға сапасы жоғары темір мен минералды мақтаны пайдаланамыз. Сендвич-панельге қажетті материалдар елімізде өндірілмейтіндіктен, негізінен Қытай мен Ресейден жеткізіледі. Сонымен қатар тапсырыс берушінің қалауы бойынша ғимаратты жобалап, құрастырып, дайын күйінде өткізу мәселесі де жолға қойылған.


Қазіргі таңда зауытта 30 адам еңбек етеді. Ал ірі тапсырыс түскен кезде олардың саны 50-ден асады. Жұмысшылар Әйтей ауылынан, Қаскелең мен Ұзынағаштан келіп істейтіндіктен, тасымал мен тегін түскі ас, ал алыста тұратындар үшін жатақхана қарастырылған. Жалақылары да көңілден шығады дейді мұнда еңбек ететіндер.
Зауыт бір күнде 2 мың шаршы метр панель шығаруға қабілетті. Мемлекеттік сәйкестендіру сертификаттарына ие болған кәсіпорын болашақта өндіріс көлемін ұлғайтуды да жоспарлап отыр. Осы орайда алдағы жылдары 5 миллиард теңге инвестиция тартылып, қосымша цехтар салу көзделуде. Сапасы ресейлік талаптармен таласатын, ал бағасы Қытай нарығына пара-пар өнімдер отандық өндірістен өз орнын тапқаны анық.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы